Өрісіңді өрт шалса...
Өрісіңді өрт шалса...
189
оқылды

Жұттың бірі – өрт. Биыл Қазақстанда аптап ыстықтан қуаңшылықпен қатар, дала өрті де ерекше күшейіп кетті. Бірнеше өңірде шаруалар жайылым, шабындық жерлерінен айырыла бастады. Әсіресе, ел Үкіметінің иек астындағы Арқа төсінде орналасқан Қарағанды, Қостанай облыстары тілсіз жаудың зардабын қатты тартып жатыр. Соның өзі-ақ жемшөп пен ет бағасын шарықтата түсері сөзсіз.

Торғай даласында тұтанып...

Маусымның соңына қарай Қостанай облысының Аманкелді ауданы аумағында найзағай сал­дарынан 600 гектардан астам жерді жалын шарпыды. Одан кейін бір емес, 8 жерден жай түсіп, көрші Жангелді ауданындағы «Алтын Дала» резерватының аума­ғынан қою түтін бұрқ ете қалды. Он шақты күнге ұласқан алапат өртке ауыл тұрғындары мен жер­гілікті бірді-екілі өрт сөндірушілер ескі техника, жалаң қолмен ие бола алмай қалды. Онсыз да биыл қырда шөп шығымсыз болып, мал жайылатын жер тарылып бара жатыр еді, төбеден жай түскен мына жайт қыстың қамын күйттей алмай жатқан жұртты одан сайын есеңгіретіп тастады. Биліктен кө­мек күтіп шаршаған Екідің, Жаңа­қала, Көлқамыс ауылдарының тұрғындары қызыл жалынға трак­торға тіркелген бөшкемен су құйып, аяқтарының астын киіз бай­ланған құрықпен сабалап әлектенді. «Арқалықтан бір автобус адам келді көмекке. Бірақ қолдарында құралдары жоқ, жалаң қолмен не істей алады? Күннің ыстығы мен самал жел жағдайды ушықтырып барады» деп ашынды сонда Жаңа­қала ауылының тұрғыны. Оның айтуынша, қала әкімдігі жіберген ескі өрт сөндіру көлігі жолда өзен­­нен су алып жатқанда батпақ­қа батып, бұзылып тынған. Ал, Ар­қалық қаласы төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Данияр Рүсте­мов ауылға өрт сөндіру қызметі шыққанмен, шал­ғайда байланыс­тың жоқ­тығынан олардан хабар ала алмағанын жасырмады. Сол кезде Жангелді ауданының Аралбай ауылы аумағында өрт әп-сәтте 40 гектар ау­маққа жайы­лып, Амангелді ауданының Қабырға ауылдық округінде де тілсіз жау халыққа түн ауғанша бой бермей жатқан-ды. Оқиғадан сырттай хабар алып отыр­ған Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев: «Маңғыстау, Қызылордада шөп, су жоқтықтан мал қырылуда. Бір айдан бері Торғай жақта дала өрті күшейіп, жайылым мен шабын­дықтар жанып, техника жоқтықтан халық жалаңаш қолмен сөндіре алмай, қиналып жатыр. Мұндай апатты жағдайда Үкімет басшысы апат орнына барып, жедел шешім, шұғыл шара қабылдау керек қой. Апат орнына Үкімет басшысы түгіл, облыс әкімі де бармаған. Не ойлары бар екен?» деп астанадан үн қатты. Ал оған Арқалық қала­сының әкімдігі әлеуметтік желі арқылы өз уәжін айтып ақталды. Айтуынша, қалалық өрт сөндіру бөлімінен әр ауылға бір-екі тех­ника мен ондаған маман жіберіл­ген. «Екідің, Жаңақала ауылдары аймағындағы дала өрті кезінде Арқалық қаласы әкімінің орын­басары Ерлан Раисов, қалалық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Асылхан Нұрға­лиев өрттің басында болып, ұйым­дастыру жұмыстарын жүргізді. Өрттің сөндірілу барысы қала әкімі Әмірхан Асановтың жіті қадағалауында болды», – дейді одан әрі. Алайда Қостанай облы­сынан қосымша күш жұмылды­рыл­­мауы салдарынан, шала бық­сып барып, қайта тұтанған ол өрт Екідің ауылының Жайлаукөл, Жы­ланды, Қыналы, Сатый, Сар­бас, тағы басқа жайлаулары мен қыстақтарының жайылым, ша­бындық жерлерін түгел отқа ораған қалпы, ақыры Қарағанды облысы­ның көршілес Ұлытау ауданына өрлеп кете барды. Оны Қостанай об­лы­сының әкімі Архимед Мұхамбе­товке қарағанда пы­сықтық­ танытып, Ұлытау ауданына тікұшақпен бара қойған Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өз аузымен айтты, «Ұлытаудың Шеңбер, Қор­ғасын ауылдары ар­қылы Қостанай облы­сынан келген өрт» деп. Ал Арқалық қаласының әкімдігі жа­лын­мен ар­па­лысып жүр­ген жергі­лік­ті тұр­ғын­дардың көзін бақы­рай­тып қойып, «өртті ауыздықта­дық» деу­ден танатын емес.

Ұлытауға ұласты

Шіліңгір шілде Қарағанды өңіріне де оңай соқпай тұр. Жалпы, өңірде қауіпті кезең басталғалы 130 дала өрті болыпты. Оның ішінде айналдырған бір аптада Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай, Шет, Жаңа­арқа аудандарында 24 өрт тір­келген. Әсіресе, жер көлемі жағы­нан облыс бойынша бірінші орын­дағы Ұлытау ауданында жағдай ушығып, жалын 40 мың гектарға жуық жерді шарпыды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бек­тің өзі ондағы жағдаймен та­нысып, тұрғындарға жалпы аудан бойынша 17 өрт ошағы бақылауға алынғанын жеткізді. «Қауіпті учас­келерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкім­діктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деді ол. Сол сәтте өңір басшысының арнайы келгені шығынға белшеден батып, таяқ ұстап қалған шаруаларға дем беріп, ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Сондай-ақ тек Жангелді, Пионер ауылдары маңында 28 мың гектар жер қызыл жалын құрсауын­да қалғандықтан, 3 елді мекенде төтенше жағдай режимі сақталып, Пионер ауылындағы жедел штабқа әскерилер тартылды. Іргеге бір ап­тада шатырлар тігіліп, 200-ге жуық құтқарушы келген. Бірі кел­се, бірі кетіп жатқан өрт сөндіргіш техниканың да 20-дан астамы сонда шоғырланды. Себебі қатты жел тұрып, малдың қиы мен тезек қайта тұтанып, жаңбырдың да жаумай қоюы жұмысты едәуір қиындатып жіберген еді. Жалпы, Қызылорда облысымен іргелес жатқан Ұлытаудың жазы ыстық болғандықтан, өрт те жиі қайталанып тұрады. Бірақ тілсіз жау халықты осынша әбігерге алғаш рет салған екен. Көнекөздер «соңғы 30 жыл бойы өрттің жан-жақтан бір мезетте лап қоюы болмаған» деп отыр. Шынында да, апта бойы күндіз-түні жұмыс істеген 175 түрлі техника мен 1 000-ға жуық құтқарушы және ерік­тілерге бой бермеген өрт Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек, Борсеңгір, Пионер, Байқоңыр, Шеңбер, Жангелді, Ақтас, Аман­гелді ауылдарының жайылымы мен шабындықтарын тып-типыл етті. Тіпті, биіктігі 2-3 метрге дейін жеткен өрттен Ұлытау ауданы Қоскөл елді мекенінің 23 жастағы тұрғыны Бейбарыс Ескендір қаза тапты. Сондай-ақ Жангелді ауы­лы­на қарасты Демеубай қыста­ғында «Әбдібеков» шаруа қожа­лығының 200 қойы мен 10 торпағы, ал Байқоңыр ауылында 300-ге таяу қой өртеніп кетті. Адамдары болса, жан сауғалап, әрең аман қалған. Ауданның жалпы шығынын есеп­тегенде, 9 қожалықтың жайы­лымнан айырылғаны анықталды. Қарағанды облысы әкімінің орын­басары Серік Шайдаров жергілікті шаруалармен кездесіп, оларды қолдауға уәде берді. Енді шаруалар мемлекет меншігіндегі жерді бір жылға тегін алуы мүмкін. Ал малы­нан айырылғандарға нарықтағы бағаға сай өтемақы төленеді. Де­ген­мен Пионер ауылының тұрғы­ны Тайып Балғазинов: «Жердің бәрі түгел кетті. Шабындық та кетті. Енді малды сатамыз» деп отыр. «Шабындық» демекші, 3-7 шіл­де аралығында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ғана емес, Бұқар жырау, Нұра, Шет, Осакаров, Қарқаралы аудан­да­рында және Қаражал қаласында да жалпы ауданы 33 995 гектар дала өрті болыпты. Одан бөлек, 8 шілде күні Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылдық округінің жайылымын және Қаражал қаласымен арадағы 30 шақырымға жуық шабындығын жалын жалмап кеткен.

