Джокович – Уимблдон жеңімпазы

Джокович – Уимблдон жеңімпазы

Әлемнің бірінші ракеткасы серб Новак Джокович Уимблдонның финалдық кез­де­суінде 6:7 (4:6), 6:4, 6:4, 6:3 есебімен ита­лиялық теннисші Маттео Берреттиниді жеңді.

Бұл сәттілік Новакқа мансабында алтыншы рет Уимблдон чемпионы болуға мүмкіндік берді. Осылайша, теннисші көрсеткіштері бойынша рекордшылар Роджер Федерер мен Рафаэль Надальмен теңескен «Үлкен дулыға» турнирлерінің 20 дүркін жеңімпазы атанды.

2021 жылы Джокович өзінің екі негізгі қарсыласын қуып жетіп, алғашқы үш үлкен турнирде жеңіске жетті. Ол алғашқы «Үлкен дулыға» титулын 2008 жылы Аустралияның ашық чемпионатында еншіледі. Сол жылы сербтен алты жас үлкен Фе­де­рер өзінің 20 атағының 12-сін алып үлгер­ген болатын.

Қуанышын бөліскен Джокович өз сөзінде Надаль мен Федерерді атап өтті.

«Мен Рафа мен Роджерге құрмет білдіргім ке­ле­ді. Олар біздің спорттың аңыздары және мен бәсекеге түскен ең керемет ойыншылар»,– деді Джокович.

«Кейінгі 10 жылым керемет өтті, мен мұны­мен тоқтамаймын» деп қорытындылады ол. Әйгілі теннисші Роджер Федерер де Джоковичті Twitter-де жеңісімен құттықтады. Ал әйелдер арасындағы сында аустралиялық теннисші Эшли Барти жеңімпаз атанды. Ол финалды чехиялық теннисші Каролина Плиш­кованы 6:3, 6:7, 6:3 есебімен жеңді.

А.Жасанұлы