Елордада вакцина алғандар арасында сыйлықтар ойнатылды
Елордада вакцина алғандар арасында сыйлықтар ойнатылды
131
оқылды
Нұр-Сұлтанда вакцинацияланғандар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды. 7 шілде мен 16 шілде аралығында вакцина алған азаматтар кезекті екі iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың екінші ұтыс ойынына қатысты. Ұтыс ойыны тікелей эфирде 17 шілде күні (сенбі) сағат 17:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) парақшаларында өтті, — деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Нәтижесінде, Азамат Аққошқаров (№39137) және Сәндігүл Игілікова (№13011) кезекті екі iPhone12 жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Sulpak» дүкенінің тоңазытқышын Нұрсұлу Нұрекешова (№14964), «Sulpak» дүкенінің теледидарын Нина Савицкая (№14080), «Sulpak» дүкенінің микротолқынды пешін Дамир Нұржанов (№34262), «Мечта» дүкендер желісінің Алисасы бар ақылды колонкасын Расулбек Қуанышбеков, «Мечта» дүкендер желісінің ультрадыбыстық ылғалдандырғышын Диля Дуиесинова (№41207), «Белый Ветер» дүкенінің бейнетіркегішін Азамат Жүнісбеков (№25842) алды. IPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын елорда әкімдігі апта сайын жаздың соңына дейін өткізеді. Естеріңізге сала кетейік, iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың алғашқы ұтыс ойыны 9 шілде күні өткен. Автоматты ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап қалада 6 шілдеге дейін (қоса алғанда) вакцинацияланғандар қатысты. Birge  платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған. Ол вакцинацияланғандар арасында ID нөмірі арқылы жүлде иелерін таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Айта кету керек, вакцинацияланғандар сервисі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген. Ұтыс ойынына вакцина алғандар автоматты түрде қатысады. Оған қатысу үшін құжаттар толтырып, тағы да вакцинациядан өтудің қажеті жоқ. Айта кетейік, елордада азаматтарды вакцинациялауға ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны өтуде. Олардың арасында екі бөлмелі пәтер де бар. Осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған әрі 18 жастан асқан қала тұрғындары елордада екі бөлмелі пәтер ұтып ала алады. Бұл ұтыс ойынына вакцинацияның барлық пункті қатысады: медициналық мекемелер, СОО/СҮ. Айта кету керек, ұтыс ойындары демеушілердің көмегімен өткізіледі. Сондай-ақ «MEGA Silk Way» СОО-дағы вакцинация пунктінде екпенің бірінші компонентін алғандар арасында автомобиль ұтысы өтеді. Елордада өткізілетін ұтыс ойындары азаматтарды екпе алуға ынталандыру, осылайша өз денсаулығын да, жақын және айналасындағы адамдардың денсаулығын сақтау үшін ұйымдастырылады. Себебі, басты мақсат — ұжымдық иммунитетті дамыту және карантинге дейінгі бұрынғы режимге оралу. Ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы керек.