Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Маңғыстау облысында болды. Сапар барысында ол облыс аудандары тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін «Каспий» су тұщыту зауытының қызметімен танысты. Ауызсу мәселесі өңір үшін аса маңызды екені белгілі. Сенат басшысы бұл мәселені шешу үшін қосымша су тұщыту нысандарын салу қажеттігіне назар аударды.
Сенат Төрағасы Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше екпін түсіргенін атап өтті. М.Әшімбаев еліміздің бірқатар өңіріндегі, соның ішінде Маңғыстау облысының фермерлері тап болып отырған құрғақшылық пен мал шығыны проблемаларын да көтерді. Осы мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтіп, зардап шеккен фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау жөнінде Үкімет пен әкімдердің кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет азық жемге, жемшөп жинау жабдықтарына қосымша субсидия бөлу және қолайлы өңірлерден мал азығын форвардтық сатып алу үшін фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыру шарасын қабылдайтынын қаперге салды. М.Әшімбаев құрғақшылық қайталанатын табиғи құбылыс екеніне тоқталды. Сондықтан ел Президенті атап өткендей, жедел шаралардан басқа, саланы азықпен жабдықтауды арттыру бойынша жүйелі шаралар әзірленуі қажет екені айтылды.«Президент фермерлерді қолдау үшін Үкімет резервін пайдалануды тапсырды. Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, фермерлерді жемшөппен қамту үшін қажетті кешенді шараларды жедел түрде әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жағдайды тұрақтандыруға және еліміздегі шаруаларды қолдауға бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы сол күні Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықта болып, белгілі жазушы мен мемлекет қайраткерін мәңгі есте сақтаудың маңызын қаперге салды. «Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына Мемлекет басшысы арнайы келіп, осы орталықты ашқан болатын. Көрнекті жазушы және мемлекет қайраткері Әбіш аға – халқымыздың рухани дамуына, сондай-ақ еліміз Тәуелсіздігінің нығаюына елеулі ықпал еткен адам. Ендеше оның есімін мәңгі есте қалдыру – біздің ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.Мәулен Әшімбаев сапар барысында балық және нан зауыттарының жұмысымен де танысты. Ол нысандарда болғанда Сенаттың заң шығару жұмысына тоқталып, пандемия кезінде азаматтар мен кәсіпкерлікті қолдау жөнінде қабылданған заңдар туралы мәлім етті.
Елдос Сенбай