Шөп болмаса, ет те жоқ

Қазір Қарағанды облысында малшыларға қыс мезгіліне 2,2 миллион тонна шөп дайындау қажеті ескертілді. «Аудан әкім­діктерінің деректері бойынша, қазір 312,6 мың тонна шөп дайын­далды. Жұмыс жоспарына сәйкес жемшөп дайындауды 1 қазанға дейін аяқтау қажет. Техника жет­кілікті», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы­ның басшысы Асқар Санаубаров. Оның айтуынша, шөп бағасының көте­рілуіне жол бермеу туралы ме­морандумға қол қою жоспарланған және шөпті өңірден тыс жерлерге сатуға тыйым салынуы мүмкін. Бірақ олар жартысы қу тақырға айналған Арқаның қай жерінен 2,2 миллион тонна шөп дайындамақ? Осы орайда 15 жылдан бері біз­дің еліміздің табиғатын зерт­теумен айналысып жүрген Геттинген университетінің қоршаған ортаны қорғаушы ғалымы Йоханнес Камптың дерегіне сүйеніп көрейік. Ол назар аударған жер орбитасынан түсірілген суреттегі 2 мыңнан астам ауыл мен қаланың, 1 300 мал фермасының басым көпшілігі 1991 жылдан кейін құрдымға кетіпті. Сондай-ақ ғалымдар командасы Қазақстандағы Германияның ау­мағымен бірдей аумақтан 1990 жылғы фотосуреттермен салыс­тыр­­ғанда, өртенген жерлердің әл­де­­қайда артқанын тапты. «Қа­зақ­стан ғаламдық өрт ошағына ай­налды. Біз өртенген жайылымдар аума­ғының кем дегенде 10 есе өс­кенін көріп отырмыз», – дейді Камп. Ал Елбасы мен Мемлекет бас­шысының Үкімет алдына қойған мақсатына сай, ет экспортын жү­зеге асыру үшін еліміздегі жайы­лымдарды барынша игеру арқылы мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу – ма­ңыз­ды бағыт. «Осы орайда қолда­ныстағы жайылымды жақсартып, шалғай жайылымды мүмкіндігінше игеру ет өнімінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы да­мы­ған Канада, Бразилия, Ар­гентина мемлекеттерінде ет өнімі­нің басым бөлігін жайылымда семірген малдың еті құрайды» деп жазыпты сала профессоры Айбын Төреханов. Ал «Атамекен» ҰКП АӨК және Тамақ өнеркәсібі де­пар­таментінің сарапшысы Қуандық Чункунов зардап шеккен шаруа­ларға уақытында көмек көрсе­тілмесе, елімізде ет алдағы жылы 40-70 пайызға көтерілуі ықтимал деген пікірде. «Біріншіден, қуаң­шылық пен өрттен зардап шеккен өңірлерге малдың қысқы азығын дайындау кезінде жемшөпті суб­сидиялауға тікелей қаржы бөлу керек. Екіншіден, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ына жемшөп қорын қалыптастыру үшін қаржыландыру тетігін қарас­тыру қажет. Бұл жемшөпті өңір­лерге белгіленген бағамен жет­кізуге мүмкіндік береді. Үшінші­ден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп дайындаған кезде арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қажет», – дейді ол. Үкіметтің бағаны реттеу меха­низмдерін іске қосуы керегін Қазақстан ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков те алға тартып отыр. «Келесі жылдың мал­ға мамыражай болатынына ешбір кепілдік жоқ. Фермерлер алаңдап, шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды. Малды сойып немесе тірідей арзан бағамен са­тады. Мал және ет бағасы құлды­райды. Бірақ қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашы­лығында өндірілетін өнімдердің (ет, сүт, май және тағы басқа өнім­дер) құны күрт өсуіне әкеліп соғады» деп жазды ол Facebook парақшасында. Шынымен, жағдай бұлай жал­ғаса берсе, ет тіске емес, тек түске кіруге тақау.

Еркеғали БЕЙСЕН