Талдықорғандағы Салтанат сарайында отбасылық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақ тәрбиесін ұлттық салт-дәстүрлерге сай жүзеге асыру мақсатында елімізде жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық сатысының қорытындысы шығарылып, байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Мерейлі отбасыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов құттықтады.
Байқаудың облыс деңгейіндегі іріктеу кезеңіне 400-ден аса өтініш келіп түскен. Оның ішінен 40 отбасы бірінші кезеңде әулет тарихы жинақталған альбом ұсынып, олардың арасынан 20-сы екінші кезеңге өтіп, бақ сынады. Биыл жетінші жыл ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында әр жылдары жеңіске жеткен отбасылар аталды. Одан бөлек, жеңімпаз болған 4 отбасына қатысты бейнебаян ұсынылды. – Халқымызда «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Ел ертеңі болатын ұл-қыздарды бір шаңырақ астында тату-тәтті өсіріп, тәрбиелеп, қатарынан қалдырмай өсіріп отырған ата-ананың еңбегі әрқашанда орасан. Көпбалалы отбасында жетілген жасөспірімдер бір-біріне бауырмал болып келеді. Отанын сүйетін, үлкендерді құрметтейтін, туған жері мен елі үшін еңбек ететін саналы ұрпақ өсіру – бәрімізге ортақ әрі абыройлы міндет. Осыған орай елімізде мерейлі отбасылар саны арта берсін. Марапаттарыңыз құтты болсын, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары байқауға қатысқан отбасыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ республикалық кезеңге жолдама алғандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облыстан оза шапқандар марапатталды. Үшінші орын екі отбасына берілді. Панфилов ауданынан «Медицина қызметкерлері әулеті» атанған Мансұровтар отбасының ұл-қыздарынан бөлек, келіндері де ақ халатты абзал жандар. Кейінгі екі жылда елдегі жағдайға дәрігерлер зор еңбек сіңірді. Осындайда Мансұровтар әулеті сияқты өз ісінің білікті мамандары болғаны қуантады. Екінші болып үшінші орынды иеленген көпбалалы Сәдуақасовтар әулеті де лайықты марапатқа ие болды. Отағасы да, отанасы да – қарапайым шаруа адамдары. Шаттықты шаңырақта он төрт бала тәрбиеленген. Алды Жадыра 26 жасқа толса, кішкентай Нұрғалым 2021 жылдың наурызында дүниеге келіпті. Жүлделі екінші орыннан Jetisy газетінің журналисі Қажет Андас шыққан әулет көрінді. Андас отбасы – халық шығармашылығын, қазақ фольклорын зерттеумен айналысатын, ата мұрасын ардақтаған, білім-ғылымға құштар, ұлттық өнерді жалғастырған, көпбалалы әулет. Бүгінде 7 бала, 16 немере тәрбиелеп отыр. Бұл шаңырақта ата-бабалары тұтынған бес ғасырлық 700-ден астам мұра сақталыпты. Ең құндысы – Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы мен Ұлтарақ батырдың көн тоқымы. ХVII ғасырдан бүгінге аман жеткен жәдігерлер Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» мәдени орталығының қорында сақтаулы. Осы әулет 108 жыл тұтынған бесікке Андас әулетінің 41 баласы бөленген. Құнды жәдігерлерді әулеттің отанасы, этнограф, ата мұрасын сақтаушы, ұлттық қолөнерді жалғастырушы Әуесхан Мажайқызы атажұртқа жеткізіпті. Бас жүлде мен бір миллион теңгенің сертификатын Еңбекшіқазақ ауданынан келген Исабековтер отбасы иеленді. Бұл отбасы ата кәсіпті насихаттап, бүркітшілікті дәріптеп жүр. Нұра ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілік мектебі әрі мұражайына иелік етіп, жұмысын жолға қойып отырған әулеттің өнегелі істері баршылық. Жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды. Ал барлық қатысушыға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Жеңімпаз отбасы байқаудың республикалық кезеңіне қатысатын болады.Болат АБАҒАН, Алматы облысы