Шілде айының 10 жұлдызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл шара бейнебайланыс режимінде ұйымдастырылып, оның тікелей хабарын бұқаралық ақпарат құралдары «Қазмедиа орталығынан» таратып жатты.
Бұл Үкіметтің кеңейтілген кеңесінің биылдыққа бірінші басқосуы емес. Бұған дейін Мемлекет басшысы жыл басында Үкіметтің жаңа құрамымен кездесу өткізіп, елдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, 2021 жылы атқарылуы тиіс шаралардың жоспарын жасаған болатын. Ал бұл жиында бірінші жартыжылдықтың нәтижесі талқыланды. – Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан жалпы ішкі өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралармен және карантин шектеулерімен бірге әлемдік экономиканың жандануы іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндетіміз – екінші жартыжылдықта экономика өсімінің қарқынын арттыру, – деді Президент. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін республикаға сырттан келетін инвестицияның маңызы орасан. Алты ай уақыт ішінде шетелдерден 4,4$ млрд тікелей инвестиция түскен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы алда тұр. Ал Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында оның көлемі керісінше төмендеген.Әлеуметтің ахуалы басты назарда
Бюджет саласының мамандары үшін жақсы жаңалық – биыл олардың табысы әжептәуір артады. Үкіметтің жоспарына сәйкес, біліктілік санаттарына қарай 600 мың педагогтің еңбекақысы – 25 пайызға, 247 мың медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20-30 пайызға көбейеді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға ұлғаймақшы. Нәтижесінде, мұғалімдердің орташа айлық жалақысы – 234 мың теңгеге дейін, дәрігерлердің жалақысы – 320 мың теңгеге дейін, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы – 180 мың теңгеге дейін және мемлекеттік қызметкерлердікі 267 мың теңгеге дейін артады. Ал енді бәрімізді алаңдатқан денсаулық сақтау саласына келсек, індеттің екпіні былтырдан бері қайтпай тұрғанына қарамастан, жақында «жығылғанның үстіне жұдырық» болып, оның тағы бір жаңа штамдары қосылды. Мемлекет басшысының айтуынша, халық мұндай жағдайға бейімделіп, өмір сүруді үйренуі қажет. Індет таралған ірі ошақтардың пайда болуын азайту және денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу – өзекті міндет. – Күрделі жағдай мен өлім-жітімді азайту, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мән беру керек. Коронавирусқа қарсы күресте өзгеше әдістерді пайдалану медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, Ashyq жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану қажет. Шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімін науқаншылыққа ұрындырмай, шынайы жүргізу керек, – деді ел Президенті.Жалған құжат жасағандар жазаланады
Жел сөздің адамға қашан пайдасы тиіп еді?! Ол залалсыз болса түк емес-ау, ал халықтық, мемлекеттік маңызы бар ірі істерге кесірін тигізіп жатса, ең қауіптісі – сол. Мәселен, ел ішінде індетке қарсы вакцинациялау шарасы туралы түрлі қауесет пен болжам көп, әркім әртүрлі айтады, оның шындығының түбіне жету қиын. Осындай көлденең сөздер халықтың жаппай екпе алуына кесірін тигізіп отыр. Енді біреулер екпе алмас үшін жалған құжат жасау жолына түскен. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев вакциналау бойынша жалған құжат жасаудың қоғам үшін өте қауіпті екенін ескертті.– Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы, – деді Президент.Мемлекет басшысы QazVac вакцинасының, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған екпелердің қолжетімді болуы керегіне тоқталды. «Отандық QazVac вакцинасы халыққа қолжетімді, сонымен қатар мамыр айында елге Pfıizer вакцинасының 2 млн дозасы жеткізілуі тиіс болатын. Бірақ бұл жоспар орындалмай қалды» деп Үкіметтен оның себебін сұрады. Үкімет басшысы оның себебін жеткізу талабының өзгеруімен түсіндірді. Президент аталған вакцинаның жеткізілуін жеделдетіп шешуді және халықаралық талапқа сай оған қатысты кез келген Жарлыққа қол қоятынын естіртті. «Біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Pfizer вакцинасына қолжетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының өзекті проблемаларын тілек тиек ете отырып, оқыту жүйесі жаңа оқу жылынан бастап бұрынғы форматына оралуы керегін ескертті. «Індет оқушылар мен студенттердің білім алуына кері әсер етті. Былтырғы оқу жылында балалар онлайн оқыса, енді жаңа оқу жылында оқытудың бұрынғы жүйесіне қайта оралуды тапсырамын»,– деді ел Президенті. Мемлекет басшысы осыған орай қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтап, студенттер мен оқушылардың дәстүрлі білім алуына барынша жағдай жасау қажеттігін, індетпен күресте вакцинациялауға айрықша мән беру керегін айтты.
Азық-түлік және инфляция
Президент дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты қаржының тым көп салынуы және жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляцияның қарқынын күшейтіп жіберді деп санайды. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының мәліметі бойынша, азық-түліктің әлемдік бағасы 40 пайызға өскен. Бұл – он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді. – Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторы саналады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз. Аталған мәселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламамыздан қаржы бөліңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мал өліміне қуаңшылық себепкер ме?
Биыл Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінде қуаңшылық пен соның салдарынан болған жаппай мал шығыны әлі көпшіліктің аузында жүр. Соның кесірінен Маңғыстауда жекеменшіктің қолындағы мал басы – 0,13%-ға, Қызылордада 0,03%-ға кеміген. Мәселен, Маңғыстауда 3 мың бас мал шығын болған. Ал жемшөптің тапшылығынан кей өңірлерде шөптің бір тоннасы – 23 мың теңге, енді бір өңірде 42 мың тоннаға жеткен. Президент осы мәселеге қатысты қынжылыс білдіре келіп, бүгінгі жағдайда ауылдықтарға 29 млн гектар жайылым жетпей жатқанда, 33 млн гектар жердің қолданусыз бос жатуын айтып сынады. «Әрине, қуаңшылық – табиғи құбылыс. Бірақ мұндай жағдайда жауапты министрлік шұғыл шаралар қолданып, тез шешім қабылдауы тиіс еді. Алайда министрлік өзіне жүктелген міндетін атқара алмады. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа өз еркімен қызметінен кетуге кеңес беремін», – деді Мемлекет басшысы. Қазір өңірлерде жапа шеккен фермерлер үшін мал жайылымы мен шабындық жерлер ұйымдастырылды. Ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы суарылатын жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 1 050 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Соның арқасында жеткізілу кезінде 200 млн текше метр шығын үнемделіп, 78 мың гектар суарылатын алқап қалпына келтірілмекші. Жиын барысында Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.Халықтың табысы артуы керек
Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып, табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейтінін айтты. Сондай-ақ Президент зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуы тиіс. – Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес – ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есе артты, мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде бұдан басқа да көкейкесті мәселелерді көтеріп, олардың орындалуы жөнінде Үкіметке түрлі тапсырма берді.