15000 теңге: вакцина куәлігінің саудасы қызып тұр
15000 теңге: вакцина куәлігінің саудасы қызып тұр
©А.Ахметқазы

Коронавирусқа қарсы екпелер әзірленгелі бері ел ішінде вакцинаға қатысты жалған ақпараттар мен түрлі қауесеттер таралғанын білеміз. Соның әсері ме, вакцинаға күмәнмен қарайтындардың қарасы көбейді. «Адамнан айла артылмас» демекші, осы күні екпе алғысы келмегендер вакцина паспортын сатып алуға асық.

Ал оны саудалайтындарға әлі де кедергі аз секілді. Себебі ғаламторды шарлап, біраз көз жүгіртсеңіз, мұндай ұсыныстарды жиі кездестіресіз. Заңсыз әрекеттің жайлағанына қарап, «ақ халатты абзал жандарымыз деп құрметтейтін азаматтардың ақша үшін арын сатқаны ма?» деген ой келеді.

Делдалдар үздіксіз табылып жатыр

Негізі, вакцина куәлігін сату жайлы деректер сәуір айында шыға бастады. Алғашқыда көбі сенбеген­дей сыңай танытқанымен, кейін көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі тексерістер бастал­ғанын хабарлаған болатын. Бұл тақырыпқа келгенде алматылық­тардың белсенділігін байқадық. Екпеге қатысты заңсыздық ошағы осы қала болып отыр. Сәуірде Алматы әкімдігі екпе паспортын 15 мың теңгеден сатып жатқан дел­дал­дарды анықтау ісі басталғанын мәлім етті. Одан соң мамырдың басында Алматыдағы екі үлкен емхананың қызметкерлері заңсыз куәлік жасап, оны 5-15 мың теңгеге сатқаны әшкере болған. Ізін ала қызметкерлер жұмыстан өз ерік­терімен шығып кеткен екен. Бірақ қылмыстық істен сытылып кете алмады.

Осы жайттарға қарамастан көлеңкелі нарықтың дәурені тоқ­таған жоқ. Демек, вакцина паспор­тына деген сұраныстың көп бол­ғаны анық. Алматыдан Қарағанды мен Шымкент қалалары да қалыс­қан жоқ. Мұнда да бірнеше қылмыс ашылды. Мамырдың аяғында елімізде мың жарым теңгеден сатылып жатқан паспорттарда басқа емес, жауапты министрлікке қарасты санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау комитетінің мөрі басылған екен.

Ведомствоның өзі мұндай қадамға бармайтыны анық. Дегенмен бұл заңсыздыққа барғандардың ішінде аталған мекеменің қызметкерлері болуы мүмкін деген ой қалдырған еді. Енді жуырда ғана Алматыдағы «Достар Мед» және «Сұңқар» клиникаларының дәрігерлері жал­ған вакцина паспортын жаса­ғаны үшін ұсталды. Оған қоса №4 поли­клиникада медицина қызмет­керлері онсыз да саны шектеулі екпелерді жойып жібергені анық­талды. Ақмола облысында да дәрі­герлер әшкере болып жатыр. Олар­дың бәрі Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Халық денсаулығына төнген қауіп

Осылайша, көп адамның екпе­ге деген сенімінің төмендеуі елдегі денсаулық сақтау саласында атқа­рылып жатқан жұмысқа нұқсан келтіріп отыр. Бір өкініштісі, заң­сыз паспортты сатып алғысы келе­тіндер айналамызда да жетерлік. Ал, бұл халық денсаулығына үлкен қауіп екенін ескермесе болмайды. Қазақстан Үкіметі халыққа қызмет көрсету салаларында жұмыс істей­тін азаматтар үшін (мемлекеттік мекемелерден және дүкендерден бастап, демалыс орындарына дейін) жұмыс орнына кірмес бұрын екпе алғаны туралы куәліктерін көрсетуді талап ететін жаңа ере­же­лер енгізген болатын. Осы ережеге бағынғысы келмеген адамдардың түгелі дерлік заңсыз куәлікке ұм­тылып жүргенін аңғар­дық.

Сөзіміз жалған болмасын, мәселен, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалған паспортқа қатыс­ты 35 қылмыстық істі тіркеп үлгер­ген. Сауд Арабиясы Корольдігіне барғысы келген 30 шақты отан­дасымыз жалған куәлік жасатқан. Айтпақшы, бұдан былай жалған паспортты сатып алуға талпынған азаматтар да 40 тәулікке дейін бас бостандығынан айырыла­тын болды. Ал, оны дайындағандар 4 жылға дейін сотталады. Бірақ бұл әрекет қылмыстан бұрын халық денсаулығына ашықтан-ашық залал тигізу екенін ұқсақ керек.

«20 мың теңгеге әзірлеп беремін»

Біздің ұққанымыз бойынша, вакцина куәлігін сатудың негізгі екі жолы бар. Біріншісі, дәрігерлер­мен ақшасына келісіп, егу бөлмесінде құтыны төктіру арқылы вакцина алғандардың санатына қосыла салу. Екіншісі, заңсыз паспортты онлайн әзірлету. Сіз вакцина куәлігін сатқан адамды көрмейсіз. Бәрі қашықтан істеледі. Біздің шамалауымызша, бұлар егу бөлмесіне кірместен бұрын құжа­ты­ңызды базаға тіркеушілер. Се­бебі Еgov.kz базасына кіру құзыреті осыларға берілген. Біз осы ай­тылған жолдардың екіншісіне әдейі жүгініп көрген едік. Telegram әлеуметтік желісі қашанда жасы­рын сауданың ошағы екенін білеміз. Сондықтан желіге кіріп, іздеу бөліміне «паспорт вакци­нации» деп жазғанымызда, бір емес, бірнеше парақшаның шық­қанын байқадық.

Солардың ішінен қазақстандықтарға арналған вак­цина куәлігін сататын бір парақ­шаға еніп, danilbiz деп аталатын әкімшісімен байланысқан бола­тынбыз. Өзімізге вакцина паспор­ты қажет екенін айтып, бағасын сұрадық. Сонда сұрағымызға «паспорттың бағасы 20 мың теңге тұрады. Тек жеке төлқұжатыңыздың суреті мен тұрғылықты мекен-жайыңызды жолдаңыз. Бір күннен кейін Еgov.kz-ке екпенің бірінші компонентін алғаныңыз жайлы дерек шығады.

Ал 21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алып, толық вакциналанғаныңыз жайлы ақпарат енгізіледі» деген жауап алдық. Яғни, құзырлы ор­ган­дар тексерісті күшейткенімен, куәлікке оңай қол жеткізудің жол­дары әлі де көп. Үнді штамы таралғалы бері елдегі эпидахуалдың әбден ушыққанын көріп отырмыз. Бір күнде вирус жұқтырғандар 3,5 мыңға жетіп, рекордты көрсеткіш тіркеліп жатыр. Бірақ осыған қара­мастан жалған куәлікке сұраныс­тың артуы көп адамның індет қатерін әлі де болса жете түсінбе­генін аңғартқандай. Айтпақшы, көрші Ресейде де індеттен зардап шеккендер саны тым артты. Бір қызығы, осы елде де жалған вак­цина паспортын жасату ісі жайлап кеткен. Демек, бұл куәліктің ақы­ры қылмысқа ғана емес, түгел елдің өміріне қасақана зиян келтіреді деп қорытындылай беруге болады.

Мадияр ТӨЛЕУ