Депутаттар туралы қызық деректер
Депутаттар туралы қызық деректер
141
оқылды

Қыста өткен сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» фракцияларының құ­рамы 65%-ға жаңарды. Осыған байланысты билеуші пар­тияның баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми ак­каунт­тарында қазақстандықтарды жаңа депу­тат­тарымен та­ныстыратын айдар ашты. Олардың басым бөлігі – көп қиындық көріп, бүгінде қайырымдылықпен, ерекше қажет­тіліктері бар азаматтарды қолдаумен белсенді айна­лысып жүрген, ерік-жігері мықты азаматтар.

Солардың бірі – партияішілік праймериздің нәтижесінде елор­далық мәслихаттың депутаты бол­ған Ғабит Сатмағамбетов. Пав­лодар облысының балалар үйінде өскен, оны кейіннен баласы жоқ отбасы асырап алады. Болашақ халық қалаулысы заңгерлік білім алып, адвокат болып жұмыс іс­тейді. Бірақ уақыт өте келе өзін басқа салада сынап көрмекке бел буып, құрылыс компаниясын құ­рады. Осылайша, ол 2014 жылдан бері 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салды. Қолға алған ісі алға басып, та­сы өрге домалаған Ғабит Сатмағам­бетов тағдырдың тауқыметіне ұшырап, түрлі қиындықтарға тап болған жандарға қол ұшын созу үшін қайырымдылық қорын құрды. Оның қоры 2,5 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсетті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 200-ден астам көпбалалы отбасыға пәтер берді. Сондай-ақ ол азық-түлік себетін тарататын акциялады тұрақты түрде ұйымдастырып, қарттар үйі, саңыраулар мен мү­гедектер қоғамына қамқорлық жасап, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жылына 100 млн теңгеден астам сомаға емдеу және оңалту курстарының ақысын төлейді. Ол Арыс қаласындағы зардап шеккен тұрғындарға арнал­ған үйлердің құрылысына 50 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Жаңа айдардың тағы бір кейіп­кері – Шымкент қаласындағы «Nur Otan» фракциясының де­путаты Наргиза Керімбаева. 5 баланың анасы 12 мыңнан астам азаматқа қайырымдылық көмек көрсеткен жеке еріктілер қозға­лысын құрды. Наргиза Керімбаева Мақтаарал мен Арыс қалала­рындағы қайғылы оқиғалардан кейін зардап шеккен аудандарға арнайы барып, тұрғындарды аса қажетті тауарлармен қамтамасыз етті. Наргиза Керімбаева прайме­ризде жеңіске жеткен соң депутат атанды. Нақ осы партияішілік іріктеудің нәтижесінде Шымкент мәслихатындағы «Nur Otan» фрак­циясының құрамы 75%-ға жаңарып, ал әйелдер саны 12-ден 30%-ға дейін артты. Ерік-жігері мықты азаматтың үлгісін көрсетіп жүргендердің бірі – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Влади­мир Эрман. Бала кезінен кикбок­сингпен айналысқан ол жарақа­тына байланысты сүйікті спорты­нан бас тартуға мәжбүр болды. Тіпті, соның салдарынан жүріп-тұра алмай қалды. Алайда өр мі­незді жігіт мақсатынан айнымады, бетке алған бағытынан таймады. Жарақат алған соң ол алғашында бұлшықеттерін нығайту үшін, содан кейін кәсіби деңгейде жү­зумен айналыса бастады. Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек спортшылар арасында жүзу­ден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман бүгінде өзін толығымен қоғамдық жұмысқа арнаған. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қор­ғаумен бұрыннан айналысады. 