Мақтааралда бесік той жасап, 80 қонақ шақырған тұрғын айыппұл төлейді

Мақтааралда бесік той жасап, 80 қонақ шақырған тұрғын айыппұл төлейді

Түркістан облысында карантин талаптарын өрескел бұзып, бесік той жасаған тұрғын анықталды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі таңда коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин режимі енгізілгені баршамызға белгілі. Осыған қарамастан, халық ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауын тоқтатар емес. Осы тұста карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізілуде. Мәселен, Мақтаарал полиция қызметкерлері сағат 11:40 шамасында Мақтаарал ауданындағы тойханалардың бірінде бесік тойы өтіп жатқанын анықтады. Тойға 80-нен астам адам жиналған. Мобильді топ тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатып, адамдарды үйіне тарқатты. Карантин талаптарын елемеген той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолданды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларын ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылған.