Тараз қаласында 2011 жылғы террорлық акт кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің құрметіне еңселі ескерткіш бой көтерді.
Сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында тұрғызылған ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, батырлар рухына тағзым етті.
- Әрбір мемлекет пен ұлт үшін ең бірінші кезекте қауіпсіздік керек. Егер қауіпсіздік болатын болса, тұрақтылық болады, сол тұрақтылықтың арқасында елдің жағдайы, тұрмысы жөнделеді. Өздеріңіз білетіндей, осыдан он жыл бұрын біздің қаламызда қайғылы оқиға болды. Соның салдарынан алты бейкүнә азамат қыршынынан қиылды. Олардың екеуі осы қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері. Біз енді ол азаматтарымыздың ерлігін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Олар өз өмірін біздің күніміздің бейбіт, қауіпсіз болуына арнады. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш, ең алдымен, Мұхтар Халиев пен Сергейге Касьяненкоға арналады. Өсіп келе жатқан ұрпақ осы екі азаматтың ерлігімен тәрбиеленіп, ертең өзінің мемлекетін, ұлтын қорғасын. Сондықтан облыс басшылығының атынан департамент қызметкерлеріне арнайы алаң арнап, ескерткіш салғандары үшін рақмет айтамын. Ең негізгісі – елімізде әр уақытта бейбітшілік, тұрақтылық болсын!, – деді облыс басшысы Бердібек Машбекұлы.
Айта кетейік, небәрі бір жетіде бой көтерген тас тақта ел аумағы бойынша Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған алғашқы ескерткіш болып отыр.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы