«Ордабасы» «Ертістің» күйін кеше ме?
«Ордабасы» «Ертістің» күйін кеше ме?
137
оқылды

«Ордабасы» қаржылық қиын­дыққа тап болды. Клуб­тың биылғы маусымға бөлінген бюджеті жарты жылға да жетпеген деген ақпар бар. Қаржыдан қа­ғыл­ған шымкенттік клуб­тың басшылығы айлығы жоғары шетелдік және қа­зақ­стан­дық футболшылармен келі­сім­шартты бұзып жатыр.

Бүгінге дейін команда сапынан Май Махлангу, Жоао Паулу, Тимур Досма­ғамбетов, Темірлан Ерланов, Мирзад Механович, Бағдат Қайыров, Игорь Тро­фимец және Рубен Брид­жидо кетті. Күні кеше команданың ардагер футболшысы, аргентиналық қорғаушы Фабио Фонтанелло да 3,5 жыл ойнаған коман­дасымен қоштасты. Қазақ­стан Премьер-лига­сын­дағы үздік клубтардың бірі саналған «Орда­басы­ның» ендігі жағдайы қалай болмақ? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітов клубтың баспасөз қызметі жария­лаған сұхбатта командадағы мәселе­лер мен осы маусымда қаржы қыс­қаруының нәтижесінде пайда бол­ған қиындықтар жайлы айтты.

– Қазір клубтың жағдайы расы­мен қиындап кетті. Бюджеттің қыс­қаруына байланысты біз қазір шығындарды оңтайландырудамыз. Футболшылармен олардың келісім­шарттарына сай келіссөздер жүр­гізіп, олардың жаңа командаға ауы­су жайын қарастырудамыз. Футболшыға екі айдан астам уақыт жалақы төленбесе, ол УЕФА-ға арыз тастай алатыны бәріне белгілі. Ал ол кезде клуб айыппұл төлейді және чемпионатта жинаған ұпай­лары алынып тасталады. Біз бұрын­дары да жалақыларды кешік­тірген­біз, бірақ ол кезде футболшыларға еңбекақыларының кейін толықтай төленетініне кепілдік бердік.

Бұл жолы өкінішке қарай, футбол­шыларды таратудан басқа амалы­мыз қалмады. Өйткені футбол­шыларға 3 ай қарызымыз бар. Сол себепті алдағы айларда жалақыны қысқарту мәселесін көтердік. Ал жалақысын қысқарт­қысы келмей­тін ойыншыларға басқа клубтарды қарастырғанын дұрыс екенін айттық. Клубтағы қаржылық жағ­дай­ды түсініп, жалақыны қысқар­туға келісімін бере алатын ойын­шы­лар командада қалады. Алек­сандр Седневке келсек, ол клубтағы жұмысын жалғастыра береді. Оның жастармен жақсы жұмыс істейтінін білеміз. Сол себепті командада бәсеке­лестік арта түседі деп ойлай­мыз, – дейді клуб президенті. Бұл жерде негізгі командадан бөлек Екінші Лигада өнер көр­сете­тін «Ордабасы» жастар құрама­сының да жағдайы баса назарға алынды. Бірақ соның өзінде де «командамыз павлодарлық «Ертіс­тің» күйін кешпесе екен» деп шымкенттік жанкүйер алаңдау­шылық танытып жатыр. Олар әр жылдары қаржылық қиындықтарға біріншіліктегі бір команданың тап болатыны үйреншікті жағдайға айналғанын да айтып дабыл қағуда. Әзірге клубтың сапында бір-екі легионер мен жергілікті футбол­шылар ғана қалды. Клуб басшылығы жанкүйерлерін сабырға шақырып, команданы сақтап қалудың тиімді жолдарын қарастыратынын айтты. Алдағы уақытта Бірінші, Екінші лиганың ойыншылары мен арзан бағада легионерлерді командаға шақыру көзделіп отыр.

Елімізде жүлделі орынға ілігіп жүрген, сөйтіп еурокубоктық додаларға қатысатын санаулы ғана клубтарымыз бар. Олар негізінен – «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» командалары. Өткен жылы бұл қатардан шымкенттік клуб шығып қалған болатын. Осы жылы да «Ордабасыны» жүлдегер­лер қатарынан көрудің өзі оңайға түсе қоймас. Қыруар қаржыны игере алмаған клуб командадан үздік ойыншылардың, шетелдік легионердің біразын жіберді. Енді кезекте жергілікті жастарға сенім артылмақ.

Шыны керек, пандемия бас­талғалы көптеген клубтың бюджеті қысқарып, командалардағы проб­лемалар біртіндеп шыға бастады. Күні бүгінге дейін біріншіліктегі үздік клубтардың қатарында жүрген клубтардың, әсіресе «Ордабасы­ның» қазіргі жағдайы бұрынғы­сы­мен мүлдем салыстыруға келмейді. Басшылық тез арада бұл тығырық­тан шығады деген үміттеміз. Қайт­кен күнде де, өткен жылы шығынға белшесінен батып, банкрот болған «Ертістің» күйін «Ордабасы» кеш­песе дейсің.

Абылайхан ЖҰМАШ