Үкіметтің қаулысымен Рүстем Айдарбекұлы Биғари берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды. Рүстем Биғари 1976 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын, Бостон университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылы Тұрақты даму ұлттық экологиялық орталығының Бағдарламалар мен жобалар мониторингі комитетінің консультанты қызметінен бастады. 2006-2018 жылдары Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған. 2018 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Білім және ғылым вице-министрі болды.