Парламент Мәжілісінің депутаттары – Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Бекқали Торғаев, Айдос Сарым және Артур Платонов Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр адамға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау мақсатында Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Ala Estate шағын өнеркәсіптік саябағына барды.
Жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік базалар негізінде өнеркәсіптік парктер құру және жаңа өндірістік үй-жайлар салу Алматы қаласы бойынша Жол картасына енгізілген. 300-ге жуық жобаны жүзеге асыру алматылықтарға 25 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа барлығы 18,2 млрд. теңге бөлінді. Мәжілісмен Артур Платонов мегаполисте шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды жоғары бағалады. Мысалы, биыл жоспарланған 5 өнеркәсіптік парктің 4-еуі жұмысқа кірісті, олар - Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында орналасқан.Нұротандықтар шетелдік инвесторлар мен технологияларды тарта отырып, сол өнеркәсіптік алаңда орналасқан трикотаж фабрикасын салу жобасымен танысты, онда 300 жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Бүгінде Алматы – еліміздің іскерлік астанасы, Қазақстанның экономикалық дамуының ірі локомотиві, Орталық Азия өңірінің негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі. Әлемнің үздік мегаполистерінің қатарына кіруге деген ұмтылыс жылына кемінде 5% экономикалық өсуді қамтамасыз етуді талап етеді. Бұған еңбек өнімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады», – деп атап өтті мәжілісмен Айдос Сарым.«Еңбекақының тұрақты түрде төленуі, жұмыс істеу үшін жасалған жағдай және аталған өнеркәсіпке 2%-дық несие берілуі – мұның барлығы шағын және орта бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдаудың және мегаполис идеологиясының күшейгенін көрсетеді. Бізді халықтың жағдайы толғандырады. Осы кездесулердің де ең негізгі себебі осы», – деді жұмыс тобының басшысы, депутат Бекқали Торғаев.
Еліміздің әрбір үшінші ШОБ кәсіпорны Алматыда жұмыс істейді, жұмыспен қамтылған 10 азаматтың 6-сы ШОБ-та жұмыс істейді. Партия бұдан әрі де кәсіпкерлікті дамытуға қолдаудың тиімді құралдары арқылы жәрдемдесетін болады.