Ұлттық қор активтерінің жай-күйі айтылды
Ұлттық қор активтерінің жай-күйі айтылды
155
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысына 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берілді. Сондай-ақ Қазақстан экономикасының өсімін 3,6-3,9 пайыз деңгейде жақсарту және коронавирустың жаңа штамдарының салдарынан ел экономикасын қайта қалпына келтіруге кедергі болатын негізгі қауіп-қатерлер туралы баяндалды. Президентке биылғы 6 айдағы инфляцияның 7,9 пайызға дейін жедел өсуі, ішкі азық-түлік нарық­тарын­дағы теңгерімсіздік, сондай-ақ сыртқы инфля­циялық қысымның күшеюі және орталық банктердің ақша-кредит шарттарын қатаңдатуға көшу үрдісі жайында айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар Ерболат Досаев халық салым­дары­ның тұрақты түрде долларсызданып келе жат­қаны, экономиканың нақты секторын несиелеудің өсуі және қазақстандық банкаралық төлем карточ­ка­ларының жүйесін құру жоспарының жүзеге асы­рылуы туралы баяндады.

Мемлекет басшысына депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерді бағалау моделі ұсы­ныл­ды және цифрлы қаржылық экожүйелерді тең­герім­ді реттеу жөніндегі тәсілдер туралы айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша Президент бірқатар нақты тапсырма берді.