Атырауда жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғандарға 7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент бастығы, полковник Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзған 5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 3 мыңнан астамы – шетел азаматы. «Полиция қызметкерлері облыс аумағында «Мигрант», «Заңсыз келуші – 2021» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен рейдтерді жиі ұйымдастырады. Мақсат – өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз келуді, тұруды, көші-қон саласындағы қылмыстарды, заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау. Осындай шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 4 991 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 3 110 шетел азаматы бар. Сот шешімімен көші-қон заңдылығын бұзған 100 шетелдік ел аумағынан тысқары шығарылды», – деді Қамза Үмбетқалиев. Оның айтуынша, көші-қон заңдылығын бұзған тұлғаларға 7 029 743 теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық өндірілді.