2006 жыл тәуелсіздік тарихының тура бел ортасы болатын. Ел егемендігіне 15 жыл толған кезеңді Елбасының өз сөзімен айтсақ: «өркенді де өршіл даму үстінде» қарсы алды. Бұл уақыт Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісіндей – мемлекетіміздің ішкі әлеуеті артып қана қоймай, халықаралық аренадағы беделі де жоғарылай түскен жыл болды.
Ұлықтаумен басталған жыл
Жыл басында Астанадағы Ақорда резиденциясында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. 11 қаңтар күні өткен инаугурацияға әлемнің 70-тен аса елінен өкіл келіп қатысты. 2005 жылғы 4 желтоқсанда болған Президент сайлауы – ХХІ ғасыр басындағы еліміздің ішкі саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Бұл ретімен санағанда үшінші, ал Конституция қабылданғаннан кейінгі екінші бүкілхалықтық сайлау еді. Сайлау тізімдеріне тіркелген 8,8 миллион сайлаушының шамамен 6,8 миллионы дауыс беруге қатысты. Солардың ішінде биліктегі Президентке дауыс бергендер саны 6,1 миллион адамды, яғни 91,2 % құрады. Сайлау қорытындысы халық сенімінің айқын көрінісі еді. Осы жиында Елбасы алдағы онжылдықта Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосу туралы мақсатын жария етті. «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауым 2006 жылы реформаларға тың серпін берді. Онда мен негізгі күшті халықаралық маңыздағы «серпінді» жобаларды жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту, аймақтық және халықаралық экономикалық бірлестіктер жұмысына белсене қатысу арқылы халықаралық экономикаға кірігу, көлік инфрақұрылымын дамыту секілді маңызды бағыттарға жұмылдыруды ұсынған болатынмын. Осы стратегия шеңберінде мемлекет бизнеске мықтап қолдау көрсете бастаған маңызды сектор анықталды. Олардың ішінде құрылыс, шағын бизнесті несиелеу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты салалар бар. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен шамамен 550 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын серпінді жобаларға айрықша маңыз беру міндеттелді. Енді біз экспортқа шығарылатын дайын өнімдер жасауға негізделген өндірістер ашуға және дамытуға сенім артуымыз қажет, сондықтан Үкіметке ұлттық тауарлардың бәсекеге қабілетін қолдаудың нақты бағдарламасын түзіп, қабылдау тапсырылды. Осылайша, бәсекеге қабілетті арттыру тренді іске қосылды» деп еске алады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.Жаңарған Әнұран – жаңғырған рух
Шежірелі жылдың шеру бастаған жаңалығы – қаңтар айында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданғаны. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Назарбаев. Осы атаулы жылы жаңа Әнұранның қабылданғанында символдық мән бар еді. Бұл жылы Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толған болатын. 1986 жылы тоталитарлық режимге қарсы тұрып, әр елді өз ұлтының өкілі басқарсын деп алаңға шыққан «азаттықтың алғашқы қарлығаштары» – желтоқсаншылар қақаған аяз, үскірік желге қарамастан, осы әнді шырқап, тәуелсіздікті аңсаған қазақ рухын маздатып жіберген болатын.Бел ортадағы бәсекеге қабілет
Швейцарияның Давос қаласында жыл сайын өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша 2004 жылдан бастап Жаһандық бәсекеге қабілет индексі (GCI) жариялана бастаған еді. Әлем елдерінің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін негізге алып, оның рейтингін бағалайтын бұл индексте осы жылы Швейцария көш бастап тұрды. Одан кейінгі орында Финляндия, Швеция, Дания, Сингапур, АҚШ орын тепкен болатын. Осы 2005-2006 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстан 125 елдің ішінде 56-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, ТМД-ның барлық мемлекеттерінен озық келе жатқанын айғақтады. Өйткені Ресейдің өзі осы тізімде 62-орынға орнықты. Әзербайжан – 64, Украина – 78, Тәжікстан – 96, Қырғызстан 107-орынға тұрақтады. Мұның бәрі тәуелсіздік тудырған сындарлы реформалар мен ұлттық жаңғырудың жемісі еді. Елбасының «Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енеміз» деп ұран тастағаны да халықаралық рейтингтік агенттіктерде еліміздің аты атала бастаған осы кезең болатын. Сол жылы 125 елдің қатарынан табылғанымыз, тәуелсіздіктің бел ортасындағы мерейтойда ел мерейін асқақтата түсті. Бүгінде бұл индекс 141 елді қамтиды. Осы 15 жылда Қазақстан бәсекедегі бел ортаны берген емес.Ұлттық қорда 14 млрд доллар
2000 жылдардың басы ел дәулетін еселеген жыл болды. Әлемдік нарықтағы қолайлы конъюктура мен ішкі өндірістегі еңбек өнімділігі селбесе келе, жаңадан ашылған Ұлттық қорда шоғырланған қаражат көлемі күрт артты. Мәселен, 2004 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард доллар болса, 2005 жылы 8 миллиардқа, ал 2006 жылы 14 миллиардқа жетті. 2007 жылы бұл сома 21 миллиард АҚШ долларын құрағанын мақтанышпен айта кеткен абзал. Ұлттық қордың дер кезінде құрылуы Қазақстан тарихындағы айтарлықтай елеулі шешім еді. Мәселен, 2007-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс салдарын еңсеруде қордағы қаржы аса маңызды рөл атқарды. Қордың негізгі қаржы көзі – шикізат секторы ұйымдарының жоспардан тыс кірісі. Қаржылай ахуалдың күрт жақсаруына байланысты әлеуметтік саясат та жаңа арнаға бұрылды. Статистика агенттігінің мәліметінше, 2006 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің жылдық өсімі 7,1%-ды құрады. Жыл соңында инфляциялық өсім 0,8%-ға жетті.АҚШ-қа сапар: геосаясат таразысында
Мемлекет басшысының шетелдерге ресми сапарлары қай елдің болмасын халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, оның халықаралық қауымдастыққа кірігу процесінде үлкен маңызға ие екені анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы АҚШ-қа ресми сапары осындай тарихқа бедер салған оқиға болды. Өйткені дәл осы жолы Нұрсұлтан Әбішұлы алыстағы АҚШ мемлекетіне ресми сапары кезінде әдеттегідей мемлекет басшылары орналасатын резиденциялардың бірінде емес, азуын айға білеген Америка президентінің әкесі үйінде қона жатып, қонақ болған болатын. Жаһандық геосаясаттағы гегемон елдің қазақ халқының басшысына іш тарта ерекше құрмет көрсетуінде ресмиліктен тыс риясыздық жатыр еді. Ал бұған дейін мұндай ерекше жоғары құрмет бұрынғы КСРО мемлекеттері басшыларының бірде-біріне көрсетілмеген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары еліміздің құрметін арттырып қана қоймай, Қазақстанның геосаясаттағы таразы басын тең ұстаудағы саясатына салмақ бітіріп, бір ширатып алды. Мәселен, сыртқы саясат сарапшылары осы АҚШ-қа стратегиялық сапардан соң, Қытай басшылығы да екі ел арасындағы байланысты стратегиялық деңгейге көтеруге бұрынғыдан да зор мүдде таныта бастағанын жиі айтады. Одан бөлек, Ресеймен әуелден келе жатқан мызғымас стратегиялық әріптестігіміз тағы бар. Бұл тарихи қозғау салған оқиғаны цифр да құптай түседі. 2006 жылдан соңғы ахуал бойынша Қазақстанға келген шетелдік инвестиция көлемі 100 миллиард доллардан асып түскен. Бұл стратегиялық ишараның жемісі ел тарихына саяси әл-қуатымен ғана емес, экономикалық қауқарымен де дем болып біткені анық. Сапар барысында 26-29 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ президенті Дж.Бушпен, АҚШ Конгресі палаталарының өкілдерімен, басты министрліктер мен ведомстволардың, ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен, көрнекті қоғам және діни қайраткерлерімен кездесуі өтті.Нұрлан ҚОСАЙ