Іскер әкім, ажары келіскен Кейден
Іскер әкім, ажары келіскен Кейден
335
оқылды

Өркениетке күш түзеген Кейден ауылының ажары бүгінде адам айтқысыз өзгерген. Ең бастысы ауылда ауыз су мәселесі толық шешіліп, жол-құрылыс жұмыстары қарқын алды.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кейден ауылы күре жолдың бойында орналасқан. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші ауыл әкімі Бақтиярбек Тоқтыбаев туған жерін көркейтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Бір кездері аяқсу жетпегендіктен тұрғындар егінжайдан біршама қашықтап қалды. Бұл мәселені қолға алған Бақтиярбек Тоқтыбаев дариядан су алу тетігін тауып, бақша егемін дегендерге жер дайындап берді. Бұған дейін ауыл тұрғындары жүгері, жоңышқа дақылын күтімге алса, былтырдан бастап бақша егіп, табысын еселеді. «Жері құнарлы Кейденде бақша өсімдігі қолға алу мақсатында дариядан су жеткізу үшін арнайы «насос» қондырғысы орнатылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Қазір ауылда аяқсудан проблема жоқ. Көркейту-көкалдандыру бағытында көшеттер егіліп, жолдар жөнделді», – дейді ауыл әкімі. Ауылдың ажары сөз бола қалса, іскер де білікті басшы Бақтиярбек Тоқтыбаевтың есімі қоса айтылады. Өйткені ол ауыл тізгінін қолға алғаннан бері өзінің білікті, елжанды азамат екенін көрсете білді. Атам қазақ «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» – деп айтқандай, Бақтиярбек уәдеге берік, еңбекқор азамат екенін іспен дәлелдеп, әркез ауылдастарының құрметіне бөленіп келеді. Әкімнің іскерлігінің арқасында бүгінде тұрғындар ауыз судың, асфальт жолдың, түнгі жарықтың игілігін көріп, біршама жаңа жобалардың куәсі болуда. «Кезінде ауылдың жағдайы өте қиын болды. Ауыл тұрғындары бірінен соң бірі көшіп жатты. Осыны көріп ауылдың келешегіне күмәнмен қараушы едік. Осыдан 7-8 жыл бұрын ауылдың сай-саласы мен тау-тасын бес саусағындай білетін осы жердің тумасы Бақтиярбек Тоқтыбаев ауылға әкім болып келіп, көптеген жарқын жобаларды қолға алды. Қазір ауылға жерлестеріміз қайта көшіп келмесе, сыртқа кетіп жатқандары жоқ» деді Кейден ауылының тұрғындары бізбен әңгімесінде.  width= Жасыратыны жоқ, бұрын Кейден ауылдық округінде де біршама түйінін күткен түйткілді мәселелер болды. Бертін келе ауылға осы өңірдің тумасы әкім болып келіп, ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге күш салды. Жоғары жақтағылар да ауыл әкімінің абырой-беделіне, іскерлігіне қарап қаржы құятыны белгілі. Б.Тоқтыбаев өзінің туған өңіріне әкім болып келісімен ауылды көркейту бағытындағы жобаларды ауданға, одан әрі облысқа ұсынып, бір сөзбен айтқанда абырой-беделін салып ауылға қаржы тартты. Сөйтіп Кейден елді мекенінің аяқсу мәселесі толық шешіліп, тұрғындардың барлығы таза ауыз суға қол жеткізді. Елді мекенді көркейту-абаттандыруға байланысты 5000 түп ағаштар егіліп, шаңы шыққан көшелерге асфальт төселді. Кейденге қарасты Аққұм ауылында да бірнеше көшеге тас төселіп, көше жарықтандырылған. «Аққұм, Кейден елді мекендерінің ауыз су мәселесі шешімін тапты. Аққұм елді мекеніне «Батыс Европа-Батыс Қытай» тас жолынан 12 шақырым жол салынды. Қос ауылда 9 көшеге тас төселіп, 1 көше орташа жөндеуден өтті. 4 көшеге жарық шамдар орнатылды. Аққұм елді мекеніне 100 орындық мектеп, емхана, мешіт құрылыстары жүріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. «СКЗ–U» ЖШС демеушілігімен аяқсу мәселесі шешілді. Жыл сайын мектепке жол акциясына, отбасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі», – дейді ауыл әкімі Б.Тоқтыбаев. әкім Іскер де білікті басшы Б.Тоқтыбаев  ауыл әкімі қызметіне келген сәттен бастап біраз шаруаның басын қайырғанын тұрғындар мақтанышпен айтуда. Бұған дейін Кейден мен Аққұмда жаңа мектеп бой көтерсе, соңғы 2 жылда әлеуметтік нысандар жаңарған. Жуырда 10 млн теңгеге ауылдық клуб, ауылдық Мешіт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, ауыл ажары одан әрі айшықтала түсті. Биылғы жылы Кейден ауылдық округі, Аққұм, Қауық елді мекен тұрғындарын мобильді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Аққұм елді мекеніне 3G базалық станциясы орнатылған. Ауылдағы орталық көшеде наубайхана, азық-түлік дүкені, сән салондары менмұндалап, алыстан көз тартады. Жасыл желекке көмкерілген елді мекенде кәсіпкерлік саласы да қарқын алғаны осындай көріністерден анық байқалады. Одан басқа, жүгеріден осы ауылының тұрғыны сусын шығарып жатыр. Осылайша, отандық бизнес саласында бұрын-соңды болмаған кәсіп түрін де ауылдың тұрғындары игеріп алған. «Сусынның бүйрек, бауыр, өт жолдарын тазалайтын қасиеттері бар. Сондай-ақ, салмақ тастау, нерв жүйесіне де әсері мол. Құрамында өте пайдалы заттар көп әрі шөл басады. Қазіргідей аптап ыстықта газдалған сусынды іше бермейтініміз ақиқат. Себебі, шөл қайнатар ыстықта оған көп сұраныс бола бермейді», – дейді кәсіпкер Қасым Әбжаппаров. Кәсіпке шикізат өндіру мақсатында ауыл әкімі жүгері дақылын өсіруге 100 гектар бөлген екен. Осы аумаққа жұрт жүгері егіп, өнімін сусын шығаратын өндіріс орнына тиімді бағамен өткізеді. Ауыл әкімі алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайтып, кәсіпкерлік саласын одан әрі кеңейтуге жұмыс істеп жатқанын айтты. Қорыта айтқанда, ауылдың ажарлануы – адал еңбектің, адал ниеттің жемісі. Бұрынғы кезде ауыл тұрғындары бауыр басқан туған жерін тастап үдере көшсе, бүгінде бар қиындық біржола артта қалғандай сезілді. Ең бастысы тұрғындар биыл ауылға газ тарту құрылысы басталатынына дән риза. Енді кейдендіктер көп кешікпей көгілдір отын игілігін көріп, күл шығару машақатынан құтылмақ. Мұның барлығына мұрындық болған ауыл әкімі Б.Тоқтыбаевтың жұмысына ауыл халқының айтары тек – алғыс!

Н.БАЙҚАДАМ, Қызылорда облысы