Бүгіннен бастап Алматының кіреберістерінде бекеттер қойылады.
Бұл Құрбан айт қарсаңында қаланың аумағына мал әкелмеу үшін жасалып жатқан шара. Сол себепті мұндай шектеулер шілденің 22-сіне дейін жалғасады. Шаһардың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осыған қатысты тиісті Қаулы шығарды.Онда шілденің айт күндері ұйымдарда, жеке үй иеліктері мен медреселерде адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Бұл айт намазына да қатысты. Сондай-ақ мегаполисте мал сою цехтары мен базарлардың жұмыс істеуіне, малды автокөліктер мен жекеменшік үйлерде сатуға болмайды. Онлайн тапсырыс бергендердің құрбандығы орталық мешітте шалынады.