Елдестірмек – елшіден
Елдестірмек –  елшіден
565
оқылды

Дипломат болу – Отанға адалдық қана емес, өзіңді жан-жақты дамыту, үздіксіз оқу, әлемдік ағымдардың қыр-сырын зерделеу, саяси, экономикалық өзгерістерді ғана емес, әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды да жіті қадағалау дегенді білдіреді. Сонымен бірге дипломат – өз елінің тарихы, мәдениетінен бастап, географиялық-экономикалық ерекшеліктеріне дейін жетік біліп, өзге елдің тұлғаларымен тең сөйлесе алатын дәрежедегі тұлға. Ал дипломаттың кәсіби коммуникациясы оның шет тілін қаншалықты игергеніне де байланысты.

Нұрбах Рүстемов тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында Алматы қаласын­дағы Сыртқы істер министрлігінің ескі ғимаратында отандық сыртқы саясаттың алғашқы легіндегі таңдаулы тұлғалардан өнеге алды. Ол өзі аса құрмет тұтатын сырт­­қы саясат ізашарлары Қасым-Жо­март Кемелұлы, Төлеутай Сқақұлының басшылығын, Ержан Хозеұлы, Қайрат Құдайбергенұлы, Мұхтар Бескенұлы, Ер­лан Әбілфайызұлы және басқа да әріп­тес­терімен бірге атқарған дипломаттық миссиясын мақтан тұтады.

Өйткені еш­бір елде елшілігі жоқ, байырғы дип­лома­тия­­лық дәстүрі ғасырлар мұнарында ғайып болғанымен, эпикалық жадында «Ел­дес­тірмек – елшіден, жауластырмақ – жау­шы­дан» деген жосын сақталып қал­ған жас мемлекетті шет жұртқа лайық­ты та­ныс­тырып, мүддесін қорғау – осындай кә­сіби мамандардың ғана қолынан келе­тін алып мақсат болатын. Осы мақсатқа жету жолында Нұрбах Рүстемов те дип­ломатия шеберлерімен бір сапта әлемнің түрлі мемлекеттерімен қарым-қатынас орнату жұмыстарын жүргізді.

Нұрбах Тұрарұлының алғашқы қыз­мет орны – СІМ-нің шетелдік өкіл­дер­мен бірінші жүзбе-жүз байланыс ор­на­туды қамтамасыз ететін орталығы, яғни Мемлекеттік протокол қызметі. Прото­кол рәсімдері, шетел елшілерін қабылдау, олардың Қазақстанда елшілік ашуларына қолғабыс көрсету секілді жұмыстар ол кезде қызу қайнап жататын.

Дипломатия саласында атқарып жүр­ген қызметінде ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының алғысы мен мара­патына ие болды. Оның кәсібилігінің арқасында Мемлекеттік протокол қыз­меті мен СІМ алдындағы көптеген міндет нақты жүзеге асты. Нұрбах Рүстемов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа, Қытайға, Ресейге, Ұлыбританияға, Францияға, сондай-ақ Оңтүстік Африка Рес­публикасына және тағы басқа көп­теген ірі елдерге сапарын ұйымдастыруға бел­сене араласты.

