Ішімдік ішіп, көлік жүргізген шенеунік уақытша жұмыстан шеттетіледі. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Индира Қалжабаеваға қатысты қызметтік тексеріс басталды. Мемлекеттік қызметкердің бұл қылығы тәртіптік кеңесте қаралмақ. Тілі күрмеліп Бәке, Сәкесіне хабарласып, жалынып отырған Индира Қалжабаева – әкімдік қызметкері. 54 жастағы шенеунік халықты вакциналауға арналған автобусты тексеруге келген көрінеді. Алайда мас күйінде көлік жүргізіп, дөрекі сөйлеген оны тұрғындар байқап қалып, полиция шақыртқан. Алғашында тәртіп сақшыларына бой бермеген шенеунік, сараптама барысында орта дәрежеде мас болғаны анықталды. Сондықтан қызметкердің көлігі айып тұрағына қойылып, жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.Судья Нұргүл Бепеева: «Сот аталған азаматшаны әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», – деді.
Бұған дейін полицей қаққан әйел қайтыс болғанын жазған болатынбыз.