Сауықшыл жұрттың қарасы көп

Сауықшыл жұрттың қарасы көп

Той десе, ішкен асын жерге қоятындарға карантин та­лап­тарын орындату қиынға соғып тұр. Бір тәуліктің өзінде 6 мыңға жуық адам коронавирус індетін жұқтырып, өмір мен өлім ара­­сында күресіп жатса да, жиын-той азаймай тұр. Нұр-Сұлтандағы мониторинг тобының мүшелері жарты тәуліктің өзінде қаладағы бірнеше мейрамханадағы тойға жиналғандарды тарқатқан.

Ойын-сауыққа шектеу қойға­нымен, бір есікті жаптырса, екін­ші есікті іштен құлыптап дүр­кі­ретіп ду­ман­ды той жасап жатқан­дар­дың са­нында шек жоқ. Апта­ның жеті күні жел­кілдеп жиын-тойға жи­налып жат­қандардың өздері ауыр дерттен ет жақындарынан айыры­лып жатқаны­мен, сақтық шара­ларына құлақ ас­пай­тындарына қайран қаласың. Нұр-Сұлтан қалалық Бас мемле­кеттік санитар дәрігерінің қау­лысы бойынша, қала тұрғын­дары мен қо­нақтары карантин талаптарын қатаң орындауға мін­дет­телінген.

Миллиондаған теңге айыппұл да айыл жиғызбады

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында әкімдік өкілдері, полиция қызметкерлері кіретін 8 мониторинг тобы күн сайын 100-ден аса нысанға тексеріс жүргізіп, тәулігіне 10-20 жиынды тоқтатады. Соңғы екі күннің ішінде F16-Zeine кафесі, «Кибер Арена» компьютерлік клубы, Pingwin боулинг клубы, «Панаехали» бары, Plaza Di Astana салтанат сарайы, Inforno мейрамханасы, «Мята» лаундж-бары, Maktub шығыс кофе­ханасы, «Пар Хаус» саунасы, «Коле­со», «Чечил Паб» барлары, «Алания» кара­оке-мейрамханасы, «Текила» лаундж-бары, «Жеті Қазына» мейрамханасы, «Адлер» қонақ үйі, Chili Grill бары, LAVASH FOOD жылдам тамақтану орны мен «Самал» мейрамханасы қаулыға қарамай жұмысын істегені анықталды. «Биыл жыл басынан бері барлығы 1120 материал келіп түсті, оның ішінде 99 704 890 теңге сомасына 530 әкімшілік айыппұл қаралса, 59 800 115 теңге сомасына 418 айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді. Сондай-ақ үйде оқшау­лауды сақтау шарттарын бұзғаны үшін 13 жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, 568 815 теңге айыппұл төледі. Бүгінге дейін барлығы 791 жеке, заңды тұлғаға СЭБ аудандық басқармалары 160 808 530 теңге айыппұл салды», – дейді қалалық СЭБ мамандары.

Блогерлер кеші тоқтатылды

Жексенбі күні елордадағы мониторинг тобы екі айдан бері жалаулатқан блогерлер мен тиктокерлердің «ғаламат» кешін бол­дыр­май тастады. DAB продакшн ком­пания­сының директоры Дамир Арусов ұйымдастырған кешке бас-аяғы шамамен 200-ден аса адам жиналған. ECHO мей­рамханасында өтуі тиіс болған кешті жиналғандар бақандай бес сағат бойы күтті. Ал осы бес сағаттың ішінде ығы-жығы халықтың арасында ауру белгісі бар адамды айыру қиын. Сорақысы сол мониторинг тобы өкілдері екі күн бойы бақылауға алғанымен, карантин талап­тарын сақтауға бұл мейрамхана ие­лері құлықсыздық танытқан. «Сенбі күні Алматы ауданы бойынша 14 бизнес обьектісі карантин талаптарын бұзды. Бір тәулікте ауданда 6 тойхана иесі карантин талаптарын қаперіне ілмей, құдалық, тұсаукесер, үйлену той, туған күн кештерін ұйымдастырған. Қазір тойлардың көбісі күндізгі уақытта ұйымдастырылады. Адам саны орташа алғанда 50, ары кетсе 150 адамға дейін барады. Халықтың өзі тойға барудың дұрыс емесін, жақындарына індет жұқтыру қаупі көп екенін түсініп қалды. Дегенмен есікті іштен құлыптап коттедждерде той жасау үрдіс алып кетті», – дейді Алматы ауданы әкімдігінің өкілі Бекарыс Алмағамбетов. Мониторинг тобы мүшесі ретінде блогерлердің кешін бол­дырмау үшін түскі екіден бері мейрамхана иелеріне түсіндіру жұмысын жүргізіп жүрген әкімдік өкілі қаулы барлығына ортақ екенін айтты. «Блогерлер жаңа қаулының күшіне енгенін білмедік деп ақталып жатыр. Соңғы қаулы осы айдың 14-і күні шыққан болатын. Ал концертті ұйымдастырушылар соңғы шыққан қау­лы­ға сәйкес, бас қосатын жерлердің бар­лығы сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейтіндерінен хабарсыз болған. Жаңа қаулы күшіне енбеген күннің өзінде тойлар мен концертті ұйымдастыру тоқтатылады. Себебі үлкен іс-шараларға бұрыннан шек­теу бар. Қазірдің өзінде 100-ден аса адам жиналған», – деді Бекарыс Бауыржанұлы.