Елбасы бастаған мемлекет қайрат­кер­лерінің ерен еңбегі мен көпвекторлы дипломатия арқасында Қазақстанның өзіндік сыртқы саясаты түзілді. Қазақстан халықаралық құқықтық субъекті, еге­менді мемлекет ретінде мойындалып, бе­делді әмбебап ұйымдарға мүше болып кірді. Уақыт өте келе, өзге елдер арасын­дағы бітімгер рөлін атқаруға барынша күш салды. Елбасы әу бастан-ақ елдің жолын де­мократия, еркін нарық экономикасы бағытына бұрды. Мұндай жолда, әсіресе ел жастарына зор мүмкіндік берілді. Мұны да Нұрбах Тұрарұлының өмір тә­жіри­­бесіндегі мысалымен растауға бо­лады. Нұрбах Рүстемов 1999 жылы 34 жасын­да Қазақстан Парламенті Мәжілісі ІІ шақырымының депутаты болып сай­ла­н­ды. Ол Қазақстанның заң шығарушы органында 10 жыл еңбек етті. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­­сіздік комитетінің төрағасы қызме­тін де атқарды. Ол Парламент қабырға­сында жүріп, елдің дамуына дем беретін бірқатар заңнамалардың қабылдануына ұйытқы болды. Әлеуметтік мәселелердің ше­шілуіне, аймақтардың дамуына қа­тысты маңызды бастамаларды қолға алып, абыроймен атқарды. Қазақстанның пар­ламентаризм институтын жаңғыртуға, өзге елдің парламентшілерімен ынты­мақтастығын нығайтуға еңбек сіңірді. Ол өзінің азаматтық ұстанымы, білімі мен беделінің арқасында заң шығарушы ор­ган арқылы күрделі мәселелерді ше­шуге, ұлттық мұратты қорғауға ат салыс­ты. Мәжілістегі Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы ұстанымын ілгерілетіп, мемлекеттік мүддені жүзеге асыруға зор үлес қосты. Мұндай белсенді қызметі үшін Нұрбах Тұрарұлының еңбегі ел бас­шы­лығы тарапынан еленіп, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапат­талды. Сан қырлы депутаттық қызметін ғы­лыми еңбекпен үйлестірген ол эко­номи­ка ғылымдарының кандидат­тығына ғылыми еңбек қорғады. Санкт-Петербор қаласындағы Психология және менед­жмент академиясының толық мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің құрметті профессоры атанды. Оған қоса, «Қазақстанның әлеу­меттік саласының даму стратегиясы», «Қазақстанның әлеуметтік дамуын бол­жамдау», «Әлеуметтік инфра­құрылы­м­­ның даму стратегиясын қалыптастыру» ат­ты кітаптары жарыққа шықты. Нұрбах Рүстемовтің өміріндегі тағы бір маңызды кезең – оның шетелдерде елші дәрежесіндегі жемісті қызметі. Ол біраз жыл бойы Қазақстанның Ирандағы, Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Сербия мен Македониядағы елші міндетін қоса атқарушысы болды. Өз елің­нің, Қазақстанның елшісі болу – айрықша мерей ғана емес, мәртебелі міндет, күн сайынғы сынақ. Әсіресе, ол ең ұзақ, 6 жылдан астам Ма­жарс­тан­дағы және Сербиядағы елші­лік­те атқарған қызметінің арқасында ел­дер арасындағы байланыс кеңейді. Атал­ған қызметі үшін Нұрбах Рүстемов «Мажар­станның Орта кресі» ордені, «Серб туының» ІІ дәрежелі ордені, ТМД-ның «Достастық» ордендерімен марапат­талды. Сонымен қатар елші лауазымында ол Мажарстанмен Стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнатуға көп еңбек сіңірді. Сербия мен Мажарстан басшы­ларының Қазақстанға және Елбасы Н.Назарбаевтың осы елдерге сапарын ұйым­дастырды. Мажарстанда Абай, Сербияда Жамбыл ескерткіштері ашы­лып, «Нұр-Сұлтан – Будапешт» әуе рейс­тері жан­данды. Мәдени байланыстар да қарқын алды, мәселен «Астана Опера» және «Ас­тана Балет» әртістері Еуропаның талғамы биік көрермені алдында ұлты­мыздың мәдени мұрасын ұлықтап, шетел­дерде насихаттады. Сондай-ақ ең алғашқы Қазақ-Мажар тікелей инвес­тициялар қоры құрылып, бүгінде елімізде түрлі бизнес жобалары қаржылан­дырылуда. Қазір Нұрбах Рүстемов Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елші лауазымын атқарып келеді. Осы қызметте ол екі елдің арасындағы әлеует­ті толық ашып, мүмкіндіктерді мейлінше кеңейтуге күш сала бермек. Бұл туралы қыз­метіне кіріскеннен кейін ол өзі де бұқаралық ақпарат құралдарына хабар­лаған болатын. Шынында, аз уақыт ішін­де екі елдің саяси, академиялық және іскер өкілдері арасындағы байланыстар жанданып, мәдени-рухани іс-шаралар нығая түсті. Мәселен, Румынияда пан­демияға қарамастан Абай мен Құрман­ғазының ескерткіштері орнатылды, алдағы кезеңде Қазақ мәдениет орталығы ашыл­мақ және қазақтың танымал жазушыларының еңбектерін румын ті­ліне аудару жұмыстары жоспарланып отыр.

Алмаша АРЕНОВА, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің басқарма басшысы – Саяси тобының жетекшісі