Құрбан айт құтты болсын!
Құрбан айт құтты болсын!
267
оқылды
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті жамағат, қадірлі отандастар! Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қа­был болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік мен береке тілеймін. Бағзы заманнан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан халқы­мыз Құрбан айтты ерекше дайын­дықпен қарсы алады. Ұлық мей­рамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жа­қындау» деген ұғымды білді­реді. Бұл – шынайы ниет пен Ал­лаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректе­рі­ңізге ұялаған тақуалықтарың (шы­найы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтыл­ғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Қаржылай мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құр­бандық шалу – уəжіп, мұсылман­дық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да бол­са садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпба­лалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, ай­наласына шуағын түсіріп, шапа­ғатын тигізеді. Мұсылман қауы­мын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақ­сылық жасауға тырысайық. Әсі­ресе, әлемді шарпыған жұқпалы дерттен науқастанып, шипа тіле­ген жандарға көмектесіп, оларға дұға етіп қойғанымыз абзал. Алла Тағала еліміз бен жері­мізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Шалған құрбандық­та­рыңыз, берген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!  

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти