Полигон жері пайдалануға дайын ба?
Полигон жері пайдалануға дайын ба?
263
оқылды

Биыл Семей поли­гоны­ның жабылғанына 30 жыл толады. Айта кетерлігі, ол – Қазақстандағы бірін­ші әрі ірі ядролық полигон. Сондықтан қазақ дала­сы­ның табиғаты мен жергі­лік­ті халықтың денсау­лығына тигізген зардабы зор бол­ды. Сөйте тұра, қазір ға­лымдар сол ра­диациямен әбден уланған жердің 80 пайызын ауыл шаруашы­лығы үшін пай­далануға болады деуден танбай отыр. Бірақ белгілі ма­мандар тарапынан оған қарсы уәж де айтылып жатыр.

1,2 миллион адам азап шеккен

Бұл полигон – КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлі­гінің бұйрығымен құрылған, 1965 жыл­дан 1988 жылға дейін 18 мың шар­шы шақырымдық жеріне ядро­лық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Ол кеңістікке Израиль, Бельгия, Словения сияқ­ты мем­лекеттер еркін сыйып ке­теді екен. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметінің 70 пайыз ядролық сы­нағы Қазақ­станда жасалып, же­рімізге шамамен 600 миллион тоннадай улы қалдықтар көмілген. Соның ішінде бір ғана Семей өңіріне 40 жылдан астам уақытта 470 ядролық және термоядролық алапат жарылыс жасалған. Жіктеп айтқанда, әуеде – 90, жер бетінде – 26, жер астында 354 жарылыс жүргізіліпті. Ал олардың жинақ­талған тротилдiк баламасы 17,7 мегатонна болған. Ең сорақысы, әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жары­лыстың радиоактивті бұлттары мен жерас­ты жарылыстарының 69 газ фрак­циясы полигон шегінен тыс жер­лерге де тарап, Қазақ­станның шы­ғысын түгелдей ластаған. Сон­да Семей поли­го­нының төңі­ре­гіндегі экологиялық апатқа ұшы­раған аймақтың өзі 300 мыңнан астам шаршы ша­қырымға жеткен көрінеді. Демек, қазақ жерінің оннан бірі, яғни Германия аума­ғына пара-пар бөлігі уланған. 1992 жылғы деректе атом бом­балары жарылыстарының радиа­циялық әсер аймағында тұратын 1,2 миллион адамның азап шеккені атап көрсетілген. Олардың көбі қатерлі ісікке, жүйке ауруларына, тағы басқа да түрлі дертке шал­дығып, сәбилердің біразы мүгедек болып туған. Міне, сондай сорақылықтар ескеріліп, 1991 жылдың 29 тамы­зында билік пен қоғам қайрат­кер­лерінің орасан күш-жігерінің ар­қасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Се­мей ядролық полигоны жабылды. Енді биылғы тамызда оның жа­былғанына 30 жыл толуына орай «Тәжірибе алаңы» ескерткіш тақтасы ашылып, БҰҰ стипен­диаттар сапары мен БАҚ баспасөз-турын өткізу жоспарланып отыр. Ал қыркүйекте «Семей сынақ по­лигоны: ғылыми-техникалық әле­ует мұрасы және даму келешегі» атты IX халықаралық конферен­циясы өткізілмек.

Аққу ұшып, қаз қонбайтын «Атом көлі»

Еске сала кетсек, ядролық жа­рылыс энергиясын халық шаруа­шылығы мақсатына пайдалану идеясын ғалым Игорь Курчатов 1951 жылы ұсынған болатын. Содан кейін 1965 жылдың қысында Семейден жүз шақырым жердегі полигонның негізгі су көзі – Шаған және Ащысу өзендерінің құйылысы орнында ядролық жарылыс жүргізілді. Диаметрі 500, тереңдігі 100 метр қазаншұңқыр пайда болған сол жойқын жарылыс Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 9 есе қуатты болған деседі ғалымдар.

Сұмдық! Оның шындыққа жана­сатыны, сынақ полигонының «Ба­лапан» алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонна-тонна тастарды 8 ша­қырымға дейін ұшырыпты. Осы­лайша, кеңестік шенеуніктер №7 «Халық шаруашылығы үшін ядро­лық жарылыстар» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақ­стан­ның шөлейт даласында жасанды көл жасадық» деп жаһанға жар салған еді. Тіпті, 1966 жылы «Из­вес­тия» газетінде «жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдан жасалған көлде шомылып жатыр» сарындағы жалған ақпарат жарияланған.

Ал оның алдында жергілікті бұқараны ядролық жарылыс шаруашылық мақсатта жүргізіліп жатыр дегенге сендіріп қойған. Осылайша, ғалымдар Қазақстан жерінде сол сияқты 40-қа жуық көл жасауды көздепті. «Азияның қуаңшылық аймағында осындай су резервуарларын көптеп салып, қар суын жинақтаймыз. Шұңқыр түбіндегі еріген тастар жиналған судың сіңіп кетуіне жол бермейді. Сөйтіп, оған мал суаруға болады», – деген екен. Өйткені жоғары температураның әсерінен шұңқырдың түбіндегі гранит тастар еріп, шыныдай жылтырап жатқан болатын. Осы бір «Атом көлі» аталып кеткен су қоймасының арнасын құру бойынша жүргізілген құры­лыс жұмыстары барысында радиа­циядан 300 құрылысшының 30 шақтысы ғана тірі қалған көрінеді. Ол туралы сол жігіттердің бірі журналистерге берген сұхбатында айтқан. Шынында да «бейбіт ядролық жарылыс» деген желеумен пайда болған ол қазаншұңқырдың кесірінен бір емес, 11 елді мекеннің аумағы радиоактивті ластануға ұшыраған болатын. Жоба сәтсіз болса да, Кеңес ғалымдары оған жылдар бойы алып бөрібалық пен тұқы бастаған әртүрлі балықтар мен жәндіктер жіберіп әлектенді. Алайда олардың 90 пайызы бірден қырылып қалған. Тірі қалғандары мутацияға ұшы­рап, ұзындығы 2 метрден асқан сазандар жыртқыш балыққа айна­лып кетіпті. Қазір біздің ғалым­дар көлде әлі де тірі организмдер тіршілік ететінін мәлімдеп отыр. Бірақ әзір ондағы балықтар мен құстардың ағзасы зерттелмеген. Тек Ұлттық ядролық орталығы тарапы­нан «Атом көлінің» суын ішу және онда шомылу адамға радиациялық қауіп төндіретіні ғана айтылады. Қазір көл жағасында орна­лас­қан елді мекендер жоқ. Айдынынан аққу ұшып, қаз қонбайды. Тек өтіп бара жатқан туристер ғана тоқтап, қызық үшін мутант балықтарды аулап көруге тырысады екен.

