Жұрт Алакөлге ағылды, карантин қайда қалды?
Жұрт Алакөлге ағылды, карантин қайда қалды?
302
оқылды

Карантин талаптары әлі де күшінде. «Қызыл аймаққа» өтіп жатқан өңірлер өте көп. Соған қарамастан шілденің шіліңгір ыстығында демалысты сәтті өткізуді ойлап, Алакөлге, Бал­қашқа ағылған жұртшылықтың қарасы көп. Жаздың жайдары мезгілін тиімді пайдаланған дұрыс, алайда демалушылар карантин талаптарын сақтап жатыр ма? Жалпы, демалыс орнындағы тәртіп қандай? Бізді алаңдатқан мәселе – осы.

Естеріңізде болса, өткен жылы карантин талаптары сақталмаған­дықтан Шығыс Қазақстан облы­сында 23 шілдеден бастап Алакөл көлінің демалыс орындарында де­малушыларды қабылдау тоқта­тылады деген ақпарат тараған еді. Алайда бұл қаулыға кәсіпкерлер қарсылық білдірген. Өйткені демалыс орындары тоқтап қалса, кәсіпкерлердің де жұмысы жүрмей қалады. Бұл шағын кәсіпкерлікке тұсау болады дегендей пікірлерді алға тартқан. Олар «суға шомылу маусымы аяқталғанша, 30 тамызға дейін тиіспеңдер, жұмысымызға кедергі келтірмеңдер» деген талап қойған. Осыдан кейін наразы бол­ған жұртты тоқтату үшін аудандық бас санитардың қаулысының күшін облыстық бас санитар жойған еді.

Кәсіпкерлердің де наразылығы орынды. Бұл жағдайда демалушылар карантин талабын сақтай ала ма? Сол мәселе алдыңғы қатарға шық­қан еді. Биыл да суға шомылу мау­сы­мы басталып кетті. Былтырғыдай тәртіп қатал болмағанымен, індет тоқтаған жоқ. Елге «дельта штамы» жеткені туралы мәліметтер бар. Бұл індеттің таралуы тіптен жылдам. Осы орайда, демалыс орнына келген туристерге қойылатын талап қандай?

Алакөлде демалып жатқан Олжас есімді кейіпкеріміз «ешқан­дай талап болмағанын, ПТР, вак­цина туралы әңгіме жоқтың қасы» екенін айтады. «Елдің бәрі демалып жатыр. Тіпті, демалушылардың қарасы көп. Жұртшылық емін-еркін жүр», – дейді.

Дарын есімді тағы бір турист: «Әзірге бәрі тыныш секілді. ПТР тапсырасыңдар деген талап болған жоқ. Жұртшылық «коронаның» барынан бейхабар секілді. Барлығы да Ashyq-пен «ашық-шашық» жүр», – дейді. Бұл –Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы жағдай. Ал Алматы облы­сындағы Алакөл жағажайларында да талап қатал емес сияқты. Сонда демалып келген әріптесіміз Ashyq-пен емін-еркін демалып келгенін айтады. Әзірге Алакөл демалыс аймақтарында «жабылу» туралы әңгіме жоқ. «Туристік рекреациялық аудандарда, оның ішінде Алакөлде жағажайлар жабылмайды» деген пікірді алға тартады. Алматы облысы Алакөл ауданы­ баспасөз хатшысының пікі­рінше, өткен жылы 15 туристік ны­сан қолданысқа беріліп, құны 2 млрд 646 млн теңге болған. «Әлемдік індеттің салдарынан елде төтенше жағдайдың болуы, өңірде карантин режимінің орнауы біраз жоспарға кедергі келтіргені белгілі. Бірақ бұл жағдай Алакөлге келетіндердің санын азайта қоймасы анық. Өйт­кені Алакөлдің туристік әлеуетін кө­теру үшін мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан көп қолдау көрсетілуде», – дейді әкімдік өкілі. Жалпы, Ақши туристік айма­ғында 264 демалыс аймағы бар. Былтыр көл жағалауына 798 462 адам келген. Оларға 4 млрд 790 млн теңгенің қызметі көрсетілген. «Ал биыл Алакөл көліне жазғы шомылу маусымында 878 325 демалушыға, 5 млдр 269 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2020 жылы көл жағалауы тазалығын қамтамасыз ету үшін Ақши ауылында ШЖҚ «Алакөл Тазалық» МКК бөлімшесі құрылып, 7 дана техника мен 145 дана қоқыс жинайтын контейнер сатып алын­ған. Бұдан бөлек, 2019 жылы көл жағалауын дамыту бойынша Ақши ауылы Алакөл көлінің сол жақ жағалауында 4 гектар жерге дема­лыс саябағының құрылысы бастал­ған болатын. Ал оң жақ жағалауында 2,7 га жерде аллея құрылысы аяқ­талды. Көл жағалауында 10 жерге қоғамдық дәретхана мен қоқыс алаңдарын дайындап орнату жұ­мыс­т­ары жүзеге асырылды. Сондай-ақ Ақши ауылында облыстық бюджет қаражатынан 168,747 мың теңгеге дәрігерлік амбулатория салынды. Дәрігерлік амбулаторияда 17 кабинет, күнделікті 25 адамды қабылдай алады. Бұған қоса, 2017 жылдан бастап Ақши ауылында учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Полиция пункті 2 жұмыс бөлмесінен және тұрғын үйге арналған 4 бөлмеден тұрады. Жалпы ауданы – 91,3 шаршы метр. Соны­мен қатар Ақши ауылында демалушылардың шомылу қауіпсіз­дігін қадағалау мақсатында Алматы облысы ТЖД өңірлік құтқару қызметінің жасағы құрылған. Онда 13 адам жұмыс істейді» деп отыр. Туризм саласын жетілдіру бағы­тындағы өзекті мәселелердің бірі – сапалы жолдың болуы. «Осы ба­ғы­т­та турист қауымының көлікпен немесе автобус сынды транспорт­тармен келетінін ескеріп, Талды­қорған –Өскемен бағыты бойынша ұзындығы 763 шақырым және Үшарал–Достық жобасы бойынша 184 шақырым жолда жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, аяқталуға шақ қалды» дейді. Жалпы, демалушыларға ашық алаңда маскасыз жүруге мүмкіндік бар. Олардан тест тапсыру да талап етілмейді. Кей қонақ үйлерге тапсырыс берер алдында вакцина төлқұжатын көрсетеді. «Кейбір демалыс орындары вакцинаны сұрамауы да мүмкін. Тек Ashyq бағдарламасы арқылы ғана кіре алады», – дейді. Кейде бізге «кафелерге барсақ вирус жұқпайды, ал көлге барсақ жұға ма?» деген сұрақ қойылады. Осы сұраққа бір жауап: алдын ала билет алып, демалыс орнына брон жасап қойған азаматтан бірінші қонақ үй басшысы талап етуі керек дүние – вакцина алғаны жөніндегі растау қағазын жіберу», – дейді әкімдік өкілі. Біздің де қауіп – індеттің таралмауы. Демалған жақсы, ал індет жұқтырып алса қайтеді? Сол үшін демалыс орындары карантин талаптарын қатаң сақтанғаны жөн. Әйтпесе, індетті ауыздықтай алмай қаламыз.

Айым БЕКТҰР