Жамбыл облысында сот жүктеген міндеттерді орындамаған азамат сот залында қамауға алынып, бас бостандығынан айырылды.
Жалпы Мойынқұм аудандық пробация қызметінің есебіндегі сотталған Ж. есімді азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Алайда ол жаза өтеуінің мерзімі ішінде пробациялық бақылауда болғанына қарамастан, әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген. Берілген ескертуге де құлақ аспаған азаматтың жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін пробация қызметкерлері сотқа ұсыныс жолдаған. Мойынқұм аудандық сотының қаулысымен аталған азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі 1 жыл 2 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енді. Айта кетейік, ашық сот отырысына аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да қатыстырылды. Мойынқұм аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Нұрсұлтан Каиповтың айтуынша, оларды қатыстырудағы мақсат – пробация қызметінің бақылауынан жасырынып, тиісті қорытынды жасамай, түзелу жолына түсуге талпынбаған, заң талаптарын бұзған азаматтардың барар жері түзеу мекемесі екендігін көрсету.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы