10 күн ішінде 53 мас жүргізуші ұсталды
10 күн ішінде 53 мас жүргізуші ұсталды
112
оқылды

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында орын алған 80 жол-көлік оқиғасының 11-ін мас көлік жүргізушілері жасаған.  Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 99-ы жарақат алды. Мас жүргізушілердің кесірінен 2 адам көз жұмып, 15 адам жарақаттанды.

Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде тоқтатқан «Audi» көлігінің 23 жастағы жүргізушісі мас болып шықты. Медициналық куәландырудан соң сот шешімімен жас жігіт 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, алдағы 7 жылда көлік басқара алмайтын болды. Полицейлер соңғы 10 күннің ішінде облыс жолдарында 53 мас жүргізушінің ұсталғанын атап өтті. Шілденің 2-сі мен 11-і аралығында өткізілген облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасының 10 күнінде жолда жүру ережесі  4,5 мыңнан астам рет бұзылғаны анықталды. Өрескел тәртіп бұзушылықтардың арасында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетудің 72 фактісі және жылдамдықты асырудың 389 фактісі де бар.  

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы