Көзбояу тірлік көркем есепке жақсы
Көзбояу тірлік көркем есепке жақсы

Антимонополиялық орган Bazis-A, Bi-Holding және басқа алпауыт құрылыс компаниялардың тұрғын үй кешендеріндегі баспана бағасын төмен түсіруге кірісті. Агенттік біраз заңғар үйдегі шаршы метр құнын 90 мың теңгеге дейін арзандатқыза алғанын жетістік ретінде дәріптеп, насихаттап жатыр. Алайда халықтың риза­шылы­ғына емес, қатаң сынына ұшырады. Неге?

Бай байға құяды

Мәселенің мәнісін ұғыну үшін оның егжей-тегжейіне тоқтала кеткен жөн. Бә­секелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы баспана нарығындағы бәсеке­лестіктің ахуалына талдау жүргізген екен. Нәтижесінде, алып құрылыс компания­ларының өзара ымыраласып, келісімді баға белгілеп, нарықта жоғары бағаны жасанды ұстап тұрғаны әшкереленген. Демек, мемлекеттің олардан бағасын төмендетуін талап етуі заңды әрі қажетті шара. «Бірақ теңдік пен бәсеке­лестікті сұрауы тиіс ведомство оны қанш­алықты пәрменді жүзеге асыра алды?» деген сауал туады. Біріншіден, антимонополистің тала­бына әзірге екі ірі салушы ғана мойынсұнып отыр.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау қорытындысында бірқатар компа­ния­ның, соның ішінде Bazis-A, Bi-Holding холдингтерінің, РАМС-Қазақстан компа­ниясының іс-әрекеттерінде тұрғын үй бағаларын келісіп белгілеу және бағаны жоғары ұстап тұру белгілері анықталды. Осы компаниялардың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгі­лерін жою және бастапқы баспана бағасын төмендету қажеті туралы хабарламалар жіберілді. Бүгінде Bazis-A мен РАМС-Қазақстан төл жаңа құрылыстарындағы бағаны төмендету бойынша монополияға қарсы ведом­ствоның талаптарын орын­дады», – деп мәлім етті агенттік.
Екіншіден, кейбір ТК-да шаршы метр құны 90 мың теңгеге арзан­датылғанымен, ол бәрібір бұқара үшін қолжетімсіз болып қала бермек. Атап айтқанда, РАМС-Қазақстан ком­паниялар тобы монополияға қарсы орган­ның талаптарына бағынып, Алматы­дағы бірқатар тұрғын үй кешенінің бағасын 15%-ға немесе орта есеппен 90 мың теңгеге дейін төмендетіпті. Әйткенмен бағасы бәрібір «удай». Тарата айтсақ, «Ламия» ТК-сында әр шаршы метр құнын бұрынғы 545 мыңнан енді 463 мыңға дейін, Forum Residence-те 571 мыңнан 485 мыңға дейін, «Ортауда» 601 мыңнан 511 мыңға дейін, «Номадта»  492 мыңнан 418 мыңға дейін, «Номад 2»-де – 460 мыңнан 391 мыңға дейін, «Навои 3.0»-де – 453 мыңнан 385 мыңға дейін, ал Rams city-де – 528 мыңнан 448 мыңға дейін арзандатқан. Нәтижесінде, антимонополистер баға­ны түсірткізгеннің өзінде, бұл ТК-ларда 2 бөлмелі, 70 ш.м. көлеміндегі шағындау баспана сатып алушыға орта есеппен 31,5 миллион теңгеге түспек. Бұл 2 бөлмелісі ғана! Қатардағы қазақстандық көпбалалы отбасылардың басым көпшілігі үш-төрт бөлмелі пәтерге де сонша қаражат таба ал­майтыны жасырын емес. Содан болса керек, бай-бақуаттылар­дың осы ТК-лардан баспана алуда қомақты ақша үнемдейтініне қоса қуанудан былай­ғы жұрт бас тартты.

