Ұлы даланың ұландары Олимпиадада топ жара ма?
Ұлы даланың ұландары Олимпиадада топ жара ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
182
оқылды

Осы жолы 4 жылдықтың басты до­да­сының талабы мен тәртібі, сәні мен салтанаты басқа Олимпиада ойындарынан өзгеше. Ұйымдастыру­шы­лар­дың бұрын-соңды болма­ған ең инно­вациялық Олимпиада жасаймыз деген уәдесін былай қойғанның өзінде ко­рона­вирустың кесірінен көпте­ген шектеулер мен қатаң талаптар қойы­латыны түсінікті. «Тех­нологиялық алпауытқа» ай­налған мемлекеттің өз мүм­кін­дігін пайдаланып, инно­вация­лық Олимпиада өткізе алатынына ешкімнің күмәні болмаса керек. Әрі олар мұны не нәр­седе де аста-төкке жол бермейтін жапондық минимализммен шебер ұштастыра білетініне де шүбә жоқ. Тек со­ның бәрі қалың жұрттың қаты­суынсыз, көрерменнің на­зары мен қошеметінсіз өте­тіні ғана өкінішті.

Қазақстан спортшылары – Токиода

Қазақстаннан аттанған алғашқы деле­гация Күншығыс еліне 17 шілдеде келді. Оған дейін аптадан аса уақыт Алматыда карантинде болып, күнделікті ПТР-тест тапсырдық. Карантиннің қатаң талаптары Токиоға жеткен соң да толастамады. Әуедегі жеті сағаттық жолды артқа тастап, Жапония астанасына жергілікті уақытпен сағат 09.15-те (Нұр-Сұлтан уақыты 06.15) жеттік. То­кио­ға табанымыз тие салысымен әуежайда, Sotetsu Grand Freza қонақүйінде бірнеше рет ПТР-тест тапсырып, тағы үш күнге ка­ран­тинге жабылдық. Әри­не, мұның бар­лығы – өзіміз үшін, қо­ғам үшін және үлкен додада сын­ға түсетін спортшыларымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан қатаң талап пен тәртіпке бағынып, тіпті оған ептеп етіміз үйреніп те қалғандай. Токиодан шығысқа қарай 75 шақырым жердегі Нарита қаласын­да орналасқан «Нарита» халықара­лық әуежайының өзі құтты бір алып шаһардай. Мұнда әрбір адам қатаң бақылауда болады екен. Құжат­тарымызды тексеріп болғанша төрт сағаттан аса уақыт кетті. Бірақ бар­лығын бүге-шігесіне дейін түсін­діріп, баратын жеріңе соңына дейін апарып көмектесіп тұрған әуежей қызметкерлері мен волонтерлері жо­ғары деңгейде қызмет көрсетті. Қазақстаннан барған ақпарат құрал­дарының өкілдерін Жапония­да бірнеше жыл­дан бері тұратын Әбдіқадыр деген қандасымыз күтіп алды. Күншығыс елінде дәрігер болып қызмет ететін Әбдіқадыр ба­уы­ры­мыз бізбен бірге төрт сағат­тан аса әуежайда болып, тілмаш қызметін атқарды. Әуежайдағы толассыз тексерістен кейін, Sotetsu Grand Fresa Tokyo қонақүйіне біздерді өзі бастап барды.

Жапондардың «жолы ауыр ма?»

Қош, сонымен «Токио-2020»-ның басты ерекшеліктеріне тоқ­талмай тұрып, аз-кем шегініс жасап көрсек. Тарихқа үңілсек, Жапония­ның «жолы ауыр ма?» демесеңіз де, «не сыры бар екен?» деген сұрақты ерік­сіз қоясыз. Себебі осы елде өте­тін Олим­пиадаға әйтеуір бір кедергі шыға қалатыны бар. Осы жолы Токио-2020 додасы корона­вирустың кесірінен кейінге шегерілсе, Күн­шығыс елінің астанасына бұған дейін белгіленген үш Олимпиада да өз уақытында өтпеген. 1940 жылы Жапония бірден екі Олим­пиаданы өткізу құқын иеленіп еді. Сол жылы Токиода – жазғы және Саппорода – қысқы Олим­пиада өтуі керек-тұғын. Алайда осы аралықта Жапония мен Қытай арасында соғыс жүріп жатқандық­тан, Күншығыс елі соғыс қимыл­дарын жүргізуге күш керегін алға тартып, Олимпиаданы өткізуден бас тартты. Сосын 1964 жылы жазғы Олим­пиаданы өткізу құқығын Токио тағы жеңіп алды. Бірақ дүбірлі дода бұл жолы да белгіленген уақытында өтпеді. Басты себеп – ауа райы. Шілде-тамыз айларында Жапония­да аптап ыстық болады. Бұл спорт­шыларға қолайсыз­дық тудыруы мүмкін деген ұйғарыммен күзге ысырылды. Ал қыркүйек айында мұнда тайфунның маусымы бас­талады. Сол себепті ұйымдастыру­шылар Олимпиада ойындарын 10-24 қазан аралығында өткізуді жөн көрді. Жапония қысқы Олим­пиаданы 1972 жылы араға 32 жыл салып, Саппоро қаласында өткізді.

Бағдарламадағы жаңа спортта да бақ сынаймыз

Қазақстан тұңғыш рет Олим­пиада бағ­дар­ламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Жай қатысып қана қоймай, Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев, әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева секілді әлемде көш­басшы қатарында жүрген каратэ­шілерге сенім артып отыр. Құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин де осал емес. Бағы мен бабы қатар шапса, алар асуы жоғары болары сөзсіз. Токиода жеңіл атлет Ольга Рыпа­кова олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода – Ольганың спорт мансабын­дағы төртінші Олимпиада. Бүгінде Ольганың қоржынында Олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстан­дық жалғыз құрама болып отыр. Олар ойын­ға сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды. Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз сал­мақ бойынша қатысады. Бұлардың қата­рына қыздар арасында жалғыз жолдамаға ие болған Надежда Рябецті  қо­сыңыз. Со­ны­мен, ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшылардың еншісінде. Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдама алып, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Кезінде жерлесіміз Ернар Ерімбетов жалғыз дүбірлі додаға қатысып, тәуір нәтижеге қол жеткізгенін көрдік. Миладқа Ернар ағасы­нан асып түсіп, Олимпиаданың биік мін­берінен көрінсе деген тілек білдіреміз. Сондай-ақ жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі. Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық кво­таны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді. 2004 жылы өткен Афина Олим­пиада­сы­нан кейін араға 17 жыл салып, Қазақстанның үш вело­шабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценконың қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлы­ғының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Сондай-ақ тректегі вело­спорт (спринт, омниум және кейрин) бойын­ша жерлестеріміз үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақ­стан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі осы уақытқа дейін қазақ­стандық спортшылар аталған вело­спорт түрі бойынша Олимпиада ойындарына қатыспаған. Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақ­шысы Олимпиадада командалық жарыста бақ сынайды. Бүгінде 11 жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы шамада лицен­зия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдо­шылар алты жолдаманы иеленді. То­кио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі, Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері Елдос Сметов те бар. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының енші­сін­де қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бо­йынша спортшылар екі лицензия алды. Алғашқы рейспен Токиоға кара­тэ­шілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсер­лесу командасы, ауыр атлеттер мен боксшы­лар, жүзу спортының, су добы спортының өкілдері, жеңіл атлеттер, вело­шабандоздар, стенд ату мен нысана көздеуден құрама командалар, сон­дай-ақ дзюдошылар келді. Қалған 43 спортшы 28 шілдеге жоспарланған екінші рейспен Жапонияға жолға шығады. Олардың қатарында бал­уан­дар, көркем гимнастика, әртіс­тік жүзу, бессайыс және жеңіл ат­леттердің бір бөлігі бар. Олимпиадаға келген спортшы­ларымыз­дың бабы нашар дей алмаймыз. Енді Алаш баласының бабына бағы қатар шапса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенім мол. Ал біз өз кезегінде елге ақжолтай cүйін­ші хабарды таратуға асықпыз.  

Ерке ЕРҚОҢЫР, арнайы Aiqyn газеті үшін