Қазақстанда тұрғын үй қашан арзандайды? Вице-министр жауап берді
Қазақстанда тұрғын үй қашан арзандайды? Вице-министр жауап берді
Фото: Сian.ru
161
оқылды

Қыркүйекте тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

Оның айтуынша, қаңтарда жаңа тұрғын үй бағасы 3,8%-ға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 7,2%-ға күрт өскен еді. Маусымда қайталама нарықтағы тұрғын үй 1,2%-ға, ал жаңа тұрғын үй 0,9%-ға қымбаттады.

"Біз маусым-шілдеде баға тұрақтайды деп болжаймыз. Зейнетақы қаражатын пайдаланып тұрғын үй алу мүмкіндігіне байланысты болған үлкен сұраныстан кейін баға тұқталып жатыр. Менің жеке болжамым бойынша қыркүйекке қарай тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Маусымда жылжымайтын мүлік бағасы Қостанайда 2,9%, Түркістанда 4,5% өсті, ал қалған өңірлерде өсім мөлшері 1%-дан аз. "Нұр-Сұлтанда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 1,3% қымбаттады. Қалған қалаларда 0,8-0,9% ғана өсті", - деді вице-министр. Жаңа тұрғын үй бойынша маусымдағы жағдай тұрақты, барлық өңірде 0,9% қымбаттады, тек Нұр-Сұлтанда өсім 1,5% болды. Алматыда – 0,4%, Шымкентте – 0,5%, Ақтауда – 2,6%, қалғандарында 0,5-0,7% мөлшерінде қымбаттады. Бұған дейін шенеуніктер Қазақстанда құрылыс материалдары бағасының өсуін тоқтатуға уәде берген еді. Бұл ретте Қазақстанда жаңа құрылыс объектілерінің 25-30%-ға қымбаттайтыны болжанды. Мамандардың мәліметінше, құрылыс материалдары бағасының өсуі тұрғын үй құнына әсер етуі мүмкін.