Жұмысшылар неге наразы?
Жұмысшылар неге наразы?

Жаңаөзендегі «КЕЗБИ» жеке шағын серіктестігінің жұмыс­шылары еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Мемлекет басшысы мен еліміздің ірі мұнай компаниясына үндеуін әлеуметтік желіде жариялады.

Жаңаөзенде күннің аптап ыс­ты­ғында алты күн бойы ереуіл­деткен «КЕЗБИ» ЖШС -нің жұ­мыс­шылары басшыларына 12 тараудан тұратын талап қойды. Таратып айтсақ, жалақыны көтеру, сыйақы төлеу жүйесін қайта қарастыру, зиянды аймақта жұмыс істегені үшін ақы төлеу, жұмысшы­ларды еңбек өтіліміне қарай ман­сап­тық өсіру мен жылдық еңбек демалысына сауықтыру үшін бір айлық жалақы көлеміндегі қосым­ша ақы төлеу.

Екінші категория бойынша төлеу, ұңғыны күрделі жөндеу бригадалары шеберлерін өндіріс басына қалдыруды тоқтату, жыл қорытындысына сай 13-айлық төлеу, ұңғыны күрделі жөндеу бри­гадаларына БТМА (ЕТКС) бо­йынша бір бұрғышы көмекшісін қосу, еліміздегі айтулы мерекелік күндеріне ақы төлеу, жұмысшы­ларды талапқа сай құрал-сайман­дармен қамтамасыз ету және жыл аяғында жұмысшылардың бір жылғы жалақысы туралы мәлі­метпен таныстыру.

Олар талаптары орындалмаса, 10 шілдеден бастап аштық жария­лайтынын айтты. Жұмысшылармен жүргізілген келіс­сөз­дер қорытындысына сәй­кес, еңбек дауын реттеу бойынша арбитраждық еңбек комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына Жаңаөзен қаласы әкімінің орын­басары Ғ.Байжанов, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспек­ция­сы басқармасы басшы­сының орын­басары Н.Баулыбаев, «КЕЗБИ» ЖШС жұмысшылары кәсіп­одағы­нан 4 өкіл және «КЕЗБИ» ЖШС басшы­лығынан 4 өкіл енді. Тіпті, облыс әкімі С.Трұмов Жаңа­өзен қаласына барып, арбит­раж­дық еңбек комиссиясы мүше­лерімен кез­десті. Арбитраждық комиссия отырысы нәтижесінде жұмысшыларға бірнеше ұсыныс жасалған. Ол – жалақыны 30 пайызға, сыйақыны 35-45 пайызға кө­теру. Ал, зиянды аймақта жұмыс істегені үшін ақы төлеу – жұмыс орындарын аттестациялау қоры­тын­дысына сәйкес қарастырылуын және жұмысшыларды еңбек өті­ліміне қарай орналастыру секілді ұсыныстар мен жалпы он екі тарау­дан тұратын жұмысшылар тала­бының дені шешілетін жағдай қарас­тырылған. Аймақ басшысы жұмысшылар­мен кездесуінде: «Бұл – жекемен­шік мекеме. Жекеменшік мекеме болғандықтан оның ішкі экономи­калық жағдайына араласа алмай­мыз. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жағдай. Сол жағдайды білейін, өз көзіммен көрейін, заңға сәйкес мәселені айтайын деп келдім. Экономика­лық жағдайдың бәрі қаражатқа тіреледі. Жекеменшік мекеме бар, мемлекеттік мекеме бар, мұ­ның бәрінің аражігін айырып айтуы­мыз керек. Заңдылығын түсіндіруіміз керек. Барлығымызға ортақ заң бар. Сондықтан да барлығы заңның аясында шешілуі керек деп есептеймін», – деп кесіп айтты.

Жаңаөзен қаласы әкімінің орын­басары Ғалым Ұлықпанұлы­ның айтуын­ша, «КЕЗБИ» ЖШС-де бір мыңнан аса адам жұмыс істейді. Жұмыс берушіге қойған олардың талаптарының дені орындалатын болып келісілді. Енді бұл проблема қайта қозғалады деуге негіз жоқ. Дейтұрғанмен де, мұндай даудың енді болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бұған біз «КЕЗБИ» ЖШС-гі жағ­дайға орай пікір білдірген «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы» ҚБ Маң­ғыстау облыстық филиалының төрағасы Мақсат Рзахановтың сөзінен соң көз жеткіздік. «Біз «КЕЗБИ»ЖШС-ның жұ­мыс­шыларының ереуіліне қаты­сымыз жоқ. Дегенмен бұл мәселе бойынша айтарым, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның сервистік мекемелері мен тендерге қатысып белгілі бір ауқымдық жұмыс атқару қызметін ұтып алатын мекемелердің жұмыс­шы­ларға төлейтін жалақысында айырма­шылықтар бары рас. Ол тендерден жұмыс ауқымын ұтып алған мекеменің қаражаты мен жұмысшылар істейтін жұмыстың ауқымына байланысты болады. Бұл мәселе ұлттық компанияға қарасты сервистік компаниялар және тендермен жұмыс ауқымын алатын мекемелерінің жалақасын тең қылып, оны заңдастыр­майынша өзектілігін жоймайды», – дейді Мақсат Киікбайұлы. Айтарлығы, мұны қызмет­кер­лердің барлығы бірдей біле бермейді. Мұның ақыры жұмыс­шылардың жөн-жосықсыз ереуіл жасап, кез келген істен ілік іздеп, Үкіметтен қолдау сұрайтын жағ­дайға жеткізеді. Бұндайда талап етудің де жөні барын жұмысшы тарап ескерсе, қанеки...

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы