Шаруалардың маңдайы тасқа тиді

Шаруалардың маңдайы тасқа тиді

Шаруалар жерлерінен айырылып жатыр. Олардың пайларын ірі компаниялар несие алу үшін кепілдікке қоюға құқылы. Ал қарызынан құтыла алмаған кәсіпкерлердің кепілдігін банк не басқа қаржы компаниясы оңай-ақ сатып жібере алады. Жерінен айырылғанын естіп сотқа жүгінген ауылдықтардың маңдайы тасқа тиюде. Өйткені сот олардың талап-арызын қанағаттандырмайды. Оған жалпы жиналыста қабылданған шешім себеп. Мұндай жиналысқа барлық пай иелерінің атынан бір-ақ адам қатысып, келісім бере алады. Қағазға қол қойылғаннан кейін «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса».

Осылайша, «Атамекен-Агро», «Алиби Ишим» , «Новосветловка-Алиби» сияқты ірі компаниялар түрлі қаржы институт­тарынан ірі көлемде несие алып, шаруалардың жерлерін кепілдікке қойған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыс­тық мамандандырылған ауданаралық эко­номикалық соты қараған іс материал­дары­на сүйенсек, талапкерлердің «Новос­вет­ловка-Алиби» ЖШС жалпы жиналысында қабылданған шешімдердің және өздерінің жер телімдерін кепілге қою туралы келісім­шарттың күшін жою туралы өтініші қана­ғаттандырылмаған. 2007 жылы өткен жал­пы жиналыстың шешімімен олардың жерлері кепілдікке беріліп қана қоймай, «Алиби» ЖШС өз міндеттемелерін тиісін­ше орындамаған жағдайда «Халық банкіне» кепілге қойған жерлерді сатып жіберу құқығы берілген. Ол аз болғандай, 2011 жылы кезектен тыс жалпы жиналыстарда борышкерлердің осы және болашақтағы барлық қарыздарының төлемін қамтамасыз ету үшін мүлкін кепілдікке қоюға, борыш өтелмеген жағдайда банкке сот шешімінсіз-ақ кепіл мүлікті сатуға, серіктестіктің барлық есепшоттарынан қаржысын өн­діріп алуға рұқсат берілген. Сөйтіп, борышкер 100 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз алған. Биыл көктемде банк келісімшарт бойынша өзінің талап ету құқығын, соның ішінде кепілдік шарты бойынша талап ету құқығын ішінара «Секьюрити Систем Қазақстанның кол­лек­торлық агенттігі» ЖШС-іне берген. Мұны естіген талапкерлер жалпы жи­налыс шешімдерінің және кепілдік туралы келісімінің күшін жоюды, өз жерін мүлік тізімдемесінен және жер телімдеріне салынған тыйымды алып тастауды талап етіп, сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Олар жиналыс өткізілген кезде заң бұрмаланды, сырттай шешім қабылданып, өз құқықтары бұзылды деп есептейді. Сот барысында анықталғандай, 463 адамның атынан жиналысқа 1 адам қатысып, барлығы үшін қол қойған. Сондай-ақ сот талап қою мерзімі, яғни 6 ай баяғыда өтіп кеткен деп шешті. Сөйтіп, талапкерлердің арызы қанағаттандырылған жоқ. Сонымен қатар «Атамекен-Агро» ЖШС де шаруалардың жерін кепілдікке қойып, «Цесна Банк» акционерлік қоғамынан 6 100 000 000 теңге несие алған.Борышкер қарызын өтей алмағандықтан, банк пен «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арасында келісімшарт жасалып, кепілге қойылған барлық мүлік қордың меншігіне өткен. Бірақ бұл жағдайда да сот олардың талап-арызын қанағаттандыра алмады. «Алиби-Ишим» ЖШС де қарызын өтей алмағандықтан, ауылдықтардың жері «Проблемалық кредиттер қорына» өткен.

МЕМЛЕКЕТ РЕТТЕУІ ТИІС

Солтүстік Қазақстан облыстық маман­дандырылған ауданаралық экономикалық сот төрағасы Бауыржан Жайжұмановтың айтуынша, мұндай істер аз кездеспейді. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Тәуелсіз Республикалық заң консуль­танттары палатасының басқарма мүшесі Светлана Василескудің бұл орайда өзіндік пікірі бар. Ол кәсіпкерлердің ісіне мемлекет араласпауы керек деген қағида түбірімен дұрыс емес деп есептейді. «Бізде мемлекет тіпті әр отбасының жеке ісіне де араласады ғой. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Күйеуі әйелін ұрса, түрмеге тоғытылады. Сол сияқты мемле­кет жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тіктер, фермерлік және шаруа қожа­лықтарының да ісіне араласуы керек. Өйткені бұл жерде әртүрлі адамдардың тағдыры туралы сөз болып отыр. Аза­маттардың құқығы бұзылып жатқан­дықтан, кәсіпкерлікке берілген мұндай еркіндікті түп-тамырымен жою керек», – дейді заңгер. Заңгердің түсіндіргеніндей, «Жауапкер­шілігі шектеулі және қосымша жауапкер­шілігі бар серіктестіктер туралы» заң мен ЖШС жарғысында барлық мүлікті кепілге қою туралы мәселе жалпы жиналыста шешіледі делінген. Барлық мүлік дегеніміз – жер, қора-қопсы, кеңсе ғимараты, ауыл шаруашылығы техникасы, жиһаз және тағы басқа. Ал кепілдікке тек жер қойылатын болса, серіктестік директоры өзі жалғыз шешім қабылдай алады екен. «Серіктестіктің жарғылық капиталында шаруалардың үлесі тиын-тебен ғана. Өйткені жер тым арзанға бағаланады. Ал инвестордың үлесі 70-90 пайыз болуы мүмкін. Инвестор ауылда тұрмауы, тіпті шетел азаматы болуы да ғажап емес. Дегенмен оның жарғылық капиталдағы үлесі көп болғандықтан, кез келген шешім қабылдаған кезде дауысы басымдыққа ие. Солай бола тұра бұл жалпы жиналыстың шешімі деп есептеледі», – дейді Светлана Василеску.

СЕНІМХАТ ЖАЗБАҒАН ЖӨН

Заңгердің пікірінше, бар гәп – сенімхатта. Пай иелері нотариус арқылы өз жерлеріне иелік ету туралы сенімхат рәсімдеген кезде ойлануы керек. Бірақ сенімхат бермеске амал жоқ, бәрібір мәжбүрлейді.«Олар сенімхат бере салады да, серіктестіктің ішкі жұмысына араласпайды. Бұл дұрыс емес. Араласу керек, не болып, не қойып жатқанын сұрастырып отыру керек. Өз тәжірибемнен байқағаным, мұндай істердің басым бөлігінде талап ету мерзімі өтіп кеткен. Жерлері сатылып кеткенін шаруа кеш біледі. Қолын мезгілінен кеш сермеген олар түптеп келгенде өздері де кінәлі. Өйткені олардың сенімхатының күші жойылмаған, ендеше жалпы жиналыстың күші неге жойылуы керек? Осылайша, олар қайда барса да, өз құқықтарын қорғап қала алмайды. Мен оларға сотқа барып, уақытыңызды зая кетірмеңіздер деп кеңес берер едім» деп налиды заңгер. Кейбір жарғыларға сәйкес, шаруалар серіктестік құрамынан шыққан кезде кәсіпорын қарыздарының бір бөлігін өз мойнына алуға, шығындарын жабуға және осы сияқты ақылға сыймайтын басқа да мәселелерді шешуге міндеттеледі. Қазіргі заңнама бойынша серіктестік иелері жарғыға ойларына не келсе соны енгізе алады. Сондықтан Әділет министрлігінің құлағына алтын сырға: жарғыларды бұрынғыдай заңгерлік сараптамадан өткізу керек. Бұған дейін мұндай тәжірибе болған екен. Заңды тұлға тіркеуден өткен кезде кәсіпорынның жарғысы сараланған. Ондағы мақсат – әркімнің құқығын қорғау. Облыстық Әділет департаментінің мәліметінше, бұл тәжірибе құрдымға кеткелі он шақты жылдың жүзі болыпты. «Тым болмаса министрлік барлығына ортақ типтік жарғылардың үлгісін жасауы керек», – дейді заңгерлер. Және жерге қатысты мәселе қаралған кезде жер пайдаланушының жеке өзінің ғана дауысы ескерілуі тиіс. Мемлекеттің кәсіпкерлікке бөгет жасамау керек деген талабын, өкінішке қарай кейбір кәсіпкерлер теріс пайдаланып отыр. Ал шаруалардың өз жерлерін қайтарып алатын қауқары жоқ. Қайда барса да, «Қорқыттың көріне» тап болуда...

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы