16 үміткер талапқа сай келмеді
16 үміткер талапқа сай келмеді
168
оқылды

Алматы облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну арқылы 279 үміткер ұсынылыпты.

Орташа бәсекелестік дең­гейі 3,9 адамнан келеді. Ұсы­нылған 279 үміткердің 249-ы – ер, 30-ы – әйел­дер қауымы­нан. Үміткер­лер­дің орташа жасы – 41 жас. Бұл туралы Тал­ды­қорғанда өңірдегі ауыл­дық округтердің әкімдеріне үміткерлерді ұсыну қорытын­дылары туралы өткен брифинг барысында облыстық аумақтық сайлау комис­сия­сы­ның мүшесі Қаһарман Жақсы­лық мәлім­деді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мүшесінің айтуы­на қарағанда, жалпы Алматы об­лы­сында 71 ауылдық округте әкім­дер сайлауы өтеді. Бұл ретте 60 әкім өкілеттік мерзімі­нің аяқталуына байланысты, 11-і өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты сайлан­ады. Өз кандидаттарын ұсынған саяси партиялар қата­рында «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» ХДПП, «Ақ Жол» ҚДП, АDAL СП, ҚХП, ЖСДП бар. «Ұсынылғандар арасындағы 154 үміткер – жұмыс істеп жүр­ген мемлекеттік қызметшілер, 32-і - коммерциялық құрылым­дардың өкілдері, 70-і – бюд­жет­тік ұйымдардың қызмет­керлері, 10-ы уақытша жұмыс істемейді, 3-еуі – қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, 6-ы – өзін-өзі жұмыс­пен қам­тығандар, 3-еуі ішкі істер және әскери салада қызмет еткен зей­нет­керлер. Арасында ғылы­ми дәрежесі бар кандидат та бар», – деді Қаһарман Жақсы­лық. Биылғы 10 шілдедегі дерек бойынша 279 үміткердің 159-ы тіркелген (56,6%). Түрлі себеп­тер­мен 23 адам үміткерлікке тір­кеу­ден өтпеген. Олардың 16-сы талаптарға сәйкес кел­месе, 7-і өз кандидатурасын алып тастау туралы өтініш­теріне сәй­кес тізімнен шыға­рылыпты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы