Мемлекет басшысының қатысуымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың Twitter-дегі парақшасында хабарланды.
"Соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артып кетті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі", — деді Тоқаев кеңес отырысында.Мемлекет басшысының айтуынша, өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.
"Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет", — деді Президент.