Экономиканы қозғайтын күш – кәсіпкерлер. Оларға мемлекеттен көмек беру толастаған емес. Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы жұмыстар туралы Қарағанды облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна АБЛАЕВА мен Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар КҮЛПЕЙІСОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.
– Биыл 2,5 мыңнан астам кәсіпкерге қаржылық қолдау көрсету жоспарланды. Әзірге, жалпы сомасы 68,4 млрд теңгеге 1420 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар биыл кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына 7 млрд теңге бөлінеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл шаралар өздерінің тиімділігін қазірдің өзінде дәлелдеді, – дейді Татьяна Аблаева. Ал «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша 6%-бен шағын несие беру басталды. Бағдарлама 2017 жылы бастау алып, биыл аяқталады. Бизнестің жеңілдікпен кредиттеуге деген үлкен қажеттілігін ескере отырып, екінші жартыжылдықтан бастап микрокредиттер «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» түлектеріне «Атамекен Қарағанды» микроқаржы ұйымы арқылы берілетін болады. Барлығы 3,8 млрд теңгеге 1 мыңға жуық шағын несие беруді жоспарлап отырмыз. Басқарма басшысы 2019 жылдан бастап жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істейтінін айтып өтті. Қарағанды облысы бойынша бағдарлама шеңберінде іске асырылған неғұрлым ірі жобалар – «Евразиан Фудс» АҚ маргарин өндіру желісін кеңейту,«Альфарух» ЖШС көтерме-тарату орталығының құрылысы, «Жаке» ШҚ бордақылау алаңы. Басқарма басшысы: «2020 жылы біз бағдарлама бойынша гранттарға конкурс өткізген аймақтардың бірі болдық. Биыл бұл жұмыс сол форматта жалғасады.Сонымен қатар басқарма басшысы жыл басынан бері 69,2 миллиард теңге инвестиция сомасына 1 601 жоба іске асырылғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша биыл 58,6 миллиард теңге инвестиция сомасына 963 жоба мақұлданған. «Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралы бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 32,9 миллиард теңгені құрайтын 487 жоба мақұлданды. Өтініш білдірген және қолдау алған кәсіпкерлер саны 5 еседен астам өсті. Инвестиция көлемі 10 есе өсті. Мысалы, қарағандылық «Тэгам» ЖШС (шұлық-ұйық бұйымдары), Jakko (резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруші), «Ақжайық» – ұн тарту-жарма бұйымдарын өндіру және тағы басқа жобаларға қолдау көрсетілді», – деді ол. Татьяна Юрьевна «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тренингтер өтіп жатқанын айтып өтті. «Биыл 1 250 адамды оқыту жоспарланып отыр, оған 472 адам қамтылды. Коронавирус инфекциясының Ashyq кәсіпкерлік субъектілерінде таралу қаупін азайту жобасы танымал болып келеді. Бүгінде оған 731 бизнес нысаны қатысуда, тағы 89 қатысушы тестілік режимде жұмыс істейді», – дейді ол. Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында қолдау орталығының өткен жылғы және биылғы бірінші жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды. Аталған кезеңде орталық кәсіпкерлерге оффлайн және онлайн режимінде 3 400-ден астам қызмет көрсетті. Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталықтары 2015 жылдан бастап Қарағанды облысының 18 қаласында және аудан орталықтарында жұмыс істейді. Олар ақпараттық және консультациялық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар бизнес-жоспар құруды, бухгалтерия жүргізуді, мемлекеттік сатып алуларға және ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатысу ережелерін үйретеді. – Біздің мамандарымыз бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге көмектеседі, сондай-ақ барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін маркетинг, заң қызметтері мәселелері бойынша, статистикалық есеп беру секілді және басқа да қызмет түрлерін көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов. Кәсіпкерлерге арналған барлық сервис қызметтері тегін. Оларды дербес орталықтарға немесе онлайн (services.atameken.kz порталы арқылы) хабарласу арқылы алуға болады. Өткен жылы Қарағанды облысы бойынша «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламасымен орталықтың бизнес мектебінде 846 адам оқытудан өтті. Қарағанды облысының кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының көмегімен экономиканың түрлі секторында жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге 747 жоба сүйемелденді және іске асырылды. 1 200 жұмыс орны құрылды.Бүгінде жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 292 грант берілді, бұл ақшалай түрде 583,4 мың теңгені құрайды. Гранттық қаржыландыру арқылы жастар кәсіпкерлігін дамытуға 200 млн астам теңге бөлінеді. Бұл – 100 млн теңгеге облыс әкімінің 100 гранты және 105,6 млн теңгеге қалалар мен аудан әкімдерінің 150 гранты», – дейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы