Сайлауда дауыс беру міндетті ме?
Сайлауда дауыс беру міндетті ме?
Фото: astana-akshamy.kz
500
оқылды

Себебі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің  әкімдігіне үміткерлердің  сайлаушылармен тікелей өзара қарым-қатынас жасауға жол ашатын үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатқаны белгілі.

Демократиялық мемлекеттің белгісі мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға еркін дауыс беру арқылы қатысу мүмкіндігі азаматтардың құқығы ретінде анықталады, бірақ міндетті емес. Дегенмен, әлемдік сайлау жүйесінде азаматтық борыш ұстанымына сәйкес міндетті дауыс беру тұжырымдамасы бар, яғни кейбір елдердің Конституциясы мен сайлау заңдарында сайлауда дауыс беру  міндетті болып табылады.  Саяси тәжірибеге жүгінсек,  1892 жылы тиісті заңнаманы бірінші болып енгізген ел Бельгия болатын. Кейінірек Аргентина (1914) және Австралия (1924) осы бағытты ұстанды. Кейбір елдер мысалы, Венесуэла мен Нидерланды міндетті дауыс беруді енгізіп, кейін бас тартты. Бүгінгі таңда сайлауда міндетті дауыс беру әлемнің тек 23 мемлекетінде заңды түрде бекітілген. Жалпы міндетті дауыс берудің жақтаушылары неғұрлым сайлауға адамдар көп қатысса, билік соғұрлым легитимді болады деп сенеді, міндетті дауыс беру азаматтарды тәртіпке шақырып, жауапкершілік сезімін арттырып, ең бастысы,  абсентеизмді болдырмайды деп санайды. Абсентеизм (лат. absens, absentis қатыспаушы) сайлаушылардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауын айтамыз. Билік етіп отырған басқару түріне, саяси тәртіпке енжар наразылығы, өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда селқостық танытуы, саяси өмірге «менің ісім емес», «менің даусымнан ештеңе өзгермейді» деп немқұрайлықпен қарауы. Біздің елімізде де  абсентеизмді адамның еркін таңдау бостандығы деп қате түсінетіндер баршылық. Алдымен сайлауға бармаймыз, содан кейін билікке наразылық білдіреміз, яғни Ұлыбритания көшбасшысы Уинстон Черчилль айтқандай: «Нашар үкіметті дауыс беруге бармайтын жақсы адамдар  таңдайды». Міне, осы абсентеизммен күресу үшін кейбір елдер  міндетті дауыс беруді заңмен бекітіп, сайлауға қатыспаса айыппұл салу қарастырылған.  Сол мемлекеттердің біразына тоқталып өтсем;
  1. Грекия Конституциясының 51-бабында: «Дауыс беру құқығын жүзеге асыру міндетті болып табылады». Сайлауға келмеген сайлаушылар айыппұлмен жазаланады және 1 айдан 12 айға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бас бостандығынан айыру ешқашан іс жүзінде қолданылмаған. 2000 жылға дейін Грекияда әкімшілік санкциялар қолданылды, төлқұжат, жүргізуші куәлігі немесе жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігінен айырылу.
  2. Бельгия Конституциясының 62-бабы бекітеді: «Дауыс беру міндетті және құпия». Бірінші рет сайлауға себепсіз келмеудің жазалау айыппұлы 50 еуро және қайта болса айыппұл мөлшері 125 еуроға дейін көбейтіледі.  Егер төртінші рет қайталанса  азамат 15 жыл арасында 10 жылға азаматтық құқықтардан (сайлау құқығынан және мемлекеттік қызмет орналасу лауазымынан) айырылады.
  3. Люксембург Конституциясы сайлау құқығын бекітеді, заңға сәйкес сайлауға қатысу елдің барлық 18-ден 75 жасқа дейінгі азаматтары үшін міндетті болып табылады. 75 жастан асқан немесе шетелде тұратындар азаматтар пошта арқылы дауыс бере алады. Сайлауға қатыспаған азаматтарға 100-250 еуроға дейін айыппұл салынады.
  4. Пәкістанда сайлауға келмеген жағдайда ең жеңіл түрі 60 доллар көлемінде айыппұл салынады, ал ең ауыры 5 жылға дейін еңбекпен өтеу болып табылады.
  5. Аргентина Конституциясының 37-бабында: «Сайлау құқығы жалпыға бірдей, тең, міндетті болып табылады және жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады». Сайлау кодексінің 125-бабы дауыс беруге қатысудан бас тартқаны үшін 50-500 дейін аргентиналық песо (дауыс беруден бас тартқан сайлаушы 60 күн ішінде  өзін ақтайтын құжат әкеп өткізбесе) айыппұл қарастырылған.  Айыппұлдан басқа, құқық бұзушы сайлау күнінен бастап 3 жыл ішінде ешқандай мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Бір жыл ішінде айыппұл төлемеген құқық бұзушы федералды, провинциялық немесе муниципалдық мекемелер өтініш беру құқығынан айырылады.
Осылай абсентеизммен күресуде кейбір мемлекеттер міндетті дауыс беруді енгізу арқылы  айыппұлдар мен мемлекеттік қызметте болуға тыйым салу сияқты көптеген әдістер қолданады. Бас бостандығынан айыру сияқты шара дамыған елдерде қолданылмайды. Сонымен қатар, іс жүзінде міндетті дауыс берудің біраз артықшылықтары бар, сайлауға қатысудың осындай тәртібі саяси партиялар үшін өте тиімді, яғни партиялар азаматтарды сайлауға тарту үшін ресурстарды көп мөлшерде жұмсау қажеттілігінен босатылады. Міндетті дауыс беруді қолдайтын тағы бір аргумент, кез-келген сайлау демократиялық мемлекеттің белгісі, ал демократия деген халық билігі яғни әрбір азамат билік институттарын құруға қатысуы қажет екенін ескерсек, бұның шығу тегі ежелгі дәуірден бастау алады, атап айтсақ Грекияда сайлауға қатысудан бас  тартқандарға қатал жаза қолданылған. Кейбір сарапшылар сайлауда міндетті дауыс беру демократия құндылықтары мен нормаларына қайшы келіп, сайлаушылардың дауыс беру бостандығын шектейді, адамдар өз құқықтары мен бостандықтарына қатысты шешімді  дербес анықтау керек деп есептейді. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибені ескере отырып, азаматтарды мәжбүрлі түрде сайлауға қатыстыру мынадай жағдайларға алып келеді: – жарамсыз және толтырылмаған бюллетендер саны міндетті дауыс беру тәртібі жоқ мемлекеттермен салыстырғанда өте көп, бұл мемлекет үшін шығын. – кандидаттарды ойланбай таңдау мүмкіндігі жоғары экономикасы артта қалған мемлекеттер міндетті дауыс беру жүйесі енгізілген жағдайда, жаңа сайлау жүйесінің жұмыс істеуі үшін шығындарын ақтай алмайды. – міндетті дауыс беру енгізген мемлекеттердің заңнамаларында әлі олқылықтар көп, мысалы, дауыс беруге тіркелуден бас тарту құқықбұзушылық болыр табылмайды, ал дауыс берудің өзі тіркеусіз өту мүмкін емес. Осындай міндетті дауыс берудің кемшіліктеріне байланысты әлі де әлемнің көптеген мемлекеттерінде дауыс беру міндет емес, әркімнің өз құқығы болып табылады. Біздің мемлекетімізде сайлау еркіндігі заң жүзінде бекітілген және әртүрлі қоғамдық көп пікірлер нәтижесі көрсеткендей қазақстандықтар сайлауда міндетті дауыс беруді қаламайды.  Жалпы Қазақстанда электоралдық қатысу деңгейi жоғары. Бiрақ бұл, біздің ойымызша, кеңестік заман сарқыншағымен байланысты. Қазақстан азаматтары әлі де болса тәуелділік мәдениетінен арыла алмай келеді. Екінші жағынан, электоралдық бәсекелестік деңгейі төмен болса, электоралдық қатысу деңгейі де, демократияландыру индексі де әлсіз болады. Қызықты жағдай: саяси бәсекелестік төмен болғанына қарамастан «саяси қатысу» жоғары. Әрине, бұл биліктің «қатысуынсыз» мүмкін емес. Қорытындылар болсақ, демократия өміршең болу үшін азаматтардың саяси белсенділігі мен саяси бәсекелестік ауадай қажет. Тарихи тәжiрибе демократияға өту барысында саяси бәсекелестiк саяси қатысудың негiзiн құраған жағдайда сәттi, ал, саяси қатысу саяси бәсекелестiктен басым болған жағдайда демократияға өтудiң сәтсiз болатындығын дәлелдеп отыр. Әрине, ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы трансформациялар демократияға өтудің саналуан жолдарын көрсетті. Бұған қарамастан, біз саяси бәсекелестік пен саяси қатысу сияқты демократияның маңызды сипаттарының кезектілігі (қатар немесе әртүрлi уақытта дамуы) мәселесiне ерекше көңіл аударуымыз керек. Сондықтан еліміздегі демократия тарихы келте болмас үшін ашық саяси бәсекелестік пен көптеген бәсекеге қабілетті партиялар, партияаралық бәсекелестік қажет. Алдағы сайлауда еліміздің азаматтары белсенділік танытып дұрыс таңдау жасайды деп сенемін!

Меруерт КЕНЖЕБАЙҚЫЗЫ, саясаттанушы