Педагогтер тегін цифрлық курстарға қатыса алады
Педагогтер тегін цифрлық курстарға қатыса алады
269
оқылды

Білім және ғылым министрлігі мектеп педагогтері үшін тегін цифрлық курстар әзірледі. Онлайн курстар 2 тамызда басталып, 31 қазанға дейін өтеді. Оған педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де қатыса алады.

Еуропалық білім қоры сарапшысы бейнепедагогика негіздері бойынша сессия өткізіп, бейнематериалдар жасау бойынша әдістемесін бөліседі. Курс білім және ғылым министрлігінің www.edu.kz платформасына орнатылады. Сонымен бірге Microsoft Kazakhstan, Bilim Media Group және Kundelik оқыту курсы аясында педагогтерге арналған бейнедәрістер әзірленген.
«Пандемия жағдайында мұғалімдердің рөлі, қоғамдағы орны мен еңбегі одан әрі айқындала түсті. Цифрландыру заманында мұғалімдердің ІТ құзыретін арттыру қажет. Курс педагогтердің цифрлық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Курс бағдарламасы Еуропалық білім қорымен бірлесіп әзірленді», – деді ҚР БҒМ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова.
Қазақстандық мұғалімдер Финляндия мен Оңтүстік Кореяның білім беру процесіне инновациялық технологияларды интеграциялау тәжірибесімен танысады. Курстарда цифрлық білім беру технологияларын пайдалана отырып, педагогтерді сабақты жобалау әдістемелеріне үйретеді. Сондай-ақ, педагогтер ActivStudio, Pictochart, Jamboard, Prezi, Flippity сандық бағдарламаларын кәсіби түрде меңгеріп, ұлттық білім беру дерекқорының ресурстарын пайдалануды үйренеді.
ҚР БҒМ қосымша білім беру педагогтері үшін де курстар ұйымдастырып, қазіргі таңда 2000-ға жуық педагог білігін арттырды. Олар үшін жетекші ғалымдардың, оқытушылардың және практик-педагогтердің арнайы мастер-кластары ұйымдастырылды.
«Курстың әрбір қатысушысы өз тәжірибесін басқалардың нәтижелерімен салыстыруға, өзінің атқарған жұмысының бағасын білуге, сондай-ақ әріптестерінің, ғалымдардың, әдіскер-практиктердің кеңестері мен ұсынымдарын тыңдауға мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру курстары педагогтерді жетілдіруге көмектесіп, олардың кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейтеді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.