Ақтауда жатақхана ғимараты қирағанда қаза тапқан сотталушылар саны артты, - деп хабарлайды ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті. ҚАЖК мәліметі бойынша, Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 мекемесінде болған төтенше оқиға салдарынан 11 сотталушы зардап шеккені анықталды.
"Өкінішке қарай, алған жарақаттарынан 3 сотталушы оқиға орнында қаза болды. Медициналық көмек көрсету үшін қалған 8 адам ауруханаға жеткізілді, олардың төртеуі тексеруден кейін мекемеге қайтарылды, ауруханаға жатқызуға негіз жоқ. Қалған төрт зардап шегушінің жағдайын дәрігерлер бақылап отыр", - делінген ҚАЖК хабарламасында.Ауруханаға ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов барды. Зардап шеккендердің бірі ауыр халде, үшеуі түрлі орташа ауыр жарақат алған. Зардап шеккен сотталғандарға туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік беріледі.
"ҚАЖ комитеті қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Зардап шеккен сотталғандарға, сондай-ақ, қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі", - деді ҚАЖК өкілі.Маңғыстау облысының Полиция департаменті ҚР ҚК-ның 278-бабы 3-бөлігі ("Адамдардың өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс") бойынша соталды тергеуді бастады, тиісті сараптама тағайындалған. Сондай-ақ арнайы комиссия ҚАЖ-дың осы мекемесінің аумағындағы барлық ғимаратқа техникалық тексеру жүргізеді. Жағдай ІІМ басшылығының ерекше бақылауына алынған. ҚАЖ комитеті өкілдері 8 (7172) 72-30-40 (Нұр-Сұлтан), 8-776-677-80-77 нөмірлері бойынша сотталғандардың туыстары үшін тәулік бойы call-орталық ашылғанын хабарлады. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі 19 шілдеде сағат 17.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 мекемесінде сотталғандарға арналған жатақханалардың бірінің екіқабатты ғимараты ішінара қирағанын хабарлаған болатын.