Ауыл мәртебесінен арылмаған қалалықтар
Ауыл мәртебесінен арылмаған қалалықтар
145
оқылды

Құрылғанына үш жыл болған еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шым­кент қаласы күн са­йын көркейіп, дамып келе жатыр деп мақтанып жүр­міз. Шынтуайты­на кел­генде көркейіп жат­қан – қаланың орталығы. Ал қала шетіндегі елді ме­кендердің тұрғындары әлі күнге дейін ауыл мәр­тебесінен аса алмай ке­леді. «Қалалық болғаны­мыз­бен, күніміз ауыл тұрғында­ры­нан да на­шар», – дейді олар.

Жақында Абай ауданының әкімі Б.Парманов Ынтымақ елді мекенінде болып, жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп бермек болған. Жергілікті билік өкілдері қаланың даму барысы, Ынтымақтағы қарқынды құры­лыс жөнінде сөз қозғады. Жұмыс­тың ауқымы, қызу тірлік, жұмыс­шылардың тынымсыз еңбегі тура­лы да атап өтті. Алайда елді мекен тұрғындары биліктің есебін тыңдамай айқай-шу шығарды. Ашынған халық айтылып жатқан деректердің бар­лығы көзбояушылық деп қабыл­дады. Шенеуніктердің сөзі жинал­ғандардың одан сайын ашу-ы­за­сын тудырды. «Осы алдап келген­деріңіз жетер. Уәделеріңізге той­дық. 10 жылдан асты, әлі күнге де­йін алдап келе жатсыздар. Осын­­да біраз күн тұрып көрсе­ңіздер, біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды білетін едіңіздер. Сапалы электр энергиясының жоқтығынан жел­деткішті де қоса алмай отырмыз. Ауызсудың да мәселесі шаш етектен. Қақаған қыстағы азап өз алдына, шіліңгір шілдеде де инфрақұрылымның нашар­лы­ғынан зардап шегіп отыр­мыз», – деп шағымданды тұрғындар. 20 мыңнан астам тұрғыны бар Ынтымақ шынында кенже қалып барады. Олар сығырайған электр қуатын жекеден алады, табиғи газ мүлдем жоқ. Ауызсудың тапшылығы өз алдына бөлек әңгіме. Аптасына бір мәрте ауылға су таситын көлік келеді екен. Әр отбасына 400 литрден таратылатын судың өзіне кейде іліге алмай қалатындар бар. Алып қалғандардың өзі жаздыгүні 400 литрді жеткізе алмай, одан қалса, су сақтайтын ыдыстары тез бұзылып, құрттап кетіп жатады екен. Сол себепті мұндағылар негізінен 5-10 литрлеп дүкеннен су сатып алуға мәжбүр. Ал ақша үнемдеп, су ала алмай қалған күндері тіптен қиын.

Құралай Байтұрсынова көше басындағы үйінің өртеніп кет­ке­нін айтады. «Өте үлкен үй еді. Өрт шыққанда бір шелек те су таппай қалдық. Көршілерде де су жоқ екен. Бір сағатқа жуық жанды. Өрт сөндірушілер келгенімен үйді сақтап қала алмады, толығымен жанып кетті», – дейді ол.

Әбден ашынған халық жергі­лікті билік өкілдерін сөйлетпей тастады. Қағаз жүзінде барлығы­ның да керемет болғанымен, алайда қала тұрғындары әлі де жарықтың, судың, табиғи газдың азабын тартып келе жатқанын бірінен соң бірі жеткізіп жатты. Электр қуатын жекеменшіктен алатын болған соң оның бағасы да жоғары. Одан бөлек, жел үп етсе жарық жалп етіп өшеді. Электр энергиясы әлсіз болған­дықтан желдеткішке қуаты жет­пей жатады. Сонымен қатар «та­лай телевизор мен тоңазыт­қышты күйдірген», – дейді тұр­ғындар. Осындай өздерін азапта тұрып жатырмыз деп есептейтін тұрғындарға әкімнің бәрі керемет деп есеп беруі шынында қисынға келмейді. Әкімдік қызметкерлері дау-жанжалға ұласқан есеп беру жиынында түрлі сылтауларды айтып, абдырып қалды. Абай ауданының әкімі Бұ­харбай Парманов қараша айының соңында барлық мәселені толық­тай шешетінін айтып, уәде берді. «Қазір Ынтымақта ішкі жүйенің 90 пайызы толық игерілді. Енді 10 пайызы қалды. Алайда бұл жерде мәселе орталық сумен қамту бо­лып тұр», – деп күмілжіді Бұхар­бай Парманов. Шенеуніктер шалғайдағы елді мекенде жуырда асфальт төсеу мәселесінің шешімі табылаты­нын жеткізді. «Келесі келгенде, асфальт жол үшін алдарыңызда қызармайтын боламыз» деп сендірді. Иә, жалған есеп пен жартыкеш жауап, құрғақ уәде тұрғындарды әбден мезі еткен болуы керек. Тұрғындар дәл мына қарқынмен бұдан кейін де құрғақ уәдені ары қарай тыңдай бермесі анық. Қалай болғанда да, енді биліктің білек сыбанып, инфрақұрылым мәселесін тез арада шешпеске лажы қалмаған сияқты...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы