Солтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен апалы-сіңлілі жасөспірім қыздар аман табылды, — деп хабарлайды Polisia.kz. 15 шілде түнгі 23.50 кезінде 102 қызметіне қоңырау түсіп, 14 және 16 жастағы екі қыздың үйден кетіп қалғаны хабарланған. Полиция қызметкерлері қыздардың Қызылжар ауданының Затон ауылында болғанын анықтады. Волонтерлер мен қыздар оқитын мектептің әлеуметтік педагогтері де көмекке келді. «Жақындары іздеу салатын жасөспірімдер көп жағдайда ересектердің айтқанын тыңдамайды, оларға бағынбай, үйден шығып кетеді. Мұндай жауапсыздық полицейлердің жұмысын қиындатып жібереді. Көбінде балалар жай ғана достарымен көңіл көтеріп жүреді, сөйте тұрып ата-анасына қайда екенін ескерте салуға мойны жар бермейді», - дейді Петропавл ювеналды полициясының аға инспекторы Бекзат Чистобаев. Жыл басынан бері полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 67 баланы іздеп тапқан. Олар көп жағдайда бір тәуліктің ішінде табылады.