Шаруалар 100 мың гектар жер сұраған

Белгілі ядрофизик Жанболат Ғылмановтың айтуынша, «Семей полигоны – адамдар тұратын әлемдегі жалғыз сынақ алаңы және онда тек қазақтар мекен етеді. Бейбіт халықтың сынақ аймағында жылдар бойы тұрып жатуы – үлкен проблема». Ал Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың мамандары жыл сайын бір жа­ңалық ашып, полигон аймағының пайдалы екенін дәлелдеуге ты­рысып бағуда. Еске сала кетсек, орталық ғалымдарының сол жерге көкөніс өсіріп, оның ағзаға зиян­сыз екенін мәлімдегені бар. Енді полигон аумағына туристерді тар­тып, тіпті 80 пайыз жерін ша­руаларға пайдалануға беріп, кіріс көзі ету керегін ескертіп отыр. Өйткені олар шетелдік әріптес­терімен қоян-қолтық жұмыс істеп, радионуклидтермен ластану деңгейі республикада белгіленген нормадан аспайтын жерлерді анықтапты. Ол үшін полигон ау­ма­ғына радиоактивті қалдықтарды сақтайтын үлкен кешен салу жос­парланған. Осылайша, полигон жерінің бір бөлігін жарамды жағ­дайға келтіру үшін шамамен 9 мил­лиард теңгедей қаражат керек екен. Ғалымдардың айтуынша, Абай ауданының Саржал ауылы төтенше радиациялық аймаққа жатады. Бірақ ол ауылдың шаруа қожа­лықтары бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағына жыл­қыларын жайып жүр. Сондықтан олар Үкіметтен полигон жеріне шаруашылық мақсатқа пайдалану үшін 100 мың гектар жер бөліп беруді сұрап отырған көрінеді. Инвестиция тарту жайы да содан кейін сөз бола бастаған. Бірақ қазір ғалымдардың пікірі екіге жарылып тұр. Мысалы, сол Ұлттық ядролық орталығына қарасты Радиациялық қауіпсіздік институтының бұрын­ғы директоры, 40 жылдан астам ең­бек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіз­дік пен метеорология саласындағы білікті маман Лариса Птицкаяның айтуынша, полигон аумағындағы жерді қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Оны ойдағыдай жүргізу үшін бір мезгілде 2 мил­лион гектар жердің үстіңгі қаба­тының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау керек. Сондай-ақ химия ғылымдары­ның докторы Қорлан Әбсалықова: «Егер плутонийдің бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаны өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеліп соғады. Ал осындай деректерге анық қол жеткізе отырып, сол аймақтарды қалайша халықтың қолданысына береміз?! Семей халқы оның зар­дабын әлі тартып отыр. Сондықтан ол елдегі полигон аймақтарына инвестиция салуға мүлде қарсы­мын», – дейді. Кезінде Ауыл ша­руашылығы министрлігін басқар­ған ғалым Ақылбек Күрішбаев та: «Бұл табиғатқа келтірілген за­лалдың зардаптарын бізден кейін болашақ ұрпақ та жүздеген ғасыр бойы тартуы мүмкін. Әзірге бұл жерлер ешқандай ауыл шаруа­шылығына жарамайды», – деп отыр. Мамандар пікірі ескеріліп, енді Семей полигоны туралы арнайы заң қабылданатын болды. Құжат қазір Мәжіліс қарауында жатыр. Ол қабылданса, полигон аумақ­тарын қоршау, күзету, бейбіт мақ­сатта пайдалану сияқты кешенді жоспарлар жүзеге асырылмақ. Ал Ұлттық ядролық орталық маман­дары 13 жылдан бері жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарын аяқ­тауға жақын. Зерттеуде жалпы ау­даны 18 311 шаршы шақырым, яғни аумақтың 100 пайызы бола­тын жер қамтылған. Бұл олардың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жасаған тартуы болмақ. Негізінде «Бұрынғы Се­мей сынақ полигонының ластан­ған жерлерін оңалту» бағ­дарлама­сының іс-ша­ралары полигон жерін то­лығымен ауыл шаруашылығы айналы­мына қайтаруды қа­ра­стыр­майды. Ол тек ядро­лық сы­нақ­тар­дың әсеріне ұшыраған аумақтар­дағы қоршаған ор­таны сауық­ты­руға бағыт­талған. Бұл ретте та­зартылған бірқатар жер­лерді тек өнер­кәсіп, көлік, байланыс және космонавтика қажеттіліктері үшін ғана пай­далануға рұқсат етілмек. Мысалы, қазір жер астында ядролық жарылыс­тар жүр­гізілген «Балапан» алаңында Қаражыра көмір кен орны игеріліп жатыр. Ол отынды ШҚО-дағы жылу-электр ор­та­лықтарының басым көп­ші­лігі тұтынады.