2014 жылы алғашқылардың бірі болып Петропавлда мүгедектер үшін жеңілдікпен әлеуметтік такси қызметін ұйымдастыру бастамасын көтерді. Сонымен қатар 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа тұрақты жұмыс табуға жәрдемдесті. Нұротандық белсенді аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату және балаларды мектепке дайындау акцияларына үнемі қатысады. Партияның тағы бір жарқын өкілі – Ақтөбе облыстық мәсли­хатының депутаты Арман Есен­жұлов. Зауытта балқытушыдан «Қазхром» компаниясының пре­зи­дентіне дейінгі кәсіби жолдан өткен ол бүгінде тұрақты түрде қа­йы­рымдылықпен айналысады. Арман Есенжұлов металлургтердің кадрлық резервін қалыптастыруға және жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған «Шеберлер мектебі» бірегей білім беру жобасын құрды. Бүгінде еліміздің тау-кен металлургия саласын да­мытуға үлес қосып жүрген жүз­деген маман осы мектепте бі­лім алды. Депутат жыл сайын аз қам­тылған және көпбалалы отба­сылардан шыққан ауыл мектеп­терінің оқушыларын Ақтөбеге экскурсияға алып барады. Ал сая­хаттың соңында балалар план­шет, мектеп пен спорт киімдерін және оқу құрал-жабдықтары са­лынған сөмкені сыйлыққа алады. «Балалар үйі түлектерінің өмірі мен мансабын жоспарлау» жобасы аясында билеуші партия­ның депутаты Қалқаман балалар үйінің үш тәрбиеленушісінің және ата-анасының қамқор­лы­ғын­­сыз қал­ған екі баланың жа­уап­­кершілігін өз мойнына алды. Балалар арнайы білім алып, тегін тамақ пен тұра­тын жер­мен қам­тылды. Кейіннен олар зауытқа жұмысқа орналасты. 2020 жылдың жазында «Қаз­хром» ауруханалардың реанимация бөліміне 6 мыңнан астам оттегі баллонын жеткізу арқылы Ақтө­бенің медициналық мекемелеріне қолдау көрсетті. Пандемия кезінде Арман Есенжұловтың бастама­сымен кіші медициналық қызмет­керлерге, блок-бекеттердегі әске­ри қызметкерлерге, жалғызбасты зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсетілді. Партия тағы бір мысал ретінде «Парасат 2018» қайырымдылық қорын құрған Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Нұрғазы Сәтбаевты келтірді. Оның бастамасымен қор Теректі ауданы­ның «Алтын шуақ» мүгедектер бірлестігіне көмек көрсетіп, ауыр науқасқа ұшыраған жандардың шетелде емделу ақысын төлейді. Сонымен қатар ол коронавируспен күрестің аймақтық қорына 10 млн теңге аударды. Қайырымды адам ретінде Нұрғазы Сәтбаев аз қамтылған және көпбалалы төрт отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге кө­мек­тесті. Теректі ауданының По­дстепное ауылындағы төрт баласы бар ата-анасы саңырау, тек жәрде­мақыға жан бағып отырған от­басыға үй алып берді. Алты бала тәр­биелеп отырған тағы бір көп­балалы отбасы үшін жыл бойы пәтер кезегі келгенге дейін жалда­малы тұрғын үй ақысын төледі. Со­нымен қатар нұротандық депу­тат Казталов ауданы Жұлдыз ауылында аула сыпырушы болып істейтін жеті баласы бар азаматтың да тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесті. Сондай-ақ жалғыз­бас­ты ананың «Отбасы банк» арқылы пәтер сатып алу үшін 50% жарнасын төлеп берді. Еске сала кетейік, жергілікті өкілді органдарға сайлау қоры­тындысы бойынша «Nur Otan» партиясына сайлаушылардың 82,4%-ы дауыс берген болатын. Мәслихаттардағы билеуші партия фракцияларының құрамы 65%-ға жаңарды. «Nur Otan» депутаттары­ның орташа жасы – 45 болып, 6 жылға жасарды. Әйелдер саны 11-ден 30%-ға дейін, 35 жасқа дейінгі жастар саны 16-дан 23%-ға дейін өсті.

Әбілмансұр ЖАСАН