Дәрігер қателігін дәлелдеу қиын

Дәрігер қателігін дәлелдеу қиын

Адам өмірін ең құнды қазынаға балайтын біздің елде дәрігерлердің үстінен шағым айтатындар көбейген. Соңғы жылдардың өзінде өз ісіне жүрдім-бардым қараған 1 000-нан аса медицина саласының мамандары жауапкершілікке тартылыпты. Алайда жазадан кейін жағдай өзгерді десек қателесеміз. Өйткені дәрігер салғырттығынан сал болып, тіпті ажалынан бұрын өліп кеткендер азайған жоқ. Жарық дүниеге жаңа келген періштенің өзіне аяушылық танытпаған атыраулық дәрігерлердің ісін ақтау ақылға қонымсыз болар еді.

Жасыратыны жоқ, көбіміз шыбын жан мұрынның ұшына тірелгенде ғана шарасыздықтан дәрігерлердің алдына шипа іздеп барамыз. Бірақ көп жағдайда ауру асқынғанда қажетті ем-домды жасаған күннің өзінде дендеп кет­кен дертке дауа жасауға медици­наның өзі қауқарсыз болады. Ал ауруды алдын алуға болатын жағ­дайда жауапкершілігіне нем­құрайлы қарап, қажетті ем-домын дұрыс жасамаған жағдайда қайт­пек керек? Өкінішке қарай, меди­цинаның қауқарсыздығына қара­ғанда соңғысынан зардап шек­кендер жетерлік. Бірақ ақ халат­тылар жасаған қателікті анықтау қиын.

Елорда тұрғыны Сара осыдан екі жыл бұрын көрген азабын қазір көзіне жас алып еске алады. Алланың қалауымен ғана аман қалғанын айтқан ол: «Үшіншімді Нұр-Сұлтан қалалық №2 перзент­ханасында босандым. Қызым жүрек ақауымен туылды. Дәрігер­лердің балам екеумізге көрсеткен қорлықтарын есіме алсам, әлі күнге дейін тамағыма өксік ты­ғылады.

Медицина қызметкерлері өздерінің жіберген қателіктерін жасыру үшін түрлі айла-әрекетке барып, ақыр соңында өзімді өтірік алдап, басқа ауруханадан бір-ақ шығарды. Гине­кология бөлімінің меңгерушісінен бастап медбике­лерге дейін бірге ауыз жаласып, хал үстінде жатқа­ным­да жағдайымды білуге жарама­ды. Керісінше, перзентхананың бас дәрігері, қазір қайтыс болып кеткен Иван Лидің өзі келіп, ауыр жағдайда жатқан менен кешірім сұрағаннан кейін ғана сең қоз­ғал­ды. Акушер-гинекологтердің атын естісем, әлі күнге дейін қорқамын. Күйзеліске түскенім соншалық, жас босанған аналарды көрсем, басымнан өткен ауыр күндерім көз алдыма келеді. Себебі олардың қате­лігінен үш рет пышақтың астына түстім», – дейді. Бір жасында денесінің 20 пайызын күйік шалған Мерейдің анасы Меруерт баласының басы­нан өткен қиын күндерін дұшпа­нына да тілемейтінін тілге тиек етті. «Қызым бір жасқа толмаған кезде қайнап тұрған шәугімдегі суға күйіп қалды. Жедел жәрдеммен Кеген аудандық ауруханаға түстік. Ол жердегі дәрігерлер үш күн бойы жақпамайдан басқа ешқандай емдік шара көрсетпеді. Амал жоқ, «ешқандай талабым жоқ» деген қолхат жазып, қызымды қалаға апардық. Ол жердегі дәрігерлер қызымның күйігін көріп, көздері шарасынан шыға жаздады. Алғашқы дәрігерлік көмекті дұрыс жасамағандықтан, салдарынан ауру әбден асқынып, екі аяғы түгел іріңдеп кеткен. Дер кезінде көмек көрсетілгенде ешқандай тыртық қалмас еді. Сөйтіп, үш ай аурухана төсегінде жатып, бірнеше рет ота жасады. Өзінің терісінен алып, күйік шалған жерге жамады. Қазір қызымның денесіндегі тыртық­тар­ды көрсем, жанымды қоярға жер тап­паймын. Бойы өскен сайын де­не­сі тартылып, ертеңгі күні мүге­дек болып қала ма деп қорқамын», – дейді көзіне жас алған алматылық Меруерт.

Медицина саласындағы қыл­мыстарды қылмыссыздандырудың салдарынан дәрігерлер жіберетін қателіктер жиі түзетіле бермейді. Әріптестерінің әрекетінен сабақ алмау қалыпты жағдайға айналып барады. Олардың өз міндетіне жүрдім-бардым қарауына тосқауыл болу үшін дәрігерлер келтірген зиянды өтеудің ашық және тиімді тетігін енгізу қажет. Осылай деп санайтын заң ғылымдарының кандидаты Бақытжан Асқаров:

«Әлемдік тәжірибеде дәрігер қате­лігін алдымен тәуелсіз медицина­лық кеңес қарайды. Медицинада абайсыздық немесе әрекетсіздік жағдай бар. Көмек көрсетпеу немесе тиісті ем-дом жасамағаны үшін жауап беру керек. Науқас ко­ма­ға түскенде оның өмірін сақтау үшін келісімін алмай, отаны бас­тау­ға тура келетін жағдай бар. Осын­дай кезде ота жасалмаса, дә­рі­гердің әрекетсіздігі үшін қыл­мыстық іс қозғалады. Егер ота хат­тама бойынша жүргізіліп, нау­қасты құтқару мүмкін болмаса, бұл қылмыс емес. Дәрігердің ісін қарай­тын тергеуші аурудың ерек­шеліктерін біле алмайды. Өйткені ол дәрігер емес, істі қарайтын судья да дәрігер емес. Сол үшін шетел­дегідей медициналық қателіктерді тек­серуге тәуелсіз медициналық ко­миссияларды тарту тәсілін қол­дану қажет», – дейді. Дәрігерлердің қателігін дәлел­деу қиын. Кейде дәлелденген қыл­мыс­тардың өзі сотқа жетпейді. Ад­вокат Айман Омарова осылай деп отыр. «Біріншіден, мұндай іс­терді тергеу ұзаққа созылады. Өйт­кені тергеушілердің медициналық білімі төмен. Екіншіден, меди­цина­лық қателік бойынша терге­летін істердің көбі сот-сараптама­сына тәуелді. Ал сот сараптамасын жасайтындардың барлығы меди­цина мамандары екенін ескерсек, он­дай жерде ұжымдық ынтымақ­тастық басым болып кетеді. Олар жабылып жатып, түзуді қисық, қисықты түзу етуге тырысады. Үшін­ші, медицинаның кесірінен зардап шеккендер «болары болды, бояуы сіңді» деген қазақы түсінік­пен қалып қойғандар. Қателігі үшін заң алдында жауапқа тартыл­маса, дәрігерге бару қауіпті бола тү­седі. Болмаса, қалтаңды қомпай­тып бару керек. «Дәрігерлердің қателік жібермеуіне кепілдік жоқ» дегенді медицина мамандары көп айтады. Ол мүлде басқа. Науқасты отаға кіргізер алдында туыстарына: «Қазір ота жасаймыз, бірақ ешқан­дай кепілдік бермейміз» деп ескер­теді. Олар да Құдай емес қой. Ол мүлде басқа. Мысалы, менің қор­ғауымдағы Жалмұратова деген жаңа­дан босанған әйел жекеменшік емханада ота жасатқан. Ол жер­дегілер өздерінің ісін мойындамай «Жалмұратова бізден кейін басқа жерге баруы мүмкін» деп, бет бақ­тыр­май отыр. Полиция қызметкер­лері осы іске жүрдім-бардым қара­ды. Жекеменшік емхана әлі жабылмаған. Оны жаптырғанмен, ертең тағы басқа атпен ашып алу оңай тірлік. Янушайте деген бүлдіршін қыздың ісін қарап жатырмын. Мектепке баратын кезде комиссия дені сау деп береді де, қайтыс болып кеткен соң қызда «лейкемия» деген диагноз барын айтқан. Ота жасаларда ешқандай анализ қорытындысы шығарыл­ма­ған. Қазіргі жағдайда денсаулыққа жауапты ведомство жекеменшік ем­ханалар емес, мемлекеттік мекеме­лердегі жүгенсіздікке бас ауыртып жатқан жоқ. Адамның өмірі ойыншық болып жатыр. Оны биліктегілер жақсы біледі. Өздері шетелге барып босанып алады, сол жақта емделеді. Болмаса, елдегі қым­бат ақылы емханаларда ем-дом ала­ды. Ал өзіміздегі дәрігерлердің сал­ғырттығынан сал болып, өліп жатқандардың барлығы қарапайым халық. Шетелдегі әріптестерімнен естігенім, ол жақтағы медициналық қызметтің сапасы өте жоғары. Жауапкершілікке тартуы да қатал. Соңғы жылдары медицина қызмет­керлерінің қателігінен зардап шек­кендердің ісі көп келетін болды. Өйткені өзге елдермен салыс­тыр­ғанда заңымыз солқылдақ», – дейді Айман Омарова. Технологиясы көш ілгері кет­кен АҚШ пен дәрігерлерінің біліктілігі оқ бойы озық саналатын Еуропаның өзінде ақ халаттылар­дың кесірінен ажал құшатындар көп. Мәселен, АҚШ-та медицина ма­ман­дары тарапынан кететін қателіктер 3-4% құрайды. Бұл елде әр 15 минут сайын медицина қыз­мет­керлерінің қателігінен бес адам қайтыс болады. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 5% құрайды. Тұман­ды Альбиондағы медициналық қате­ліктердің салдарынан жыл сайын 70 мыңға жуық адам қайтыс болса, Франция мен Испанияда дәрігерлердің немқұрайлық құр­бан­дарының саны 5 мыңға жуықта­ған. Ал Италияда жыл сайын 90 мың­ға жуық науқас медициналық қателіктерден зардап шегеді екен.