Бағаны төмендеткен сыңай ғана танытты

Үшіншіден, еліміздің екі ірі мега­полисін ен жайлап, ең сүбелі, майшелпек құрылыс алаңдарын иеленген, мемлекеттен қолдау, салықтық жеңілдіктер мен артық­шылық-привилегиялар көріп жүрген бел­гілі құры­лыс холдингінің баға төмендетуі көзбояуға көбірек ұқсайды.
«Bazis-A компаниясы Алматы қаласын­дағы тұрғын үй кешендерінде 1 шаршы ме­трі­нің бағасын 20 мың теңгеге дейін тө­мендетті. Нақтылай кетсек, «Акварель» тұр­ғын үй кешеніндегі ш.м. бағасы бұған дейінгі 425 мыңнан 410 мыңға дейін, «JAZZ-кварталда» 475-449 мыңнан 460-434 мыңға дейін, «Легендада» 650 мыңнан 630 мыңға дейін, Rivera-да 555-483 мыңнан 540-468 мыңға дейін, «Алмалыда» 347 мыңнан 338 мыңға дейін, «Ремизовкада» 605 мыңнан 585 мыңға дейін арзан­датыл­ды», – деп шат­та­на жеткізді анти­монополиялық агенттік.
Айта кету керек, мысалы, Bazis-A «ерек­­ше орам», «көне Алматының жүрегі» деп жарнамалап жатқан Legenda ТК-інде 62 шаршы метрлік қана, 2 бөлмелі пәтер 39 миллион теңге тұрады.
«Монополистермен күресетін құзырлы органның аса қымбат үйлерге баса назар аударғанын, соның бағасын түсіруге күш жұмсағанын құптамаймын! Бұл елге қа­жетті, нәтижелі жұмыстан гөрі хайпқа көбі­рек ұқсайды. Осылайша, шенеуніктер бюд­­жет есебінен төленетін жұмыс сағат­тарын шылқыған бай адамдарға жағдай жа­сау үшін шығындағаны өкінішті» – деп ішкі қыжылын білдірді алматылық Руслан Боранбай. 
Агенттік болса, өз талабын құрылыс алыптары 30 күн ішінде орындауға міндетті еке­нін жариялады. Егер сән-салтанатты нысанындағы шаршы метрлерін арзан­датпаса, құзырлы орган қудаламақ ниетте.
«Хабарламаны орындамау монополияға қарсы тергеу жүргізуге негіз болады. Бұған дейін монополияға қарсы органның талабы бойынша Шымкент, Қарағанды, Өс­кемен және Қостанай қалаларында құры­лыс салушылар бағаларды орта есеп­пен 15-20%-ға төмендетті. Мысалы, Шым­кентте Dostyk Invest Group ЖШС бас­па­наның әр шаршы метрінің құнын 330 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін, «Отау групп» ЖШС 300 мыңнан 270 мың теңгеге дейін, Қарағандыда PROF Invest ЖШС 300 мың теңгеден 279 мың теңгеге дейін, Өскеменде «Достар май» ЖШС тұрғын үй объектісінің жайлылығы мен қабатына байланысты 350 мың теңгеден 220-280 мың теңгеге дейін, ал Қостанайда «БК-Строй» ЖШС 245-230 мың теңгеге дейін төмен­детті», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Айтпақшы, Bi-Holding-тің баға түсір­гені туралы әзірге хабар жоқ.

Құрылыстың қымбаттауына не себеп?

Қынжылтатыны сол, баспана құны күн өт­кен сайын қарапайым халыққа қолже­тімсіз болып барады. Мысалы, әкімдіктерде үй кезегінде тұрған баспанасыздар «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасына кө­шірілгені мәлім. Мемлекет оларға «Отбасы банкі» арқылы 5 пайыздық жеңіл несие беріп жатыр. Дегенмен бағдарлама қатысу­шылары сол төмен мөлшерлемелі кредитке алуға арзандау пәтер таппай жатыр. Семей тұрғыны, мембағдарлама қа­тысу­шысы Гүлнәр Жұмағазиеваның жұ­байы мемлекеттік органдарда жұмыс іс­тейді, 2015 жылдан бері баспанаға мұқтаж отбасы ретінде үй кезегінде тұр.
«Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы ая­сында несиеге 3 бөлмелі пәтер алу жөніндегі өтінішіміз мақұлданды. 2020 жылғы желтоқ­санда барлық құжаттарды өткізіп, растау хат алғанбыз. «Шаңырақ» бойынша пәтер сатып алуға 6 ай ғана мерзім беріледі. Содан жыл басынан бері шабылып, бүкіл қаланы аралап, шарқ ұрсақ та, дайын, іске қосылған, бағасы қолайлы сомадағы бастапқы үйді таба алмадық. Маусым айында іздегенімізге қол жеткізгендей болғанбыз. Бірақ бұл кезде «Отбасы банкіндегі» мақұлдау мерзімі аяқ­та­лыпты. Яғни, пәтерді рәсімдеп үлгермедік. Енді бізге үй кезегіндегілердің тізімінен шығарып тастайтыны туралы хабарлап жа­тыр», – деп тұнжырайды ол.
Бұл отбасы он жылдан бері балиғатқа толмаған екі баласын ертіп, жалға берілетін үйлерді жағалап жүрген көрінеді. Отағасы да, отанасы да мемлекеттен тегін үй беруін талап етпейді. Жеңілдетілген несиеге бас­пана алуға көмек көрсетсе, соның құнын өзі-ақ көтермек. Әйтсе де, нарықта қол­жетімді баспана болмауы кесірінен ол мүмкіндіктен айырылып қалғалы тұр.
«Неге нарықта күрделі жағдай қалып­тас­қан кезде 6 ай мерзіммен шектеп таста­ғаны түсініксіз. Оны ұзартпайды екен. Әу баста жарты жылдың пәтер табуға жетпеуі мүмкін екенін айтып, қауіп білдіргенімізде «Отбасы банк» мамандары: «Үлгересіздер, оған алаңдаудың қажеті жоқ» деп сендірген. Бұлар білетін шығар дегенбіз. Енді мем­лекеттік қолдау дегені босқа жүйке жұқарту болып шықты», – дейді бағдарлама қатысу­шысы. 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы баспана бағасына кері ықпал етуде деген тұжырым айтады. Оның айтуынша, елде құрылыс материалдары қымбаттауының негізгі себептері – девальвация мен панде­мия көрінеді.
«Бұлар жеткізу және логистика бағасын арттырды. Рас, мұндай жағдай жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл әлемде қалып­тасып жатыр. Біз Бәсекелестікті қорғау агенттігі­мен бірлесіп, мониторинг жүргі­зіп, барлық өндіруші мен жеткізушіні баға бойынша ымыраласуға және спекуляцияға тексеріп жатырмыз. Егер бағаны негізсіз көтеру дерек­тері әш­кереленсе, тиісті антимоно­полия­лық шаралар қабыл­данады», – деді ИИДМ басшысы. 
Жылжымайтын мүлік саласына маман­данған ұлыбританиялық Knight Frank LLP агенттігі жақында әлемдегі баспана құнына талдау жасап, рейтинг түзді. Онда 2020 жылы Украинада тұрғын үй 8,4%-ға, Ре­сей­де 10,7%-ға арзандағаны айтылған. Пост­кеңестік өзге елдерде де төмендеу бай­қалады. Мысалы, көрші Өзбекстанда ел президенті Шавкат Мир­зиёевтің тапсыр­ма­сына сәйкес, барлық облыс пен аудандардың хокимдері бас­пананың 1 шаршы метрінің ең жоғары межесін 4 миллион сум (161 мың теңге) көлемінде бекітті. Қырғыз Респуб­ликасын­да панде­мия және халық тұрмысы­ның нашарлауы аясында жылжымайтын мүлік нарығын­дағы баға биыл 20–30%-ға құл­дырайды деп болжанып отыр. Ал Қазақстанда жыл өткен сайын тек тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде жаңа тұрғын үйлердің сату бағасы 2013 жылы 9,6%-ға, 2014 жылы 11,5%-ға, 2015 жылы 15,8%-ға көтерілген. Тек 2016 жылы -3,6%-ға түсіпті. Ары қарай тек шарықтай берген: 2017 жылы 1,3%-ға, 2018 жылы 2,6%-ға, 2019 жылы 6,4%-ға, 2020 жылы 5%-ға, ал биылғы жартыжылдықта тағы 9,2%-ға өскен. Яғни, шаршы метр­лердің басқа шауып, төске өрлеуі жалғыз биыл емес. Тұрақты тенденцияға айналып барады.

Елдос СЕНБАЙ