Түркия террористермен күресті тоқтатпайды
Түркия террористермен күресті тоқтатпайды
106
оқылды

15 шілде – Түркияның демократия және ұлттық бірлік күні. Осыған орай Түркияның Қазақстандағы елшілігінде арнайы іс-шара өтті.

2016 жылы 15 шілде күні Түр­кияда жасырын ұйым мүшелері төңкеріс ұйымдастырып, сал­дарынан 251 адам мерт болды. 2 мың­нан астам адам жарақат алды. Кеше Нұр-Сұлтанда Түр­кияда төңкеріске төтеп беруге тырысқан қаһармандардың ерлігін еске алды. FETO тер­рористік ұйымы мемлекетке үл­кен қауіп төндіретінін ай­қындап берді. Бұл қауіпті сейілту үшін түрік халқы табандылық танытты.

Салтанатты жиында Түркия Республикасының Қазақстан­дағы елшісі Уфук Екиджи: «Бүгін 2016 жылы Түркияда орын алған төңкеріс кезінде қаза болған қаһармандарды еске алуға жи­налып отырмыз. Азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау басты міндет. Ерекше айтып өтер жайт, 2016 жылы тамызда Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің елге мем­ле­кеттік сапармен барды. Аталған сапар қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы мемлекет басшысының сапары болды. Қиын сәтте бауырластық танытқан Қазақ еліне ризашылығымызды біл­діреміз», – деді.

FETO-ның жасырын іс-әрекеті әшкере болып, оның мүшелері жауапқа тартылды. Түркияда осындай сын-қатер­лер­ге қарамастан, ел тыныш­тығын сақтауға баса назар аударылады. Бұған қоса, FETO-ға тәуелді шетелдердегі білім беру мекемелерін жабу, оларды FETO элементтерінен тазарту және Түркия «Маариф» қорына беру жұмыстары жалғасып жатыр. Әртүрлі елдер мен халық­аралық ұйымдар FETO-ны террористік ұйым деп жария­лады. 2019 жылғы 9 тамызда Түркия Ұлы ұлттық мәжілісіндегі төрт саяси партиядан тұратын топ тарапынан FETO-ға қарсы бірлескен мәлімдеме жария­ланды. Салтанатты іс-шараға қаты­су­шылар бейбітшілік пен ын­тымақ бүкіл әлем үшін маңызды екенін талқылады. Жиында Юнус Эмре түрік мәдени орта­лығының оқушысы Әйгерім Тәлен «15 шілде» өлеңін оқыды. Түркия мен Қазақстан ара­сындағы байланыс әрдайым жандана бермек.

Н.БАҚЫТ