Ме­ди­цинасы өзге елдермен салыс­тыр­ғанда бірнеше есе артық әрі тәр­тіпті алдыңғы қатарға қоятын Германияда жыл сайын 100 мыңға жуық науқас дәрігерлердің біліксіз­дігінен құрбан болады. Алайда бұл елдегі дәрігерлерді жауапкер­шілік­ке тартқызу кемшін дегенді білдір­мейді. Әсіресе, АҚШ пен Гер­мания­да медициналық қателік ұғымына терең мән беріліп, жауап­кер­шілікке тартуда арнайы комис­сия жұмыс істейді. Егер дәрігердің қателігі дәлелденсе, айыппұл төлетуден бастап бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сондай-ақ өмір бойына медицина саласында қызмет етуіне тыйым салады.

Бізде де медициналық қателік жібергендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дегенмен дертіне дауа тапқандардан гөрі «дәрігерлердің салғырттығынан» деген тіркес жиі айтылады. Адам өміріне Алладан кейін араша болатын дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру үшін жапондардың тәсілін қолданған дұрыс па дейсің. Бұл елде дәрігерлерді жіберген қателігі үшін абақтыдан бұрын, БАҚ беттерінде аты-жөнін көрсетіп, абыройын айрандай қылады екен. Жұрттың алдында масқарасы шыққан маманның кәсіптік қыз­метіне нүкте қойылады. Жапон­дардың жазалау тәсілін енгізу үшін адвокат айтқан үш мәселе шешімін тапса, құба-құп.

Жадыра МҮСІЛІМ