Ел егемендігінің 30 жылдық бедерінде жастарға аз көңіл бөлінген жоқ. Әсіресе, жас отбасыларды баспанамен қамту бағытында баянды бағдарламалар жанданып, жүйелі жобаларға жан бітті. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында тұрғын үй құрылысы баяу жүргізілгенімен, кейінгі 20 жылдықта ерекше қарқын алды. Жас отбасыларды баспана бақытына кенелткен бағдарламалардың алғашқысы – «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» жобасы.
Аталған бағдарлама аясында 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салына бастады. 29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына 2 жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз жалға алынған баспанаға ие болды және тұрғын үй одан әрі сатып алу құқығымен берілді. Сол тұстағы үйлердің 1 шаршы метрі 80 мың теңгеден бағаланса, жас отбасылар 2 бөлмелі үйді небәрі 4 миллион 200 мың теңгеге сатып алып жатты. Соңғы рет 2017 жылы «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша Өскемен қаласында пәтер үлестірілді. Дәл сол жылы аталған бағдарлама жұмысын тоқтатып, Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы дүниеге келді. Аталған жоба аясында 15 жылда 1,5 миллион отбасыны баспанамен қамту көзделді. Жаңа бағдарлама тұрғын үй саясатына түбегейлі өзгерістер әкелді. Яғни, енді баспананы салғаннан кейін сатуға басымдық берілді. Ал жалға алынған үйлерді сатып алу құқығымен беру тәжірибесі қаржыландырудың тиімсіз тетіктерін көрсетті. Бұдан шығатын тұжырым – көп үй салу үшін көбірек сату керек. Ал үйді ұзақ мерзімге сатып алу құқығымен беру тиімсіздігін дәлелдеді. 2017 жылы Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Алматы жастары» деген бағдарламаны ұсынды. Алматылық жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасына сол жылы жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 35 жасқа дейінгі алматылықтар баспана алу үшін 10 миллион теңгеге дейінгі несиені жылдық жеңілдетілген5 пайыздық мөлшерлемемен алды. Несиені қайтару мерзімі әрбір қатысушының төлем қабілеттілігіне байланысты 3 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге ұзартылды. Ал баласы бар алматылық жастарға бағдарлама аясында тағы да басқа жеңілдіктер қарастырылды. Мәселен, бірінші балаға 10 балл, ал одан кейінгі балаларға 20 балдан есептелді. Сондай-ақ бағдарлама туралы хабарлама шыққан уақытта некелескендеріне бір жылға жетер-жетпес уақыт болған жас отбасыларға 30 балл қойылды. Мұның бәрі баспана рәсімдеу кезінде қатысушыларға белгілі бір дәрежеде басымдық берді. 2018 жылдың жазында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша үйді тек бастапқы нарықтан алу керек. Сондай-ақ ипотекалық несие несиелік тарихы «бұзылмаған», әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және төлем қабілеттілігі жоғары адамдарға ғана берілді. Ә дегеннен бағдарламаға қатысушылардың қарасы қалың болғандықтан «Баспана» ипотекалық ұйымы бюджеттік сала қызметкерлері мен жас отбасыларға қатысты қаржылық жүктемені төмендетіп, «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобаларын ұсынды. Аталған жобалар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, полиция қызметкерлеріне баспана алуға арналған арнайы сертификаттар берілді. «ЦентрКредит Банкі» де жас отбасыларға арнап ипотекалық құрал ұсынды. Аталған банк стандартты ипотекалық өнім де берді. Жастарға арналған ипотеканың стандартты өнімнен басты артықшылығы мерзімінде болды. Яғни, жастарға арналған ипотеканың мерзімі 20 жылға дейін ұзартылды. Ал алғашқы жарна көлемі баспана құнының 30 пайызына тең болады. «ЦентрКредит Банк» ұсынған «Жас отбасы» бағдарламасының негізгі басымдығының бірі өтініштің жылдам қарастырылуында еді. Өтініш 3 күннің ішінде қаралып, тұрғын үйді Қазақстанның кез келген қаласынан алуға мүмкіндік туды. Бастысы, жұбайлардың жасы 35-тен аспауы керек. Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі – 16,5 пайыз. Ал жалақыны «ЦентрКредит Банкінен» алатындар үшін 16 пайыз болып бекітілді. Жұбайлар бір-біріне гарант болуға немесе басқа тұлғаларды қатыстыруға мүмкіндік алды. 2019 жылы «Жастар жылы» аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастары 1 мың арендалық пәтермен қамтылды. Бұл бағытқа жыл сайын 7,2 миллиард теңгеден, ал үш жылда 21,6 миллиард теңге бөлінетін болды. Жалға алынған пәтерлер аталған жылдың 1 тамызынан бастап беріле бастады. Осылайша, 2021 жылға дейін ел астанасында 1 050, Алматыда 900 және Шымкент қаласында 900 арендалық пәтер салынды. Сонымен қатар жастарды баспанамен қамту мәселесіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпорындар мен әлеуетті жұмыс берушілер тартылды. Жас отбасыларды баспанамен қамтуда әлеуметтік бағдарламалардың да тигізген пайдасы орасан. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы жас жанұялардың баспана бақытына кенелуіне жол ашты. Сондай-ақ «Шаңырақ», «5-10-20», «Баспана хит», «Ипотека Орда» сынды жобалар арқылы да тұрғын үй алып жатқан жас отбасылар аз емес. Ең бастысы төлем қабілеттілігің мен отбасылық жағдайың талапқа сай келсе болғаны. Енді биыл «Елорда жастары» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Аты айтып тұрғандай, жеңілдетілген несиеге баспананы шаһардың жастары рәсімдей алады. Бұл жолы тізімге жас бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары да еніп отыр. Әрине, басымдық бірінші кезекте дәрігер, мұғалім, полицей және өнер адамдарына берілмек. Алайда болашақта тізімді кеңейтіп, өндіріс пен IT саласының қызметкерлерін де пәтермен қамту қарастырылып жатыр. Ипотеканың бастапқы жарнасы – 10 пайыз, жылдық үстемеақысы 5 пайыз болмақ. Ал пәтердің құны 13 миллион теңгеге дейін болуы тиіс. Мұндай жоба Жамбыл жерінде де жанданып отыр. Өңірде бағдарлама «Әулиеата жастары» деп айдарланып отыр. Қазір жауапты мамандар, салалық мекемелер бірлесіп, тұрғын үй несиесін үлестіру бағдарламасын әзірлеп жатыр. Жобаның бастапқы қаржыландыруы 2 миллиард теңге болмақ. Қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңге. Пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз болса, бастапқы жарна – 0-10-20. Алғашқы кезеңде 200 жас баспанаға қол жеткізе алады. Өтініш пен құжаттар электронды цифрлық қолтаңба арқылы қабылданса, қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. P.S. Міне, бұл – жастар мен жас отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған баянды бағдарламалар. 30 жылдың бедерінде бір бағдарлама өміршеңдігін тоқтатса, екіншісі – дүниеге келіп жатыр. Бұл жастарға мемлекет тарапынан қолдаудың толастамайтынын аңғартып тұр. Ендеше, осынау мүмкіндіктерді мүлт жібермей, жас отбасылар баспана бақытына көптеп кенелсін деп тілейміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы