15 шілдеде Nur Otan партиясынан Шу ауданындағы Қорағаты ауылдық округ әкіміне үміткер Ә. Диханбаев ауылдық округтегі әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Үміткердің сайлауалды бағдарламасы бойынша алдағы 4 жылда көшелерді жөндеу, бірқатар елдімекенді газдандыру, Мойынқұм ауылында жаңа балабақша ашу және округке қарасты ауылдарды интернетпен қамту жұмыстарын жүргізу көзделген. Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г. Нұрымова да қатысып, үміткерді қолдауға шақырды. Сондай-ақ, елімізде алғаш рет өткізіліп отырған сайлау тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттырып, басқару ісіне араласуына мүмкіндік беретінін жеткізді. Тұрғындар депутатқа бірқатар мәселелерін жеткізіп, сұрақтарын қойды. Мәжіліс депутаты көтерілген мәселелерді бақылауға алатынын жеткізді. Г.Нұрымова бұл күні Шу ауданындағы Оқушылар сарайында, аудандық орталық аурухана жанындағы емханада болып, жұмысымен танысты. Төле би ауылындағы жаңа мектептің құрылыс барысын көрді.