Жеңілмеген қазақ боксшылары
Жеңілмеген қазақ боксшылары

Кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізсе де, жеңіліс дегеннің не екенін білмей келе жатқан қазақстандық боксшылар бар. Олардың әрқайсысы кәсіби спорттағы мансабын сәтті жалғастырып, чемпион­дық атаққа қол жеткізуді басты мақсаты санайды. Біз сөз еткелі отырған ринг төрінде қар­сы­­ластарын қоғадай жапырып жүрген күрзі жұдырық иелері кімдер? Әңгіме ауанын сол саң­лақтарға аударайық.

Ел спортшыларының арасында Қанат Ислам мен Жанқош Тұраров­тың кәсіпқой бокстағы жеңіліссіз сериясы өзге боксшы­ларға қарағанда әлдеқайда көп. Күзде 37 жасқа то­латын Қанат Ис­лам 28 кездесудің 22-сін уақытынан бұрын аяқтағаны бар. Осы жылы 31 жасын тойлайтын Жанқоштың қатарынан 24 кездесуде бақ жұл­дызы жанды. Оның 17-сін мер­зімі­нен бұрын аяқтады. Бірақ қос спорт­шы­ның да жасы біразға кел­ді. Әсіресе, Қанаттың ендігі чем­пион­дық атаққа таласа алатынына се­не­тіндер аз. Ал Жанқошқа ендігі ке­зек­те тек мықты қарсыластармен жұдырықтасқан жөн. Әйтпесе, оның да қатардағы ортаңқол боксшы­лардан еш айырмашылығы болмай қалары анық.

Даңқы жер жарған Рокки Мар­чиа­но мен Флойд Мейвезердің көр­сеткішін қайталауы мүмкін деген отан­дық былғары қолғап шеберлері арасынан Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен Жәнібек Әлімханұлының (10-0, 6 КО) есімі ерекше аталады. Данияр қазіргі уақытта еркін агент. Ол өткен айда ғана Matchroom Boxing компаниясымен әріптестігін тоқ­­татты.

Отандасымыз соңғы кез­десуін былтыр қарашада өткізген еді. Бұрынғы әлем чемпионы Джу­лиус Индонгоны жеңіп, орта сал­мақ­тағы IBF Intercontinental белдігін ием­денді. Ал Жәнібек кейінгі өткіз­ген Лас-Вегастағы бокс кешінде бұрынғы әлем чемпионы, 30 жастағы аме­рикалық Роб Брантты жеңді. Жек­пе-жек орта салмақ дәре­жесінде өтті және он раундқа есеп­телді. Ал­тыншы раундта Әлімханұлы аме­ри­калықты нокдаунға жіберді. Ал се­гізінші раундтан кейін Брант жекпе-жек­ті жалғастырудан бас тартты. Қос боксшының да қазір 10 жекпе-жекте 10 жеңісі бар. Біз өз кезегімізде жоғарыда атап өткен боксшылардың кәсіпқой бокс­та­ғы қарым-қабілеті, деңгейі, ша­ма-шарқы туралы отандық бокс ма­­ман­дарынан сұрадық. Қазақстан­ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков қазақстандық боксшылардың ешқайсысын бөліп-жарғысы келмейтінін айтады.

– Кәсіпқой бокста барлық бокс­шыларымыз да тәуір өнер көрсетіп жүр. Көпшілігі біздің тәлімімізді алған жігіттер. Даниярға да оң ба­там­ды бергенмін. Жәнібек те сенім­ді ақтап жүр. Айдос Ербо­сынұлы да қазақтың атын әлемге шығарсам да жүрген боксшы. Садриддиннің де ұм­тылысы қуантады. Тұрсынбай Құлахмет, Бекман Сойлыбаевтарға әлі де тәжірибе жинақтау керек.

Кәсіп­қой бокста жүрген отандас­тары­­мыздың рейтингте орны жо­ғары­­лаған сайын қарсыластары да мықты бола түсетіні белгілі. Кәсіп­қой бокстың ерекшелігі сол ғой. Үздік ондықтың ішіне кіргеннен кейін нағыз жекпе-жектер бастала­ды. Титулға талас, титулды қорғау ай­наласында кез­десулер өтеді,– дей­­ді білікті маман. Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Qazaq boxing залының жат­тық­тырушысы Мұхит Амантаев ал­дағы 2-3 жылдықта қазақстан­дықтар арасынан әлем чемпиондары шыға­тынына сенетінін жеткізді. – Данияр Елеусінов әлі де үздік бокс­шылармен кездесу өткізген жоқ деп ойлаймын. Бірақ мен Олимпиада чемпионынан көп үміт күтемін. Болашақта бір-екі жылдықта әлем чем­пионы атанатын шығар. Ал Қа­нат Исламның жасы қырыққа келіп қалды. Әлемдік деңгейде кере­мет же­тіс­тіктерге жетеді, әлем чем­пио­ны болады деп айта алмаймын. Қанат ол уақыттан әлдеқашан өтіп кетті. 5-6 жыл бұрын мүмкіндігі бол­ған. Сад­рид­дин Ахмедов жас, бола­шағынан үміт күттіретін боксшы. Канадада біраз уақыт жаттықты. Жылына 4-5 кездесу өткізіп, атақ-абыройы бар, танымал боксшы­лар­мен шығып, өзін көрсете алатын боксшы.

Тұрсынбай Құлахметтің кәсіпқой бокстағы кездесулерін көр­медім. Бірақ әуесқой бокстағы жек­пе-жектерін көрдім. Әзірге беталысы жаман емес. Жолы ашық болғай. Көп мамандар мақтап жа­тыр. Айдос Ербосынұлы да жеңі­ліс­сіз келе жатыр. Оған бокс мәнерін, тех­никасын өзгертуі керек секілді. Мық­ты қарсыластармен де кездесу өт­кізгені жөн. Әйтпесе, орта дең­гейлі боксшылардың бірі болып қа­лады. Әзірге рейтингі жоғары.

Сон­дықтан қарсылас таңдауда қате­леспеу керек. Жан Кособуцкий де мықты қарсы­лас­тарға жолықпа­ды. Мейірім Нұр­сұл­танов Америкада Мадияр Әшкеев­­пен бірге жаттығып жүр. Ол әзірге кәсіпқой бокста жақ­сы келе жатыр. Кездесу өткізбегелі де біраз бол­ды. Карантин де кесірін тигізіп жат­қан болса керек. Алдағы уа­қытта жағдай жақсарса өзін жақсы қы­ры­нан көрсетеді әлі, – дейді жат­тық­тырушы. Бокс мамандарының кәсіпқой рингте жеңісті сериясын жалғап жүр­ген былғары қолғап шеберлеріне берген бағасы осындай. Ең бастысы, саңлақтарымыз әлемдік аренада жеңісті жолынан жаңылмай, қазақ бок­сының абыройын асқақтата түс­се екен.

Абылайхан ЖҰМАШ