Шымкентте Еңбекші ауданының полицейлері Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан мейрамхана карантин талабын сақтамай, той өткізіп жатқанын анықтады. Аталған тойхана эпидахуалға қарамай, 60 адамға арналған жүзік салу тойын өткізген. Сонымен қатар, мекеме жұмысшылары келген қонақтардың дене температурасын тексермей кіргізіп, оларға медициналық маскасыз қызмет көрсеткен. Аталған жайт бойынша, мекеме әкімшісі мен той иесіне ҚР ӘҚБтК 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) хаттама толтырылып, шара қолдану үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Өз кезегінде Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.