Жоспар жасағанда эпиджағдайды ескермеген бе?

Концерттің бас ұйымдастырушысы Дамир Арусов СЭБ рұқсат етсе, концертті ашық алаңда өткізуге болатынын соңғы минуттарға дейін айтып, жиналғандарды сабырға шақырды. «Біздің концерт екі ай бұрын жоспарланған. Ал жаңа қаулы кеше ғана күшіне енген. Біз кешті ұйымдастырып жатқанда қала жасыл аймақта болды. Өкінішке қарай, қазір қала қызыл аймақта екен. Қаулы күшіне тез енеді деп ойлама­дық, карантин шаралары дүйсенбіден бастап күшіне енетін шығар деп сендік. Шынын айтсақ, дайын болмай қалдық. Алдыңғы қаулыда кешкі 11-ге дейін рұқсат етілген. Біз концертті ары кетсе екі сағатқа созып, кешкі 8-де аяқтауды жоспар­лағанбыз. Көрермендердің ақшасын концертті ұйымдастыруға жұмсап қойған едік. Енді қайтару қарастырылмайды. Өйткені карантин талаптары біткен кезде осы билеттерімен тегін кіргіземіз. Билетке шығындаған ақшалары күйіп кетпейтін­деріне кепілдік береміз. СЭБ-дан жауап келсе, жиналғандарға жағдайды түсіндіріп, кештің кейінге шегерілгенін айтамыз. Заңға қарсы шығатын ойымыз жоқ», – деді Дамир Арусов. Бес сағат бойы мейрамхана маңына жиналған қала тұрғындары мен қонақ­тарын түнгі 11-де полиция бөлімінің арна­йы жасағы әрең тарқатты. Ал ұйымдастыру­шылар мен ғимаратты жалға берген мей­рамхана иелеріне қандай жауапкершілік жүктелетіні 2-3 күннен кейін белгілі бо­ла­ды. Концерттің басталуын күткен көп­шіліктің арасында жастармен бірге алпысты алқымдағандар да жүр. Тіпті, арнайы осы концерт үшін Атыраудан ат арытып келген Жұмагүл есімді келіншек кіру билетінен бөлек жолақысының өзіне біраз ақша жұмсапты. Қалтасындағы қаржысына бола уайымдаған қонақтан «Ауру жұқтырып алуға қорықпайсыз ба?» деген сұрағымызға: «Танымал әншілер қатысатын болған соң күні бұрын билет сатып алып қойғанмын. Қаулыдан да ха­барым болды. Қателеспесем, жұма күні жаңа қаулы күшіне енгенін естідім. Бірақ ұйымдастырушылар күні бүгінге дейін болатынына сендірді. Кеше хабарласып сұрағанымда концерт міндетті түрде өтеді деді. Сондықтан келдім. Аурудан Алла сақ­та­сын», – деген жауап алдық. Бірақ сақтау үшін де сақтық шараларын қаперде ұстау керегіне бас ауыртқан жұртты көрмедік. Денсаулық сақтау министрі сәуірде тығылып той жасайтындарды табу арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылады деп еді. Сол кезде телефон желісі арқылы той­дың үстінен түсіруге арналған бағдар­лама ең алғаш болып Алматы облысында қолданысқа енгізіледі деген. Бір қызығы, той тойлаудан шаршамайтын тұрғындар­дың қатарында Алматы облысы көшті бастамаса, карантин талаптарын сақтап жүр­гені шамалы. Мәселен, Ұзынағаш ауылындағы мейрамханалардың жұмысы ковид басталғалы бір тоқтаған жоқ. Қуаныштың көп болғаны дұрыс, әрине. Бірақ қуаныштың соңы қазамен жалғасып кетпеу үшін той жасауды кейінге қалдырса дейсің.

Жадыра МҮСІЛІМ