Локомотив сүйреген Бауыржан
Локомотив сүйреген Бауыржан
156
оқылды

Қазақ халқының тұңғыш кә­сіп­­қой палуаны Қажымұқан Мұңайт­пасовтың 150 жылды­ғы­на орай ұйым­дастырылған спорттық шара­да Бауыржан Қамалиев, Айбар Ержанов және Ержан Жақаев әрқайсысы жеке-дара салмағы – 276 тонна, биіктігі 44 тонна болатын екі теміржол локомотивін 10 ме­тр­ге сүйреді. «Тәуекел етсең, тау жыға­сың» деген рас. Күш атасын таны­майтын үш палуан күштік экстрим­нен әлемдік рекорд орнатып, қала күніне тосынсый жасады.

Бала күнінен түрлі спорт түрімен айналысқан Бауыржан Қамалиев қазір тұрақты түрде зілтемір көте­реді. Құқық қорғау қызметкерлері мен өрт сөндірушілер арасында өткен әлемдік ойындарда топ жарып жүрген ол пауэрлифтингтен спорт шебері. Гиннестің рекордтар кітабына есімі енген палуаннан ауыр атлети­камен айналысып, бірнеше тонна­лық жүкті сүйреуіне не түрткі бол­ғанын сұрап білдік. Ақмола облысы Ерейментау қаласында дүние есігін ашқан Бауыржан кішкентай кезінде тентек болғанын күліп есіне алды.

«Біздің балалық шағымызда көк жәшіктен күнде көретініміз Брюс Ли, Жан-Клод Ван Дам ойнайтын кинолар еді. Спортқа деген әуестік киноәртістерге еліктеуден бастал­ды. Әлі есімде, кинодан не көрсем, соны қайталайтынмын. Солар секілді жүгіріп, өз бетімше жаттығу жасайтынмын. Ол кезде жалғыз мен ғана емес, қатарластарымның кө­бісі кинодағы әртістердің шебер­лігіне сүйсіндік қой.

Қазақтан шық­қан мықты спортшыларды естіп-білгенімізбен, көргеніміз шетелдік кинолар болды. Бала нені көреді, соны қабылдайды екен. Ержеткен соң спортқа әуестігім одан сайын арта берді. Бокспен де, күреспен де шұғылдандым. Қазір зілтемір көтеремін. Бірақ кәсіби түрде спортпен айналысқан жоқпын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкем секілді тәртіп сақшысы болуды мақсат еттім. Әлі күнге дейін спорттан қол үзген емеспін, құқық қорғау қызметімді де қатар алып келемін», – дейді Бауыржан Аманжолұлы. Жоғары тәуекелділікті талап ететін экстремалды спорт түрімен жүрегінің түгі болмаса, кәсіпқой спортшылардың өзі айналыспайды. Өйткені жылдамдық, биіктік, дене күшінің мығымдығы қажет болатын спорттық экстримде әртүрлі мамандандырылған құрал­дар қамтылады. Бұған дейін қалада дөңгелегі бар дүниенің бар­лығын сүйреп көрген палуан КамАЗ бен фураларды тартып көрген. «Тамшы тама берсе, тасты жарады» деген секілді, тәуекел етуінің арқасында үш айлық дайындықтан кейін әлемдік рекорд орнатады.

Он үш жылдан бері тәртіп сақшысы болып қызмет істейтін спортшы қазір анықтау бөлімінде аға анықтаушы. Күніне бірнеше қылмыстық істі тергейтін ол спорт адамға сабырлық пен төзімділік беретінін айтады. Тегеуріні мықты тергеуші болу үшін спорттың өзі аздық ететінін тілге тиек еткен полиция майоры Бауыржан Аманжолұлы қолы босаса, кітап оқығанды жақсы көреді.

«Адам баласы ізденуден бір сәтке қол үзбеу керек. Көп оқыған адам мұратына жетеді. Әр адам өз мамандығын шын сүйіп, қоғамға өз үлесін қосса деймін. Әркімді бір жамандап, сынап-мінегенше 19 миллион қазақтың, ең болмаса, он шақты­сына үлгі болсам деймін. Бала кезімізде шетел әртістерін өзіме үлгі тұттым. Ал менің ұлым өзге ұлтқа емес, өз әкесінен үлгі алса, одан асқан арман жоқ. Өзің өзгермей, өзгеге жөн сілтеу күлкілі. Дастарқан басында сыра ішіп отырып, балаңа қандай ақыл айтасың? Баламның «әкем секілді боламын» деген бір ауыз сөзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл спортқа, құқық қорғау қызметім мен әкелік міндетіме де адал болдым деген сөз. Бізден кейінгі ұрпақ өз ұлтын мақтан тұту керек. Ол үшін міндетті түрде көк туды жалаулатып, кеудені соққылаудың қажеті шамалы. Мысалы, салауатты өмір салтын ұстану керегін көрсету үшін спортпен шұғылдану керек. Үш жылдан бері Instagram әлеуметтік желісінде парақшасын ашып, күнделікті жаттығуымды салып жүрмін. Қызығушылық танытатын балалар бар. Спортпен айналысып, түрлі жарыстардан жүлделі болып жатқандар көп. «Жа­рысқа қатыс­тым, жүлдегер бол­дым», біреулер «Ішуім­ді тастадым, спортпен айналысып жүрмін» деп жазып жатады. «Сіз секілді полиция қыз­мет­кері болғысы келеді» деп ата-аналары жылы лебіздерін білдіреді. Соның өзі мен үшін мақтаныш. Қоғамның өзгеруіне титтей болса да үлес қосып жатқа­ным қуантады», – дейді күштік экстрим бойынша әлемдік рекор­дсмен Бауыржан Аманжолұлы.

Жадыра МҮСІЛІМ