Астанада Ninety One мен H1RO карантинге қарамай концерт өткізеді
Астанада Ninety One мен H1RO карантинге қарамай концерт өткізеді
©А.Ахметқазы

DAB продакшн компаниясының негізін қалаушы әрі бас ұйымдастырушы Дамир Арусов бастаған бір топ блогерлер мен тиктокерлер бүгін кешкісін Нұр-Cұлтан қаласында ұлан-асыр концерт қоймақ. Соңғы бір айдан бері ұйымдастырушылар концерттің өтетін орны мен билет құнын жарияға жар салған. Бастапқыда билет құны 15 мыңнан 20 мың теңгеге бағаланса, соңғы күні концертке кіру бағасы 11 мыңнан 15 мыңға өзгерген.

«Ғаламат» концерт қаладағы Триатлон саябағында орналасқан Бауыржан Момышұлы көшесіндегі ECHO мейрамханасында өту керек. Кеште жастар арасында кеңінен танымал V $ X V PRiNCE, NINETY ONE, ABDR, H1RO, DARKHAN JUZZ, SHIZA өнер көрсетсе, Айжан Байзақова бастаған блогерлер концерт жүргізуге біраз уақыттан бері дайындалып жүр.

Алайда Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігі атышулы шараның өтуі соңғы шыққан қаулы бойынша рұқсат берілмеген деп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолы қойылған қаулыға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары карантин талаптарын қатаң орындауға міндеттелген. Яғни Ashyq жобасына қатысатын объектілерде еске алу шараларын өткізуді қоспағанда, отбасылық, еске алу іс-шараларды қоса алғанда, бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде үйде (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т. б.) өткізуге және оларға қатысуға, сондай-ақ митингілер, шерулер, жиындар және т.б. ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынған. Оның ішінде сенбі, жексенбі күндері концерт залдары, компьютерлік клубтар, PlayStation клубтары, боулингтер, кинотеатрлар, концерт залдары, театрлар, цирктер, көрмелер, бильярд, караоке, байланыс зоопарктері, океанариумдар, батуттар, кинорумдар, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарының, сонымен бірге лотерея ұтыс ойыны,  жабық үй-жайлардағы балалардың ойын-сауық орталықтары, балалардың ойын бөлмелері, ойын алаңдары және аттракциондардың, спорт объектілерінде орналасқандарды қоспағанда, мұзды және роликті сырғанақтың (Ashyq жобасына қатысатын субъектілердің (объектілерді) қоспағанда ) жұмыстарына қатаң тыйым салынған. Бірақ ұйымдастырушылар қыруар қаржы болатын билет құны кері қайтпайтындықтан кештің міндетті түрде өтетінін айтады. Концерт өтетін болса, блогерлер қаулыға қарамайтын болғаны ма?

Жадыра Мүсілім