Карантиндегі Құрбан айт: сауаптан қағылмаймыз
Карантиндегі Құрбан айт: сауаптан қағылмаймыз
214
оқылды

Биыл мұсылмандар үшін қадірлі Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 20 шілдеге сәйкес келіп тұр. Әдеттегідей көпшілік Құдай разы­лығы жолында құрбан шалатыны белгілі. Дегенмен екінші жыл қатарынан құрбан шалу қашықтан, онлайн түрде өткізілгелі тұр. Індет­ке шалдыққандардың көп болуына байланысты жұрттың бас қосып, мерекені көпшілікпен атап өтуіне шектеу қойылды. Ал мереке қар­саңында мал бағасы шарықтап кет­пей ме?

Мал базарлар жабық

Қазір өңірлерде көпшілік адам жиы­лып, мал союға тыйым салынып жатыр. Себебі санитарлық талаптар бұзылуы бек мүмкін. Облыстардағы бас санитар дәрі­герлердің қаулысында аудандық әкім­діктер арнайы белгіленген орындарда мал союды ұйымдастыруға және өткізуге түбегейлі шектеу қойып жатыр. Бұл шектеу үлкен қалаларда да күшіне енді. Яғни, былтыр шектеу қандай болса, биыл да – сол. Айтпақшы, елімізде Құрбан айт күні мал базарлары жұмыс істемейтін болды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің шешімі – осы. Мамандар мерекені үйде атап өту керегін айтып отыр. Мешіт аумағына адам кірмейді. Ал құрбандықты онлайн шалу мүмкіндігі бар. Былтыр Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бұл жайтты ескерусіз қалдырмай, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тап­сырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылған болатын. Сайт арқылы қазақстандықтар ешқайда бармай, үйден шықпай құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. «Адамдар көп шоғырланатын орындарға бармай, үйде отырып-ақ біздің Qurban2021.kz деген веб-сайт арқылы тапсырыс беріп, қой бола ма, ірі қара мал бола ма, өзінің таңдаған малын таңдап, тапсырыс беріп, өзі үйден шықпай мұқтаж жандарға ет таратуларына мүмкіндік бар. Оның барлығын біздің мешіт қызметкерлері, ерікті азаматтар бар, тегін жүзеге асыра­ды», – дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы. Мұндай тыйым мен шектеу қазір ел аумағында өршіп тұрған індет жағдайына байланысты. Мереке кезінде айтшылауға да тыйым салынған. Бұл күнді үйде, отбасымен ғана атап өтуге рұқсат беріл­ген. Бірақ онлайн құрбандық адамдарды сауаптан қақпайды. Жағдайға бай­ланысты бейімделген жөн. Ал дінтанушы Қасым Абдусамат осы тұста бірнеше жайтты ескеру қажетін айтады. – Құрбан шалған адамның өзі сол істің басы-қасында жүргені абзал, сауабы мол. Бұл хадисте де айтылған. Бірақ міндетті емес. Оның үстіне қазіргідей індет кезінде міндеттелмейді. Құрбан шалу мүмкіндігін өзгеге өкілеттілік жүктеу арқылы тапсыруға болады. Яғни, қасапшыға өкілеттілік жүктеңіз. Қасапшыға сенбесеңіз, бейнеқоңырау арқылы бақылап отырыңыз. Менің білуімше, шетелдерде осы бейнеқоңырау арқылы құрбан шалу жақсы дамыған. Бәрі адамның жеке өзіне байланысты. «Онлайн екен, сауаптан құр қаламын» деудің қажеті жоқ. Бірақ тапсырыспен мал соятын қасапшылар бір нәрсені ескергені жөн. Төрт түліктің ішек-қарын секілді мүшелерін қажетсіз десе, далаға лақтырмай, жерге көму керек. Қоршаған ортаны ластап құрбан шалсаңыз, сауап деп тану екіталай. Алдыңғы жылдары да, былтыр да малдың қажетсіз деген жерін қоқысқа тастағандар көп кездесті. Бұрын ең болмағанда терісін сататын еді. Құр­бан­дық шалатын жерлерді ұйымдас­тырушылар осы қарапайым ережені ұмытпағаны абзал, – дейді ол.

Құн көтерілді ме?

Әуелі бір нәрсені айтайық. Шариғат бойынша зекет бере алатын адамға Құрбан айтта Алла разылығы үшін құрбандық шалу – уәжіп, яғни міндет. Ал зекет беру үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетуі шарт. Нисап мөлшері – 40 қой, 30 ірі қара, 5 түйе немесе 85 грамм алтын. Яғни, күнделікті қажеттілік пен қарыздан тыс жиналған мал-мүлік мөлшері осы көлемде болуы қажет. Биыл нарықтық бағамен 85 грамм алтынның құны 1 миллион 130 мың теңгеден асады деп бекітілді. Ал мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетпейтін адамдар да құрбан шала алады, алайда оларға бұл міндет емес. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі бір жасқа  толуы керек. Егер алты айлық болса, бір жасқа толған қой сияқты семіз, етті болуы шарт. Ал сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы қажет. Сондай-ақ құрбандыққа ақсақ-тоқсақ мал жарамайды. Енді мал құнына тоқталсақ. Ауылды жер болмаса, қаладағы ағайынның бәрі құрбан етер малын базардан алады. Айт кезінде төрт түлік бағасын себепсіз өсіріп жіберетін сауда­герлердің барын білеміз. Мысалы, 2019 жылы 30-40 мың теңге тұратын қойдың бағасы 2020 жылы «коронавирустан сақ­тануға қой еті пайдалы» деген қауесеттен соң 50-60 мың теңгеге шарықтағаны есте. Ал былтырғы Құрбан айтта бұл баға 70 мыңға дейін аспандады. Айтпақшы, биыл Құрбан айт кезінде бағаның тым шарық­тап кетпеуін діни басқарма қызметкерлері жіті қадағалайтын болды. Ол үшін шекті баға қойған. Ұсақ малды әрі кетсе  70 мың теңгеге, ірі қараны 420 мың теңгеге сатуға рұқсат берілген екен. Елордадағы «Шанхай» мал базарында құрбандыққа жарамды қойдың бағасы 50 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты – 70 мың теңге. Ал сиыр бағасы – 300 мың­нан 400 мың теңгеге дейін жетеді. Жо­ғарыда айтқан Qurban2021.kz сайты қазір жұмыс істеп тұр. Бұл портал арқылы құрбан шалуға ниетті азаматтар тапсырыс бере алады. Құрбан шалдыру үшін әркім өз өңірін таңдап, аты-жөні мен телефон нөмірін жазып, құрбандыққа шалынатын малды таңдауы қажет. Мал бағасы әр өңірде әртүрлі. Төлем тек онлайн қабылданады, ақшаны Kaspi Gold арқылы аударады. Осы сайттағы мал бағасына көз жүгіртсек, құрбандыққа жарамды ең арзан қой бағасы 60 мың (Жамбыл облысында) теңгеден басталып, 80 мың теңгеге (Ақмола облысында) жетеді екен. Ірі қараның бағасы 350 мыңнан 450 мың теңгеге дейін. Мал бағасына қасапшының еңбекақысы кіреді. Малды бөлшектеп сою, пакеттерге салып, мұқтаждарға жет­кізу – тегін. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті толығымен тек мұқтаж жандарға таратылады. Яғни, құрбан шалған адам етті өзіне ала алмай­ды. Қасапшыларға толығымен сенуге болатын тәрізді. Себебі әр қасапшы ПТР-тест тапсырады. Бұдан бөлек, 20 шілде таңғы сағат 07.00-де өңірлерде қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылмақ. Бірақ «қызыл аймақтағы» өңірлерде Айт нама­зы оқылмайды. Жергілікті бас санитар дәрігерлер қаулыға өзгеріс енгізе алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында бас санитар дәрігердің қаулысымен биыл мешіттерде Құрбан айт намазын оқуға тыйым салын­ды. Осылайша, екінші жыл қатарынан Құрбан айтты шектеу арқылы өткізбекпіз. Адам саулығы басты орында екені анық. Сол үшін тыйымға көнген адам сауаптан қағылады деуге болмайды.

Мадияр ТӨЛЕУ