Жаңа медициналық орталық пен зертхана ашылды
Жаңа медициналық орталық пен зертхана ашылды
214
оқылды

Қазір халық денсаулығының сапа­сын арт­тыру – негізгі мәселенің бірі. Бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруы­на айналып отырған коро­навирусты қоса алған­да, қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауру­лары да асқынып тұрғанын жасыруға болмайды. Сондықтан аймақтарда жұртты жиі мазалайтын қауіпті аурулар дер кезінде анықталып, емдеуге баса назар ауда­рылып, осы бағытта мемлекеттік және жеке­меншіктік әріп­тестік негізінде тиісті қадамдар жүзеге асырылуда.

Соның бір айғағы ретінде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ал­маты облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы мен «КДЛ ОЛИМП» ЖШС ком­паниясы және OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС арасындағы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік нәтижесінде Талдықорған қаласында ашылып, ха­лыққа қызмет көрсетуге кіріскен DiVera медициналық орталығы мен орталық­тандырылған медициналық зертханасын айтуға болады. Жетісулықтар үшін жағымды болған жаңалықтың іске асырылуына арналған рәсімге облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС бас директоры Ержан Сүлейменов, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің бас онколог-академик Диляра Қайдарова, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Өмірзақ ­Нияз­беков және тағы басқа да тұлғалар қатысты. медициналық орталық. Жобаның мақсаты – сапалы зертха­налық зерттеулерді жүзеге асыру арқылы сырқаттардың ауруларын дер кезінде анықтап, емдеу бойынша ха­лыққа сапалы медициналық қызмет көр­сету. Құны 720 миллион теңге болған жо­баның арқа­сында жылына 1,5 мил­лионнан астам зерттеу жасауға мүмкіндік туады. Медицина саласында мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті белсен­ділікпен енгізу мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталан­ды­рады және мемлекеттік емес ұйым­дармен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуді барынша кеңейтеді. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік медициналық сақтандыру шартына сай алғашқы медициналық-әлеуметтік көмекті қаржыландыру арқылы бәсекелестікті қалыптастырып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, сапасын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашады. Қазір еліміздегі онкологиялық аурулар ішінде сүт безінің қатерлі ісігі жалпы құрылымда 2-орында орналасса, әйелдердегі онкологиялық аурулар арасында 1-орында тұр. Облыс орта­лығында ашылған DiVera медициналық орталығы бірінші кезекте сүт безі қатерлі ісігін зерттеуге қатысты қыз­мет көрсетеді. Сонымен қатар гине­ко­логтің, педиатрдың, терапевтің және тағы басқа маман дәрігерлердің қабыл­дауын жүзеге асырады. Кез келген ау­руды алдын ала анықтау мен дер кезінде емдеудің тиімділігі айтпаса да түсінікті. Соған сай ең соңғы үлгідегі заманауи Fujifilm Amulet Innovality аппаратымен жабдықталған DiVera медициналық орталығы облыс пен Талдықорған қа­ласындағы сүт безі қатерлі ісігінің кешенді диагнос­ти­касын жүргізетін бірден-бір орталық.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы