Қырғызстан тауларында жоғалып кеткен қазақстандық үшінші тәулік іздестіріліп жатыр
Қырғызстан тауларында жоғалып кеткен қазақстандық үшінші тәулік іздестіріліп жатыр
Фото: 24.kg
Қырғызстан тауларында жоғалып кеткен қазақстандық әйел үшінші тәулік іздестіріліп жатыр. 29 жастағы турист әлі табылған жоқ, – деп хабарлайды 24.kg сайты. 15 шілдеде ол отбасымен бірге Қаракөл-Алакөл жайылымына барған. Туристер Қаракөл өзені арқылы көпірден өтіп, отын жинауға кеткен. Ал жоғалған әйел жағалаудың арғы бетінде қалған. Содан бері оны ешкім көрмеді.
ТЖМ мәліметінше, отбасы Қырғызстанға Ресейден келген, олардың үшеуі Ресей азаматы, екеуі - қазақстандық, қатарында хабар-ошарсыз кеткен әйел де бар.
Оқиға туралы ақпарат кезекшіге 15 шілдеде сағат 22.30-да түскен. Ережеге сәйкес түнде іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілмейді, сондықтан ол таңертең басталған.
"16 шілдеде Ақ-Сууй ауданы мен Қаракөлде 17 құтқарушы жұмылды. Оқиға орны аудан орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан биік тауда болғандықтан, құтқарушылар 12.00-ге қарай жұмысқа кірісті. Нөсер жаңбырға қарамастан, олар Қаракөл өзенінің жағасынан 15 шақырым жерді, сондай-ақ жақын маңдарды шолып шықты. Қараңғы түскеннен кейін іздеу аяқталды", – деді ведомство өкілдері.
Бүгін жоғалған шетелдікті іздеу үшін қосымша күштер тартылды. Алайда әзірге нәтиже берген жоқ.